От басса да отбасын асырағандар

942

0

Журналистік жортуыл ғажап. Қала мен даланы аралай жүріп, сәтті мақала жазуға себі тиетін түрлі жағдай кездеспей қоймайды. Қызығы мен шыжығы,  жұртқа ойсалары мен өлмейтін тақырыбы да көп. Оны тек жалықпай іздеуің керек.

Айтпақшы, біздің облыс орталығында ЗК-169/5 деп аталатын мекеме бар. Сырт көзге аты-жөні түсініксіз көрінер. Бұл – бас бостандығынан айырылғандар отыратын орын. Аты да, заты да құлаққа суық естілетін, осының ішінде арнайы жұмыс көзі ұйымдастырылғанын естігенбіз. Барып көрмекке ниеттендік. Барып та үлгердік. Қабырғалы биік дуал мықтап шегенделген. Әрі оның үсті тікенек сым шиыршықтала оратылыпты. Бәлкім, оған электр тоғы жүргізілген болар деген ой да басымызды билеп үлгерді. Талай криминалды фильмдерде көргеніміз еске түскенін қалай жасырамыз?!

Қатал тексеріс бар мұнда. Сигнализация. Әр жерден өзіңе тесіле қараған қырағы бейнебақылау. Қойнымыздағы бар дүниені ауызғы тексерістен-ақ қалдырдық. Сықырлаған ауыр темір есіктердің бесеуінен өткен шығармыз. Әупірімдеп жүріп, арнайы құжатпен түрме ішіне ене бердік.

Тұтас өндіріс демей көріңіз…

Иә, мұнда сотталушылардың жұмыс істеп, жалақы алуға мүмкіндігі бар. Оны көзбен көрдік. Тіпті, тұтас бір өндіріс тұр мұнда. Әр бөлмеге орналасқан наубайхана, қолөнер, ағаш пен тігін цехы, тіпті дәнекерлеушілер де бар. Аяқ киім шеберханасы тұр. Жазды күні құрылысқа қажетті өнімдер (шлакоблок, пескоблок, т.б) шығаратын маусымдық шағын кәсіпорын да бізге кезікті.

– Жыл басына дейін 10, ал биылдан бастап тағы да 3 ай сынақ мерзімімен 10-нан астам сотталушыны жұмысқа қабылдадық. Бұл жердегі тек тігінге ебі барлар. Айлығы келісім бойынша болады. Сол арқылы кәсіп үйреніп жатқандар көп. Біз түрлі құрылыс не мұнай компанияларының тапсырысын орындаймыз. Мысалы, осы цехта арнайы жұмысшы киімі, қолғаптың жаздық және қыстық түрі тігіледі. Киімнің сапалы болып, жақсы тігілуі, үтіктелуі, сондай-ақ сотталушы тапсырманы уақытылы орындап отырса, оған сыйақы ретінде қосымша ақы төлейміз. Түрме мекемесі арнайы бөлме берді, біз тек тігін машиналары мен өз жабдықтарымызды ғана әкелдік, – дейді «Ас-Ка» ЖШС өндіріс директоры Маржан Яшукурова.

Тігін цехында көргеніміздей, сотталушылар тіккен киім мен қолғап қара базарда кездесетін дүниеден кем емес. Тіпті, одан артық десек болар. Маржанның айтуынша, әсіресе, осы жұмыс қолғаптарын облыс қана емес, басқа да өңірлерге сатылымға шығару жоспарлануда.

Ал ағаш цехын аралағанымызда тым тәуір бұйымдарға тап болдық. Ыдыс-аяқ, сандық, қамшы, сыйлық қорапшасы, кемелер, түрлі кәдесый. Үстел мен жатын бөлмесіне арналған кереует. Ұлттық музыкалық аспабымыз домбыра, оған қосымша гитара да бар. Бізді қызықтырғаны ұзындығы екі метрлік ағаш кеме. Түрлі жарықшамдармен безендірілген кеменің кез келгенді қызықтырмай қоймайтыны да осыдан. (суретте)

– Цехта 2016 жылдан бастап істеймін. Өзіңіз көргендей, барлық бұйымдар арнайы тапсырыспен жасалады. Соған орай еңбекақы аламыз. Мысалы, мына желкенді кемені бір ай ішінде бітірдік. Қажетті заттарды біз өзіміз айтамыз,  ал жұмыс ұсынушы қалғанын жеткізіп отырады, – дейді атын айтуды жасырған сотталушы.

Түрме басшылығының мәліметінше, олар осылай табыс табу арқылы отбасына ақша жіберіп отыр. Сондай-ақ жәбірленуші тарапқа немесе мемлекетке қарыз болса жұмыс істеу арқылы да шығынын қайтарады. Мекеме ішінде арнайы дүкен ұйымдастырылған. Кез келген жазасын өтеуші тапқан табысы арқылы одан керек-жарақтарын алады екен. Қазір кейбір қамақтан босанғандар арасында үйренген кәсібі арқылы жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүргендер бар көрінеді.

Бүгінде түрме ішінде 333 сотталушы жұмыс істейді. Оның ішінде шаруашылық қызметте 53, «Еңбек-Қызылорда» РМК филиалында 112, өзге жеке кәсіпкерлердің қарамағында 168 адам бар. Жалпы ЗК-169/5 мекемесіндегі жазасын өтеушілерге жұмыс ұсынып отырған 9 кәсіпкер барын айта кеткен жөн.

