Мерейлі отбасы-2023: Жеңімпаздар марапатталды

1890

0

Жалағашта шаңырақтың шырайын кіргізіп, отбасылық құндылықтарды дәріптеген өнегелі жанұялар марапат биігінен көрінді. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысқан үлгілі отбасылардың қатары тағы да толықты. Осы күнге дейін байқауға 90-ға жуық отбасы өтінім беріп, оның 22-сі облыстық кезеңге жолдама алған. Бүгін Орталық алаңда ұлттық байқаудың аудандық жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті.

Ұлттық құндылықтар мен шаңырақтың береке-бірлігін насихаттайтын шарада аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы Есжанов «Біз – ата-анасын ардақтап, қариясын құрметтей білетін, отбасын Отанның тірегіне санайтын елдің ұрпағымыз. Бүгінгі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңінде белсенділік танытып, қатысқан әр отбасыға шынайы алғысымды айтамын. Баршаңызды бүгінгі мерейлі мерекемен тағы да құттықтай отырып, әр шаңыраққа шаттық, бақ-береке тілеймін», – деп жылы лебізін білдірді.

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аудандық іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша ақсулық Алдабергеновтер отбасы жүлделі ІІІ орын, Жалағаш кентінен қатысушы Ержановтар әулеті ІІ орын, жалағаштық Ералиевтер әулеті жүлделі І орынды иеленсе, жаңадариялық Тұрсынбековтер отбасы бас жүлдеге лайық деп танылды.

Аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы жеңімпаз атанған отбасыларға бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар табыстады.

Сондай-ақ, байқауға белсенді қатысып, ұлттық құндылық пен отбасы мерейін жоғарылату бағытындағы өнегесін көрсете білген отбасылар арнайы номинациялармен марапатталды. Атап айтқанда, Мырзабай ахун ауылынан Әлімбаевтар әулеті «Өнегелі отбасы», Еңбек ауылынан Өржановтар жанұясы «Ұлағатты отбасы», Бұқарбай батыр ауылынан Сайділдаевтар әулеті «Парасатты отбасы», мырзабайлық Осмахановтар жанұясы «Үлгілі отбасы», М.Шәменов ауылынан Ақмырзаевтар әулеті «Берекелі отбасы» номинацияларымен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Мерекелік шарада аудан өнерпаздары өнегелі отбасыларға құрметін әнмен жеткізді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<