Ерлан БӘКІРОВ, облыстық балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқарма басшысы.
– Ерлан Әмірханұлы, қазіргі қоғам бала өміріне қатысты екі құндылыққа – сапалы білім мен қауіпсіздікке ерекше мән бере бастады. Осы тұрғыдан алғанда, жаңадан құрылған басқарманың қоғам алдындағы негізгі міндеті қандай?
– Бала мәселесінде басымдықтарды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Сапалы білім де, дұрыс тәрбие де, қауіпсіз орта да бір-бірімен өзара тығыз байланысты. Егер бала өзін қауіпсіз сезінбесе, оның қабілетін толық ашуы да, қоғамға бейімделуі де қиын. Сондықтан бүгінгі таңда бала құқығын қорғау әлеуметтік мәселе ғана емес, еліміздің орнықты дамуына тікелей әсер ететін сала деуге болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев балалардың құқығын қорғауды мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде айқындады. Соның нәтижесінде еліміздің барлық өңірінде Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқармалар құрылды. Бұған дейін барлық аймақта балалардың құқығын қорғайтын өңірлік өкілдер тағайындалған болатын. Басқарма қызметкерлерінің ерекше мәртебесі мен функциялары Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы заңда бекітілген. Басқарма негізгі 4 бағытта жұмыс атқарады. Олар – қорғаншылық және қамқоршылық, қылмыстық процестегі, оның ішінде зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларды, арнайы мектеп түлектерін, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған кәмелетке толмағандармен жұмысты үйлестіру және сүйемелдеу, психологиялық қолдау қызметін үйлестіру, балалар құқығын қамтамасыз ету және қорғау мәселелері.
– Таяуда Оқу-ағарту министрлігі барлық өңірдің басқарма басшыларын бір алаңға жинағанын білеміз. Онда қандай мәселелер көтерілді? Алдағы бағыт қандай болмақ?
– Бұл жиында балалардың құқығын қорғау мәселесіне кешенді көзқарас тұрғыдан қарау, мемлекеттік бағдарламаларды сапалы орындау және профилактикалық шараларды уақытылы ұйымдастыру мақсат болды. Буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, отбасымен жұмысты күшейту, өмірлік қиын жағдайдағы балаларды ерте анықтау, цифрлық қауіпсіздік, психологиялық қызметтің әлеуетін арттыру, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын жетілдіру мәселелері жан-жақты талқыланды.
– Бүгінде бала қауіпсіздігі тек отбасы мен мектептің мәселесі емес, тұтас қоғамның жауапкершілігіне айналды. Осындай жағдайда әр азаматтың ролі қандай болуы керек деп есептейсіз?
– Кез келген бала – ең алдымен мемлекеттің азаматы. Сондықтан оның қауіпсіздігіне бәріміз жауаптымыз. Әрине, баланың тәрбиесі мен қауіпсіздігі үшін бірінші кезекте ата-ана жауапты. Бірақ қазіргі жағдай көрсетіп отырғандай, бала құқығын қорғау тек бір отбасының немесе бір мемлекеттік органның мүмкіндігімен шектелмейді. Сіздің сауалыңызға орай «Бір баланы тәрбиелеу үшін бір ауыл керек» деген мазмұндағы тағылымды түсінік есіме түсіп отыр. Бүгінгі күні де осы қағида өзектілігін жоғалтқан жоқ. Өкінішке қарай кейде кейбір азаматтар «бұл басқа отбасының мәселесі» деп сырт айналып жатады. Ал дәл сондай үнсіздік кейде орны толмас жағдайларға әкеледі. Баланың құқығы бұзылғанын, оның өмірлік қиын жағдайға тап болғанын немесе қауіптің белгілерін байқаған кез келген азамат тиісті органдарға хабарлаудан тартынбауы керек.
Басқармаға әртүрлі органдардан және жеке азаматтардан кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау туралы түрлі хабарламалар түседі. Әр түскен хабарлама бойынша тиісті шаралар қабылданып, мәселені шешуге жұмыс жасаймыз. Мәселен, Қызылорда қалалық соты қала тұрғындарын тұрғын үйден шығару туралы шешім шығарған. Мәселені зерттеу барысында көрсетілген мекенжайда кәмелетке толмаған қорғаншылықтағы балалар бар екені анықталды. Осы орайда кәмелетке толмаған балалардың құқығы мен заңды мүдделерінің бұзылуы мүмкін тәуекелдері бағаланып, үйден шығару жөніндегі атқарушылық әрекеттердің кейінге қалдырылуына ықпал еттік. Тағы бір мысал, отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі 111 нөмірлі бірыңғай байланыс орталығына Қызылорда қаласының 11-сынып бітірушісі хабарласып, анасының ұрып-соғатынын, жұмыс істеуге мәжбүрлейтінін жеткізген. Тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілерін анықтау мақсатында жүргізілген тексеру қорытындысында бала анасынан оқшауланып, оған психологиялық қолдау көрсетілді. Анасы балаларды тәрбиелеу және оқыту жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Біздің мақсат – қиын жағдайға тап болған әр балаға қолдау көрсету және қауіптің алдын алу.
Жақында «тәуекел тобына» кіретін және суицидтік мінез-құлық белгілері байқалатын балаларға көмек беретін менторлармен кездесу өткіздік. Облыста мұндай жағдайдағы 148 бала бар. Олардың қазіргі ахуалына терең талдау жүргізе отырып, балалардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне қолдау көрсету, дұрыс бағыт-бағдар беру және өмірлік қиындықтарды еңсеруіне жәрдем беруді мақсат еттік. Сонымен бірге біз үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін де тиімді пайдалануды көздеп отырмыз. Өткен аптада азаматтық қоғам өкілдерімен кездесіп, ортақ мәселелерді талқыладық. Балалардың құқығын қорғау ісіне балалар омбудсмендерін де тартамыз.