Айтпақшы, мекемедегі 794 сотталушының 660-тан астамы еңбекке жарамды. Қалғаны түрлі деңгейдегі мүгедектігі бар азаматтар. Санамалап айтсақ, І топтан 4, ІІ топтан 4, ІІІ топтан 12 мүмкіндігі шектеулі адам бар. Бұған қоса денсаулығында кінәраты, дәрігерлер шешімімен арнайы анықтамасы барлар да кездеседі. Өйткені, ота жасалып біткен немесе енді жасалатын сотталушылар жоқ емес. Түрлі ауру диагнозымен есепке алынғандар да арнайы бақылауда ұсталады.

«Өкінгенмен өмірді жақсы көремін»

Түрме ішінде тәртіп қатал. Тым қатал. Әр жерде саңқылдаған рация даусы. Кездесуге келгендерді қабылдау кезіндегі бірнеше бақылау. Сыртта әбден еркін жүрген біздің бұл еңсемізді езе түседі.

– Былтыр осындай жағдайға түсіп, от бастым, – дейді 29 жастағы Қуандық. – 3 жыл, 7 ай мерзімге қамалдым. Алаяқтық іс-әрекетім бойынша жәбірленушілер арыз түсірді. Өзім Атырау қаласының тумасымын. Қазір 1 жыл 8 ай уақытымды өтедім. Құдай қаласа, бостандыққа шықсам, дұрыс жолға  түсемін. Жәбірленушілердің шығынын өтеп келемін. Түрме әкімшілігі дұрыс тамақтануға, киіммен қамтамасыз етуге, бөлменің жылуына дұрыс қарайды. Ол жағынан еш қам жемеуге болады.

Қуандық үлгілі тәртіппен бас бостандығын өтеуде. Алдағы уақытта анасы мен отбасының қасында болсам деп армандайды. Адал еңбекті дос еткісі келеді.

Ал екінші сотталушы есімі Сұлтанбек. Өз облысымыздағы бір ауданның тумасы. Жазасы тым ауыр. 34 жастағы оның бас бостандығын шектеу мерзімі – 18 жыл. Адам өміріне қасақана қастандық жасау арқылы өмірін қиған. Осыны естігенде сұхбат құрған біздің көңіл-күйімізді өзіңіз де шамалай беріңіз.

– Қазір тоғыз жыл болыпты мұнда келгеніме. 2015 жылдан бері осында ашылған өндірістік аймақтағы жылу орталығында оператормын. Шыны керек, адам істеп алған қателігінен соң өкінеді. Шын өкінгеннің бірі өзім болдым. Ата-анам, бауырларымды жерге қараттым. Өкіне отырып өмір сүргім келеді. Түсініңіз, рас айтам, мен бәрін ұмытқым келеді. Аман-есен шықсам, отбасыма тіке барамын. Үйленемін деген мақсатым да бар. Армандар орындалады дейді ғой. Әзірге осындағы ұзақ мерзімді кездесуге келген анамды, бауырларымды көргеніме шүкір деймін, – деп ағынан жарылды ол.

Ішкі ойын мұңдана отырып айтқан өзіміз қатарлы жігіттің тіршілікке деген талпынысы бізді бұл жолы шын қуантты. Іштей «Құдай қолдасын» деген қазақы тілегімізді де айтып үлгердік.

Рақымшылыққа іліккені аз

Абақты ішінде ойға түскен тағы бір жайт бар. Ол өткен жыл соңындағы рақымшылық туралы заң. Иә, былтыр желтоқсан айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңына қол қойды. Мұндағы басты мақсат – аса ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшін жазадан босату. Сонымен қатар, кейбір ауыр, аса ауыр қылмыстар үшін де жаза мерзімі қысқартылады. Мұндай рақымшылыққа ардагерлер, кәмелетке толмағандар, жасы үлкендер, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдар ғана ілінбек. Ал ауыр және аса ауыр, сондай-ақ террористік және экстремистік қылмыстарға барғандар бұдан тыс қалатыны анық айқындалып тұр.

– ЗК-169/5 мекемесінде 794 сотталушы бар. Оның басым көпшілігі – ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар. Террорлық әрекеттер, сыбайластық, тұлғаға қатысты кісі өлтіру, т.б. Сол себепті мұнда тәртіп те қатал. Кешегі жыл соңындағы Мемлекет басшысының рақымшылық жасау жайлы заңына іліккендер аз. Біздің мекемеден 39 адам осы санатқа кірді. Бірақ оның ішінде 5 сотталушы бостандыққа шығып, қалғанының заңға сәйкес жаза мерзімі ғана қысқартылады. Енді қараңыз, осы жаза мерзімі қысқарған сотталушылар арасында мерзімі аяқталып, бостандыққа шығып жатқандар да бар. Мысалы, заң бойынша жазасының үштен бірі қысқартылатын болса, сол уақыт бостандыққа шығатын күнге сәйкес келіп, түрме есігінен шығатындар да кездеседі. Сондай рақымшылықпен тағы бес адам жіберілді. Әлі де 2-3 сотталушы осы рақымшылыққа ілінбек, – дейді ЗК-169/5 мекемесі бастығының орынбасары, әділет майоры Жалғасбек Есмаханов.

Мәліметке сүйенсек, облыс бойынша 78 сотталған тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай рақымшылыққа ілінді. Оның ішінде босатуға жататындар – 44. