Өлшеулі өміріңді өзің кеспе

541

0

Өткен жылдың соңына таяу ғаламтор бетінен мынадай бір ақпаратты көзіміз шалған еді. Америка Құрама Штатында өз-өзіне қол жұмсап, көпірден секірмек болған қызды құтқарып қалғаны үшін қазақстандық Ақжан Аңсағанов есімді азаматқа марапат табысталған.

Бұл жаңалықты қазақстандық журналист Т.Аманов өзінің Instagram парақшасында бөліскен. Іле-шала бірнеше отандық БАҚ арқылы да таратылды. Оқиға Гавайи штатының Гонолулу қаласында болған. Қаладағы көлік көп жүретін көпір үстінде бара жатып суицид жасауға әрекет жасаған қызды байқап қалған азамат еш ойланбастан оны құтқарып қалады. Бұл – Шығыс Қазақстан облысы Теректі ауылының тумасы Ақжан Аңсағанов есімді азамат болатын.

Оқиға туралы ол ешкімге айтпаса да Гонолулу қаласының мэрі Рик Бланджарди бұл жаңалықты естіп, қазақстандық жігітті іздеп тауып, марапат ұсынған. Қандай марапат дейсіз бе? Бейтаныс қыздың өмірін құтқарған қазақ жігітіне арнайы алғыс табыстап, сонымен қатар, дәл осы күнді Гонолулу қаласында Ақжан Аңсағанов күні деп жариялаған.

Адам өміріне деген осындай жауапкершіліктің нәтижесі болар, өзге елдермен салыстырғанда, АҚШ-та бүгінде суицид көрсеткіші төмен екен. Ал керісінше, Батыс Еуропа, Швецария, Австрия елдері суицид дерегі бойынша көш басында тұр.

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, суицид көрсеткіші бойынша Қазақстан Орталық Азия елдерінің арасында алғашқы бестіктен көрінген. Деректермен дәлел келтірсек, 2019 жылы 3805 адам өз-өзіне қол жұмсап, өмірмен қоштасқан болса, 2020 жылы 3526 жағдай тіркелген. Сонымен қатар,  сол бір жыл ішінде 5 мыңға жуық адам өз-өзіне қол жұмсауға әрекет жасаған. Кешегі карантин кезінде 114 жасөспірім суицидке әрекет жасап, оның 46-сы қайғылы жағдаймен аяқталған. Ал 2021 жылдың алғашқы үш айында елімізде 800-ден астам адам осы дерттің құрбаны болған.

«Азаттық рухы» сайтының ақпаратына сүйенсек, елімізде 2019 жылы – 3805, 2020 жылы – 3526, ал 2021 жылы – 3353 адам суицид жағдайында көз жұмған.  Өкініштісі,  оның  474-і 18 жасқа толмаған балалар екен.

Мамандардың зерттеуінше, суицидке бару әрекеттерінің бірнеше себебі бар. Олар – адамның қоғамнан ажырап, жалғыз қалуы, психикалық күйзеліс, отбасының қаржылық қиындықтарға душар болуы, жақын жандарын жоғалтып алуы, тағы басқа жағдайлар. Ал, жасөспірімдер үшін жедел өсу,  гормоналды өзгерістер, алғашқы сезім, іштей тұйықталу себептері қиындық туғызуы әбден мүмкін. Сондай-ақ, қазіргі таңда жастар арасында суицидтің өршуіне осы күні пайда болған кибербуллинг, яғни, әлеуметтік желілер арқылы ар-намысына тиюдің салдары  да айтарлықтай әсер еткенін мамандар растап отыр.

Тағы бір дерек, «Unicef» қоры мамандары 2017 жылы Қызылорда облысындағы 312 мектеп пен колледждегі 48754 жасөспіріммен әңгімелескен екен. Нәтижесінде, 2000-нан астам жасөспірімнің суицид жасауға бел байлағаны анықталған. Абырой болғанда, олар дер кезінде арнайы психолог мамандардың көмегіне жүгініп, өздерінің қате шешімдерінен бас тартқан.

Қазір барлық мектептерде психолог мамандар бар. Бұрын олар өз жоспарларына сәйкес баламен байланысып, мінез-құлқын бақылап, ішкі сырларын білуге тырысатын. Ал бүгінгі таңда олар тек ата-ананың келісімімен ғана баламен байланыс орнатады. Түсінгеніміз, бұл бала өмірі үшін ата-ананың жауапкершілігін арттыруға бағытталған шараның бірі сияқты.

Ал, 2020 жылғы 30 наурызда Үкіметтің арнайы қаулысымен  бала құқықтарын қорғауды   күшейту,   тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасында суицидтің көбеюі мәселелерін шешу жөніндегі 2020-2023 жылдарға арналған жол картасы қабылданды. Жол картасында балалар мен жасөспірімдердің лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету бағытында мектеп қабырғасынан бастап қоғамдық орындарда атқарылуы тиіс көптеген шаралар қамтылған.

Иә, бүгінгідей ақпараттың толассыз ағыны адам санасына ауыр салмақ салып отыр. Сондықтан бұл жағдайда әсіресе, балалардың қандай ақпаратпен сусындап жүргенін ата-ана қадағалап отырғаны жөн. Қандай жағдай болмасын, өміріңді өз еркіңмен қиып кету ерлікке жатпайды, керісінше, табандылық таныта алмағанның белгісі. Ата-бабамыз айтып өткендей, қамшының сабындай ғана қысқа өмірдің құнын білейік, адамзат!

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<