Атқа қонар азаматың көп болғай!

1354

0

Биыл Сыр өңірінен 1500-ге жуық жас әскерге аттанбақ. Қазір қабылдау бойынша көктемгі науқан жүріп жатыр. 700-ге жуығы осы мерзімде Отан алдындағы борышын өтейді. Қалғаны күзде шақырылады. Бүгінгі күнге дейін 300-ден астам қызылордалық жас республиканың әр жеріндегі әскери бөлімде қызметке кіріскен.


Иә, денсаулығы мықты, қосымша шыныққан, сауаты жеткілікті, моральдік-іскерлік қабілеті жоғары азаматтар өңірде жеткілікті. Олар ҚР Қарулы Күштері қатарына, ҚР ҰҚК Шекара қызметіне, ҚР ІІМ Ұлттық Ұланы мен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты бөлімдер және Мемлекеттік Күзет қызметінде борыштарын өтейді.


Сонымен 7 мамыр – Отан қорғаушы күні біз үшін несімен қадірлі? Бейбіт заманның тірегі болып тұрған қазақ әскерінің кешегі және бүгінгі болмысын тағы бір ой елегінен өткізсек игі.

Мерекенің маңызын айтсақ….

1992 жылдың 7 мамырында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жарлық шығарды. Жарлықта айтылғандай, сол кезгі ел аумағында орналасқан Қарулы Күштер барлық жабдығымен тәуелсіз елімізге тиесілі болып қалды. Бұл жерде Президент Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде Қарулы Күштерді басқаруды өз мойнына алса, сол жылы алғашқы Қорғаныс министрі болып, батыр, генерал-полковник Сағадат Нұрмағанбетов тағайындалған еді.
Жарлық бойынша үш штаб – жаяу әскер, әуе қорғанысы және әскери-теңіз күштерінің бас штабы бекітілді. Ал 2001 жылдан бастап Қазақстан Орталық, Оңтүстік, Батыс және Шығыс болып 4 әскери округке бөлінді.
Осы орайда әскерилердің имиджін көтеріп, материалдық тұрғыда демеу үшін мемлекет көп шаруа атқарды. Әскерилерге жасалатын қам­қорлық Тәуел­сіздік алған жыл­дарға қарағанда біраз іл­гері жылжыды.
Аталған Жарлықтың 7 ма­мырға дөп келіп, атаулы мереке ретінде қалыптасқанына да 30 жылға жуықтады. Келер жылы тура 30 жылдығын атап өтетін біздің әскерилер Тәуелсіз ел тұрғындарының еңсесін тіктеп, еркіндігін кеңейтіп, аянбай еңбек етуіне сеп болып отыр. Олардың күш-қуаты жылдан – жылға нығаюда. Сондықтан бұл күн, бұл мереке Көк бөрідей өжет ата-бабамыздың жауынгерлік дәстүрінің қайта жаңғырған күні десек те, қате айтпаспыз.


Жылдағы дәстүрмен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мерекеде кезекті тағайындалған әскери атақтар мен көзге түскен сарбаздарды марапаттайды. Оған қоса, мереке қарсаңында құттықтау рәсімдері жер-жерде өтетіні белгілі.

«Әскерге бармаған жігітке күйеуге тимейтін»

Кейде әзілге жүгініп жатамыз. Осы мерекеде кейбір қыз-келіншектер тарапынан «бұл әскерге барған жігіттердің мерекесі, саған не қатысы бар?» деп, Отан алдындағы борышын өтемеген жігіттерді тұқыртып та алатыны бар. Десе де, әзіл астарында шындықтың да қылаң беріп қалатыны жасырын емес.


Бұл бір жағынан әр отбасыны шағын мемлекет деп алсақ, соның басты қорғаушысы, шаңырақтың айбыны – ер-азаматтарға да тән мереке. Бұл күні Ұлы Отан соғысы мен еңбек майданында еңбек еткен асыл сүйекті қарттарымызды да үлгі етуге әбден болады.


– Бұрын шешелерімізден естіген мынадай сөз болды. «Әскерге бармаған жігітке күйеуге тиюді намыс көретінбіз. Талай қыз «ой, ол армияға бармапты ғой» деп мұрнын шүйіріп өтетін. Соны намыс көре ме, қатар өскен ұлдың барлығы үдере әскерге аттанатын. Бірлі-жарымы болмаса, мектеп бітірген ұлдардың 90 проценті екі не үшжылдық мерзімін өтеп келеді». Осылай дейтін. Бұл – кеңестік кезеңдегі жүйе. Әскерге барып жігіттігің сыналар уақытты сол заманның бойжеткендері де қатты бағалаған, – дейді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің тәрбие және идеологиялық, әскери пат­риот­тық жұмыстары бас­қармасының бастығы, подполковник Алмат Жақыпов.


Тәуелсіздіктен кейін бұл құрылым өзгерді. Алғаш тәй-тәй басқан республикада шекара шебін белгілеу, әскери құрылғыларды қайта жабдықтау жұмыстары бір­тіндеп іске асып жатты.


– Расымен, қазір де көп жігіттер әскерге баруға құл­шынып тұрады. Бірақ, бәрі бірдей жарай ма бұл қызметке? Қазір жас жігіттер арасында көз аурулары кездеседі. Сондай-ақ қан қысымымен ауыратындар жетерлік. Әсіресе, біздің облыста көп. Сондықтан әбден медициналық сараптамадан өт­кізіп, жарамды жігіттерді әс­керге жібереміз. Бұрынғы екі­жылдық мерзім 2006 жылы бір жылға ауысқанын білесіз. Осыдан бері әскерге сұранушылар көбейді. Бір жыл көзді ашып-жұмғанша өтеді емес пе?! – дейді Алмат Жақыпов.


