«Болашақ» бағдарламасының шәкіртақысы 10-15 пайызға артуы мүмкін

3

0

Фото: «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ

«Болашақ» бағдарламасы бойынша шәкіртақы мөлшері 10-15 пайызға артуы мүмкін. Бұл туралы Халықаралық бағдарламалар орталығы төрағасының орынбасары Абай Рахмет айтты. 

— Шәкіртақы 15 жылдан астам уақыттан бері көтерілген жоқ. Алайда, бүкіл әлемде инфляция артып келеді. Стипендиаттарымыздың кей жағдайда тіпті отбасынан да баратынын көріп жүрміз. Соған орай кей елдерде шәкіртақы жете бермейді, — деді ол Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.

Оның сөзіне қарағанда, болашақтықтардың шәкірақысын арттыру мәселесі пысықталып жатыр. Түбегейлі шешім келесі жылы шығып қалады.

— Шәкіртақысы елге және қалаға байланысты өзгеріп отырады. Мәселен, Нью-Йоркте ең жоғары, шамамен 2,2 мың доллар. Өзге штаттарда ол одан аздау. Нұсқалардың бірі ретінде грант санын қысқартып, үнемделген қаражатты шәкірақы мөлшерін арттыруға жұмсалуы мүмкін, — деді Абай Рахмет.

Бұған дейін де Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Болашақ» стипендиаттарының шәкіртақысын өсіруге қатысты пікір білдірген еді.