Адамға тағзым етпеген тарихқа тағзым етпейді. Есімі республика, облыс жұртшылығына танымал, қоғам қайраткері Аманкелді Жұматаевтың ортамызда жүргені кеше ғана сияқты еді. Міне, дүниеден озғанына да бес жыл жылжып өте шығыпты. Бұл – Әбекеңмен біздің қоғамның кейде бір бағытында, кейде әр саласында, кейде жақын, кейде шалғай жүріп те бір-біріміздің туысқан-достықтың қасиетін шашпай-төкпей қатар жүрген жылдардың қыры мен сыры, бедері мен белеңі, азаматтың еңбегі мен орны туралы қысқаша ғана әңгіме.
Бір жылдай үлкендігі бар Әбекеңмен алғаш кездескенімізге бүгіндері 60 жыл болыпты. Қарап отырсақ, содан бергі уақыт шапқан аттай, атқан оқтай зу етіп өте шығыпты. Ол заманда оқуға түсу әр жастың өз міндетіне жататын. Топшыңды бекітіп, мына білім ұясына барамын десең, әке-шешең қарсылық жасамайтын. Таныс іздемейтін. Біреуге айту, жанама жетекке алу, сөлпитіп ертіп жүру жоқ еді. Арқа етің арша, борбай етің борша болып оқуға ілінсең, қатардан жырылып қалмау үшін тырысатынсың. Ол сенің міндетің саналатын. Оқымайтын қыңыр-қисық арамыздан ілуде біреу шығатын. Тіпті, «емге» табылмайтын. Курстас қыз-жігіттер бір-біріне бауырдай қымбат еді ғой. «Біріміз үшін бәріміз, бәріміз үшін біріміз» дейтін. Қамқормыз, бөліну, бөлектену атымен жоқ. Оқу бітірген соң, енді жұмысты қайдан табамын демейтінсің. Қолыңа жолдама береді. Кімнің баласы болсаң да, сол бойынша жолға жиналуың керек. Ол кезде шенді, шенеунік дегенді естімейміз. Бастықтың балалары деген болатын. Бірақ олар осы күнгідей дәріптелмейтін. Адасса, көппен бірге адасатын. Жолды да бірге табатын.
Сондай заманның жақсылығы болар, агробиология, химбиология мамандықтары бойынша оқу орнын аяқтап, өмір жолына жолдама алғанбыз. Мұндай уақыт кеңістігінде кімнің болса да тапқаны да, жеткені де көп. Бірақ, жоғалтқанымыз ше? Әсіресе, осындайда күні кеше ғана қасыңда жүріп, бүгін сағынышқа айналған достарың есіңе түседі. Бәрі де күні кеше сияқты еді…
Біздің жақын жуысып, сіңісе білісіп кетуіміз келеңді кезеңде басталды. Мен 16 жасымда Аралдың «Құланды» ауылынан, Әбекең 17 жасында Жаңақорғанның «Кеңес» елді мекенінен 1959 жылы Қызылорда пединститутына оқуға түсіп, күріш орағынан оралып, жататын үй іздеп жүріп алғаш рет көшеде кездесіп, Чулакская көшесі 17 үйдің бір бөлмесінде жатқан кездер үлкен жылылықпен еске түседі.
Осы бөлмеде кейін бір үйдің баласындай араласып қарым-қатынаста болған Арынтай, Қалаштан басталған, басқа да Жаңақорғандағы елге белгілі азаматтармен достығымыз, одан соң пәтерде Зинабдин үшеуіміздің студенттік жылдарда бірге тұрып, тамақ дайындау кезегі келгенде Әбекеңнің әркез «басы ауырып» қалатын кездері бір бөлек әңгіме. Сол жылдары қыс кезінде менде жоқ Әбекеңде бар Қосаман ағаның ескі құлақшыны мен Зейіл көкеміздің көне костюмін институтқа дейін, одан қайтарда бірімізді-біріміз күтіп тұрып кезектесіп киетін кездеріміз қандай рахат еді.
Студенттік алғашқы жылдары екі-үш күн мереке кездерінде Әбекеңнің ауылы – «Кеңеске» барып, Күлтай анамыздың берген қою айранына нан турап жеп, кейін қатынаған адамнан беріп жіберген Құландының қазысынан дәм татып, қуанышқа бөленген кездерді айтсаңызшы… Шынайы бауырмалдықтың белгісіндей. Аралдың Ақбасты жерінде мектеп қызметінде жүрген кезімде Әбекеңнің, артымнан мені іздеп барғанын ойлағанда: қазіргі өмірде сондай достықтың белгісін іздеп таба алмай қапа боласың.