Подполковниктің айтуынша, Тәуелсіздіктің алғашқы кезең­деріндей емес, қазіргі әскери бөлімдегі жағдай мүлде басқаша. Тамақтану жағы, маусымдық киім, жоспарлы іс-қимыл, бәрі дамыған. Бүгінде облыс бойынша колледж бітіретін жігіттерге де департамент тарапынан ұсыныс жасап жатқан көрінеді.


– Мысалы, олар үш жыл бойы бір колледжде, бір топта оқыды. Енді неге солар денсаулығы жарап тұрса, бір жерде, бір қалада, бір әскери бөлімде қызмет атқармасқа?! Қазір оқу орнындарында осындай әңгімелесу жүргізіп жатырмыз. Екіншіден, бұрынғы кезбен салыстырғанда әскери бөлімдегі жағдай мүлдем басқаша. Күнделікті тамақтану өте жақсы, жеміс-жидек, құнарлы дәрумендер беріледі. Маусымдық әскери форма, жаз бен қыс мезгілінен басқа, спорттық дайындыққа да бөлек киім бар. Мысалы, аяққа жеңіл красовка, футболка мен шорти киген сарбаз әскери нормативтерін жақсы орындай алады емес пе?! – дейді ол.


Қарын ашатын бір дүние бар. Алмат Жақыповтың айтуынша, бүгінгі жас буын әскерге баруды құжатты болумен шатастырады. «Әскери билетім бар, демек, мен жұмысқа тұрамын». Ал бұл жерде кейбір жігіттерімізде «Отанды сүю», «Азаматтық борышымды атқару» деген құндылық әсте көрінбейді.


– Әскери өмір жігіттің нағыз шыңдалуына жол ашады. Жай бір жыл уақыт өткізіп, құжат алу емес. Адами тұрғыдан кез келген қиын жағдайға дайындыққа үйретер орын бұл. Бүгінгі ата-аналар да, әскерге талаптанушылар да осыны түсінсе екен. Несін жасырайық, ұлды да, қызды да көп өбектеп кеткенбіз. Балабақшасына да, мектепке де машинамен тасимыз. Сәл жел тиіп ауырса, уайымдап, тіпті, өзіміз киіндіреміз, өзіміз жуындырамыз. Күнделікті байқаймын ғой, әскерге дайын баласының артынан жылап келетін ата-аналар да көп. Осыдан кейін болбыр жігіт пайда болмайды деп ойлайсыз ба?! – деп түйіндеді подполковник.


Бір қуанарлығы, кейінгі уақытта Қызылордадағы мектептерде жоғары кластағы «Алғашқы әскери дайындық» пәні жоғары деңгейде өте­тінге ұқсайды. Бұның да жас­өспірімдерге патриоттық тәрбие беруде үлесі бар.


Ал әскерилерге жеңілдік жайын сөз етсек, сарбаз бен олардың отбасына тегін ем жүргізетін әскери госпиталь бар. Көпшіліктің пікірінше, ондағы медициналық қызмет көрсету сапасы көп ауруханадан да жоғары. Тағы бір жеңілдік, өзге қалада келісім-шартпен әскери қызмет атқаратын сарбазға бас­пана ақысын мемлекет төлейді. Маусымдық киім екібастан. Мысалы, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына әскери отбасыдағы адам басына 50 мың теңгеден төлесе, Қызылорда не басқа облыстарда 23 мың теңгеден келеді екен. Ал тоқсан сайын не мерекелік сыйақы әрдайым беріліп тұратыны белгілі.

30 жылдың жемісі

Мақала басында айтқандай, келер жылы Қарулы Күштерге 30 жыл толады. Бұрынғымен салыстырсақ, қазір жастардың әскери борышын өтеуге деген құлшынысы артқан. Көктем мен күзгі шақыру кезінде 18-ден асқан жас жігіттердің қағазын құшақтап, жергілікті әскерге шақырту бөлімінде кезекте тұрғанын жиі байқап келеміз. Бұл қуантады. Сарбаз атанғандар бір жылдық борышын еркін атқарып жүр. Айтпақшы, ақшасын төлеп, азаматтық парызын бір айда өтеп жүргендер де бар. Ол да сапта тұрып, қару ұстауды үйренеді. Ал әскери бөлімде келісімшарт бойынша қызмет ететіндер көп.
Мамандардың пікірінше, әлем елдерінің қорғану тәсілдері, со­ғыстың алдын алу шарттары мүлдем өзгерген. Қазір басты міндет – қарақұрым әскер жию емес, озық техниканы меңгерген жүректі жауынгер дайындау.


30 жылға таяу уақытта айбынды армия құра білген Қазақ елінің әскері бұрынғыдан әлдеқайда әлді. Қару-жарақты, әскери техникаларды жаңартты, сапа артып, әлі де даму сатысын жоғары ұстап келеді. Әу бастағы божыраған тірлік біртіндеп түзелді. Шекарасы шегенделмеген, полицияның пәрмені, әскери күштің дәрмені жоқ уақыт артта қалды. Егемен болып, етек жиғалы қорғаныс саласындағы қауырт істің бәрі оңынан шешілді.


Шетелдік сарапшылар айтқан мына пікірге назар аудармасқа болмас. Қазақстан Қарулы Күштері қазіргі ТМД елдері арасында ең қуатты үштікке кіреді. Бұны Тәуелсіз елдің жетістігі демей көріңіз.

Ержан ҚОЖАС

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<