– Қазір жаз мезгілі. Қауіп-қатерге тап болған бала немесе оған куә болған азамат қандай әрекет жасауы керек?
– Жаз мезгілі балалар үшін демалыс кезеңі болғанымен, дәл осы уақытта қауіп-қатер де көбейеді. Суға кету, жол-көлік оқиғалары, қараусыз қалу, терезеден құлау, интернет алаяқтары – өкінішке қарай мұның бәрі жылда кездесетін жағдайлар. Егер баланың өміріне нақты қауіп төніп тұрса, ең алдымен, 102 немесе 112 қызметіне хабарласу қажет. Сонымен қатар елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін 111 нөмірлі бірыңғай байланыс орталығы бар. Ол арқылы балалар да, ата-аналар да құқықтық және психологиялық көмек ала алады. Сонымен бірге басқармада сенім телефоны жұмыс істейді: 8(7242) 60-54-58. Біздің мақсат – бала қиын жағдайға түскеннен кейін емес, оған дейін көмек көрсету.
– Әлеуметтік желілерде өзіңіз бастаған басқарма қызметкерлерінің арнайы формамен түнгі рейдке шығып, көше мен нысандарды аралап жүргендеріңізді көреміз. Кейбір азаматтар рейдтік іс-шараларды тек бақылау ретінде қабылдайды. Рейдтің нақты тиімділігі қандай?
– Шын мәнінде рейдтің мақсаты – біреуді жазалау емес, баланы қорғау. Сол сияқты су айдындарындағы, ойын-сауық орындарындағы, сауда орталықтарындағы рейдтердің барлығы қайғылы жағдайлардың алдын алуға бағытталған. Біз үшін ең жақсы нәтиже – ешқандай төтенше жағдайдың болмауы. Басқарма ашылған уақыттан бері «Түнгі қаладағы балалар», «Заңсыз бала еңбегін қолданудың алдын алу», «Жасөспірім» сияқты рейд шаралары үнемі жүргізіліп келеді. Рейд барысында балалардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүрген, сағат 22.00-ден кейін кафелер мен компьютерлік клубтарда отырған, көлік жуу және басқа да орындарда келісімшартсыз жұмыс жасап жүрген жасөспірімдер анықталды.
Балалардың құқығын қорғау – жоғары жауапкершілікті талап ететін маңызды міндет. Осы бағыттағы жұмысты тиімді ұйымдастыруда ұжымның кәсібилігі және азаматтармен ашық қарым-қатынасы ерекше маңызға ие. Өзіңіз аңғарған бірыңғай киім үлгісі барлық мамандарымызға берілді. Бұл қадам балалармен, ата-аналармен және білім беру ұйымдарының өкілдерімен өткізілетін кездесулерде, профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру шараларында басқарма қызметкерлерімен тиімді байланыс орнатуға, сондай-ақ қызметтік этика мен ұжымдық мәдениетті нығайтуға бағытталған.
– Ерлан Әмірханұлы, жазғы уақытта лагерьлердің жұмысы қызады. Лагерьлерде қауіпсіздік талаптары шын мәнінде сақтала ма?
– Біз мүдделі мемлекеттік органдармен бірге облыс аумағындағы жазғы сауықтыру лагерьлеріне мониторинг жүргіздік. Жақында Қызылорда облысының сапаны қамтамасыз ету департаментімен бірге Жалағаш және Сырдария аудандарындағы лагерьлерге барып, балалармен жүздесіп, олардың тынығуын ұйымдастыру мәселесін көріп қайттым. Негізгі мақсат – балалардың демалысын ұйымдастыру жағдайларын зерделеу, санитариялық талаптардың, өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын, медициналық қызметтің ұйымдастырылуын және жалпы қауіпсіздік шараларының орындалуын бағалау.
– Жаз мезгілінде кейбір жасөспірімдер әртүрлі жұмысқа тартылады. Заңды еңбек пен заңсыз еңбекке тартудың айырмашылығы неде?
– Өзіңіз байқағандай, жазғы демалыс кезінде жасөспірімдердің еңбекке араласуға қызығушылығы артады. Алайда кез келген еңбек, ең алдымен, заң талаптарына сәйкес ұйымдастырылуы қажет. Еңбек кодексіне сәйкес кәмелетке толмағандарды жұмысқа қабылдаудың өз тәртібі бар. Мысалы, еңбек шарты жасалуы тиіс, жұмыс баланың денсаулығына зиян келтірмеуі керек және оның оқуына кедергі болмауы қажет. Сонымен қатар жасөспірімдерді ауыр, қауіпті немесе зиянды жұмыстарға тартуға заңмен тыйым салынған. Сондай-ақ балалардың түнгі уақытта жүруіне заңмен шектеу қойылған. Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы заңға сәйкес 18 жасқа толмаған балалар сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін заңды өкілінсіз тұрғынжайдан тыс жерде жүруге болмайды. Ал ойын-сауық орындарында (кафе, компьютерлік клуб, кинотеатр және басқа да осындай орындарда) 22:00-ден кейін ата-анасының немесе заңды өкілі еріп жүруі керек. Егер жұмыс беруші еңбек шартын жасамаса, белгіленген уақыттан артық жұмыс істетсе, қауіпті жұмысқа тартса немесе еңбек қауіпсіздігін сақтамаса, бұл баланың еңбек құқығының бұзылуы болып саналады. Мұндай әрекеттер үшін заңда жауапкершілік қарастырылған.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан:
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
Суретті түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ





