Жақында әлеуметтік желіден қызылордалық студенттің халықаралық бейнероликтер байқауының жүлдегері атанғанын білдік. Жеңімпаз Азамат Ибрагимовпен дереу тілдесуге асықтық. 5000-нан астам жас қатысқан сайыста дараланған Азамат Қырғызстан, Ресей, Беларусь елдерінің намысын қорғаған өрендердің де жұмысы тартымды болғанын айтады.
– Оқушылар мен студенттер арасында ұйымдастырылған халықаралық «Права человека нашими глазами» бейнероликтер байқауы қорытындысының тікелей көрсетілімі Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан жүргізілді. Қатысушылар өз еңбектерін БҰҰ Бас ассамблеясының 1948 жылы қабылданған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына арнады. Байқауда 10-22 жасқа дейінгі жастар өзара бақ сынады. Тікелей эфирде өткізілген ақтық мәреде келіп түскен 1475 бейнероликтің ішінен 35-і іріктелді. Жұмысымды Юрий Левитанскийдің «Әркім өзі үшін таңдау жасайды» өлеңіне негіздеген едім. Қазылар алқасының көңілінен шығыпты. Бас жүлде иегері деп менің аты-жөнімді хабарлағанда, ерекше қуанышқа бөлендім. Бұл – менің жетістіктерімнің бастауы, – дейді Азамат.
Ол Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің студенті, болашақ шетел тілдерінің мұғалімі. Құқық саласына қызығушылығы бар. Графикалық дизайнмен де айналысады, бос уақытында бейнероликтердің түр-түрін талғаммен дайындап шығарады.
– Адам құқықтары саласында, оның ішінде инклюзивті қоғам бағыты бойынша жұмыс істейтін жас ретінде маған бұл конкурс өте қызық әрі маңызды болды. Адам құқықтары өзектілігін ешқашан жоғалтпайды дегенге сенемін. Бұл – Қазақстан не Орталық Азияда ғана емес, бүкіл әлемде ең маңызды және өзекті тақырыптардың бірі. Сонымен қатар әрбір адам жан-жақты болуы тиіс деп есептеймін. Уақыт – бізге берілген сый. Оны бойдағы жалқаулықты жеңуге, өзімізді дамытуға, алға жетелеуге жұмсауымыз керек, – дейді және бір сөзінде ол.
Ал, конкурстың Қазақстандағы ұйымдастырушыларының бірі, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі сарапшысы Халида Әжіғұлова адам құқықтарын бастауыш сыныптардан үйрету керек деген пікірін алға тартады.
– Мұндай шығармашылық конкурстар қоғамға өте пайдалы. Бір жағынан, балалар шығармашылық арқылы адам құқықтарын зерттеу және зерделеу ісіне араласады, оның маңыздылығы жөнінде ойланады. Ал біз, ересектер, балалар мен жастардың еңбегі арқылы оларды не алаңдататынын көре аламыз. Биыл буллингке, тұрмыстық зомбылыққа, сөз және ар еркіндігін шектеуге дискриминацияға қарсы роликтер мықты шықты. Бұл жұмыстар балалардың қауіпсіз, инклюзивті, адамгершілікке толы және бәрі тең болатын қоғамда өмір сүргісі келетінін көрсетеді, – дейді Х.Әжіғұлова.
М.СНАДИН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<