Аласармайтын асқарым

6

0

Сүлеймен патшаның сақинасында «бә­рі өткінші» деген жазу бар екен. Бірде қиналғанда ол саусағындағы са­қинаны шешіп алып, лақтырып жі­бере­ді. Домалап бара жатқан сақи­на­ның ішін­­де тағы бір жазу бар екенін бай­қай­ды. Сақинаны қайта алып қара­са, «бұл да өтеді» деген жазу екен.

Шынында өмір өткінші, сағат та, ай да, жыл да сынаптай зулап өте шығады, онымен бірге бақытты балдәурен ба­лалық шақ та, жалындаған жастық та, ақыл тоқ­татып, кемелденген  кезеңің де көзді ашып-жұмғанша өте шығарын адам сезбей де қалады екен ғой.

 Бірақ жақсының аты ұмытылмай­ды. Бұрынғылар «Талайлар өтті-ау жал­ған­нан, Көрген адам таңғалған» деп жиі айтып отыратын. Осы сөздерімен адам­гершіліктің айнасындай болған тұл­ға­ларды еске алған болар. Ғұмыр­намасын терең зерделеген са­йын ұлықтауға лайық, өмір жолы па­расатқа толы, өмірі өнеге, ісі үлгі адамдар бо­лады. Сондай жанның бірі – біздің аяулы әкеміз, Ұлы Отан соғысының ар­дагері, екі дәуірдің куәгері болған Кәрім Ахметұлы. Әкемізден айырыл­ғанымызға жиырма тоғыз жыл бо­лып­ты. «Уақыт – емші» деп өзімізді жұ­­батқанымызбен, жоғалтқан қимас, қымбат жанға деген жүректі сыздатқан сағынышқа сырғыған сағаттар да, зу­лаған күндер мен апталар да, тіпті  жыл­жыған жылдар да дауа бола алмай­тынын түсінеді екенсің. Бүгінде ер же­тіп, өз отбасымыздың иесі бо­лып, бала-шаға қызығын қызықтап отыр­сақ та әкеміздің асыл бейнесін, тау тұл­ғасын, мейірімді жүзі мен жылы сөзін са­ғынамыз.  «Таулар алыстаған сайын биік­тей түседі» демекші, ардақты әке­міз Кәрім Ах­мет­ұлы­ның тау тұлғасы бүгінде біздер үшін, ол кісіні білетін сыйлас жандар үшін биік әрі қадірлі.

Сырдария ауданы Киров атындағы кол­хозда Ахмет атамыз бен Балбосын ана­мыздың отбасында 1924 жылы 15 та­мызда Кәрім әкеміз дүниеге келген.

Бастауыш білім алғаннан кейін, кол­хозда еңбекке араласқан. 1941 жылы ел ба­сына күн туғанда майданға  азық-түлік дайындауға үлес қосып еңбек еткен. 1942 жылдың тамыз айында ара­сына 15 күн салып ағасы Абдрахман екеуі Сырдария аудандық әскери ко­мис­­сариаты арқылы елі мен жерін қор­ғау үшін адал да қастерлі борышын өтеу­ге аттанған. Әскери дайын­дықтан соң «Мак­сим» пулеметінің атқышы болды.

Кәрім әкем – 1942 жылдан 78-атқыш­тар дивизиясының 458-полкінде неміс фашис­терімен соғысқан жауынгер. Во­­ро­неж, Курск қалаларындағы соғыс қи­мылдарына катысып, қолынан жа­ра­қат алып, емделіп соғысқа қайта кіре­ді. Екінші рет алған жарақатына бай­ланысты 1944 жылдың шіл­де айын­да елге ора­лады. Мүгедектігіне қара­мастан Те­рең­өзек ауданындағы кол­хозда қажымай, тал­май еңбек етіп, қай­сар­лықтың үлгісін көрсеткен.

Еңбекке араласа жүріп майданнан ха­барсыз кеткен бауыры  Абдрахманды із­дестіріп «із-түссіз жоғалды» деген хабар ал­ғанымен, үмітін үзбей үнемі күтумен бол­ған.