Осы орайда, 1967 жылы Қызылорда қалалық Кеңес атқару комитетінен ауысып, Әбекеңнің бастауы, Болат Қарғабаевтың қоштауы, Абылай Айдосов ағамыздың қолдауымен алғаш облыстық комсомол, кейіндеу облыстық партия комитеттерінде Әбдіжәлел, Айдар, Шәмшидин, Ромсейіт, Әли, Исатай, Мұхан, Тұрғанбай, Қылышбек, Шәкизаттармен бірге қызмет атқарған жылдар да біздің ел алдында абыройлы азамат атануымызға үлкен сүрлеу жол салған сияқты.
Шүкіршілік… Бәріміз де лауазымды қызметтер атқарып, абырой биігінен көріне білдік те, әрқайсысымыз әр аудан, әр салада жұмыс атқарғандықтан, кездесулеріміз де сиректеу бола бастады… Сол кезде жазған болуым керек:
…Содан бері көп болды көріспедік
Барды-жоқты ортаға ап бөліспедік
Құландының қазысын тең бөліп жеп
Кеңестің бал айранын бөле ішпедік, деген өлең жолдары қағазға түсіпті.
Бертін келе мен биологтан эколог атансам, Әбекең биологтан баянист әрі әнші болған азамат. Ол – өнер. Өнер адамы қашан да көптің адамы, өнерге деген құштарлық қашан да адамдар ортасын аңсайды. Халық – кеңпейіл, халық – дархан, бірақ ол өзінің ең асыл қазынасы – сүйіспеншілігін көрінген көк аттыға орынсыз төгіп-шаша беретін дарақы да емес. Осы тұрғыда облыстың өнерсүйер қауымының Әбекеңе сүйіспеншілігі мерейі өскен ананың «сүйінерге жараған ұлына» деген сүйіспеншілігі-ау деп ойлаймын. Кезінде ол 15 жылдай облыстық мәдениет басқармасын басқарған жылдары өнер адамдары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын ынтымақшыл ұжымға айналды. Қазір қаумаласқан қалың нөкер шәкірттері, талай-талай саңлақ өнерпаз әріптестері бар. Осы жылдар ішінде жұртшылықтың айтуынша, бұл азамат өзінің әріптес, кәсіптес достарына да, көрші қауымға да өте сыйлы атаныпты. Қандай тәрбиелі өмір!
Оның өктемдікке ұласпайтын азаматтығы, дарақылыққа ұласпайтын дарқандығы, жайдақтыққа ұласпайтын жайдарлылығы, ынжықтыққа ұласпайтын нысаптылығы, қарабайырлыққа ұласпайтын қарапайымдылығы, қазақша айтқанда, тектілігі басым еді.
Елеңдеп қарайтын елгезектігімен ұнайтын адамның азаматтық өресі, өзінің азаматтық орнын, азаматтық парызын орындай біліп, үлкен азаматтық өреге көтеріліп, азаматтық жауапкершілігімен әділеттің басынан аттамай, қиянаттың аяғына жығылмауды Әбекең өмірінен көре білдік. Бұра сөйлеудің орнына тура сөйлеп, бүгіп сөйлеудің орнына біліп сөйлейтін. Ия, ол ортамызға қосылғанда асқардың өзі аласарып, ауырдың өзі жеңілденіп, асаудың өзі жуасып сала беретін қасиеті бар еді. Күлімсіреген көзінен далаға тән кеңдік пен мейірім төгілгендей, сөз саптасында ғана емес, көз тастасында да кемел ақыл, терең парасат тұнып тұратын.
Әбекеңнің осындай өмірі оның хас асыл мінезін көз алдыңызға көлеңкесіз елестетіп, көңіліңізге ұмытпастай етіп мәңгі ұялатумен бірге, қара жер басып жүрудің қасиеті мен қасіретін, мұраты мен мүддесін, уайымы мен үмітін тапжылтпай еске түсіріп, әр адамның келте өмірінің азаматтық мәні мен мақсатына терең үңілтіп, тебіренте ойлантады.
Ия, оның жанындай сүйген облыс халқына сіңірер еңбегі, тәуелсіз елінің көгеріп-көркеюіне қосар үлесі әлі де аса көп еді…
Өтіп жатыр зулап күн, шұбалып ай
Тұтылған күн дәл қазір шығатындай
Ауырып жатқан досың ес жиятындай
Қазір-қазір бар тілек болатындай…
Бұл дүние өтпейтіндей, бұл дәурен таусылмайтындай, ылғи етекті кеңге салып жүріп көбіміз кейінгі уақытта Әбеке, өзіңізбен шеріміз тарқағанша сырласа да алмай қалыппыз. Жаныңыз жаннатқа самғағанмен, сөзіңіз, ойыңыз, пікіріңіз ақ қағаздың бетінде, қара жердің үстінде қалды. Соларды өзіңіздей, көзіңіздей көріп, артыңда қалған: өміріңде талай-талай жеңіс туын желбіреткен Жеңіскүл бастаған ұл-қыз, іні, қарындас, келін, немерелеріңізбен өмір болса, әлі талай сырласармыз…
Қуанышқали ШАПШАҢОВ,
Қызылорда облысының
Құрметті қайраткері.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<