1952 жылы Айсұлу Сағынбайқы­зымен отбасын құрды. Содан кейінгі  жылы Шымкент қаласындағы «Жоспар­лы есеп» мектебін аяқтап, колхоз бух­галтері маман­дығын алып шығады.  1955 жылы Ташкент қаласындағы Есеп-кредит техникумына оқуға түсіп, 1958 жылы оқуын аяқтаған соң Жала­ғаш ау­данындағы мемлекеттік банкте еңбек жолын бастайды. Қызмет атқара жүріп біліктілігін көрсетті. Соның ар­қасында бас­шылықтан  мақтау қа­ғаз­дарымен, «В.И.Ле­ниннің 100 жыл­ды­ғы» мерекелік меда­лімен  және  «Үздік банк қызметкері» төсбел­гісі­мен мара­пат­­талған. Одан бөлек, Ұлы Отан со­ғы­сы­ның үшінші топ мүгедегі Кәрім Ах­метов СССР Қарулы күштеріне 50, 60, 70 жыл, Ұлы Отан соғысының Же­ңісіне 30, 40, 50 жыл мерекелік медаль­дарымен, Ке­ңес Одағының маршалы Г.Жуковтың ме­далімен, «Адал еңбегі үшін» «Еңбек ар­дагері» медалімен ма­рапатталған және І дәрежелі «Отан со­ғысы» орденінің иегері.

1978 жылдан зейнетке шыққанша Жа­лағаш аудандық жол салу меке­ме­сінде есеп қызметкері болған. Ашық-жарқын мінезінің, қа­рым-қабі­ле­ті­нің, жұмысына деген жо­ғары жауап­кер­ші­лі­гінің арқасында өз орта­сында абы­ройға бөленген жан. Табиға­тынан көп­шіл, үл­кенге ізетті іні, кішіге қам­қор аға бола біл­ген жайсаң жанды көп­шілік те құр­мет­тейтін. Кәрім ақ­са­қал­дың мейірімі мен қол­дауына бө­ленген жандардың бірі – Жа­лағаш ауданының ардагері, зейнеткер На­ғима Байманқызы туыстықты ту етуді, кі­шіге қамқорлықтың үлгісін осы кісі­ден үй­ренгенін айтады.

– Кәрім ағай аудандағы банкке қа­тысты жұмыстардың барлығын өзі атқа­ратын. Мен 1970 жылдары банкте кешкі кассир бо­лып жұмысқа орна­ластым. Соғыста алған жарақатына бай­ланысты бір аяғын сылтып басатын. Тау тұлғалы азамат ешкімнен қа­лыс қалмай белсенді жұмыс жасады. Банк қызметкерлеріне арналған баспанада көрші тұрдық. Өте мейірімді, көпшіл, білмегеніңді айтып, дұрыс нәрсені үй­ретіп отыратын еді. Тоғыз баласын білім алуға, азамат болып қалыптасуға, ағайынмен тығыз қарым-қа­тынас жа­сауға баулитын. Өте ақкөңіл кісі бо­латын, өмір жолынан жиған-тергенін үл­гі етіп айналасындағылардың да жақ­сыға бейімделуіне себепкер болды, – дейді ар­дагер Нағима Байманқызы.

Кәрім Ахметұлы жұмыстан қолы қалт еткенде табиғатта саятшылық құр­ғанды жақ­сы көретін, тарихи кітап­тарды оқып, оны балаларына түсін­ді­руден жалықпайтын.

Бауырының дерегін денсаулығы сыр берген уақытта, яғни 1995 жылы  «Боз­­дақ­тар» кітабы арқылы білді. Онда Абд­рах­ман Ахметов 1944 жылы 16 қазанда Лит­ва республикасы Наумист­кий уезі, Мар­че деревнясында ерлікпен қаза тауып, ба­уырластар зиратына жер­ленгені хабар­ланған.

Кәрім әкеміз бен Айсұлу анамыз  9 бала дүниеге әкеліп, оларға тәлім-тәрбие беруде әкелік мейірімін төкті, ісімен де, сөзімен де перзенттеріне үлгі болды.

Әулеттің қамқоршысы, отбасының сая­лы бәйтерегі Кәрім Ахметұлы 1997 жылы 26 қаңтарда  жанына батқан нау­қастан кел­местің кемесіне мініп кете барды. Аяулы жанның  өмірі, еңбек жолы балалары үшін үлкен тарих, ке­йінгіге өмір бойы тау­сыл­майтын ру­хани азық қалдырды. «Адам ұр­пағымен мың жасайды» демекші, артында ба­ғып-қағып, ер жеткізген, әке өсиетін, тә­лім-тәрбиесін санасына сіңіріп, жү­ре­гіне сақтаған перзенттері барда Кә­рім Ахмет­ұлының да аты өшпейтіні анық.

Балым АХМЕТОВА.

Қызылорда қаласы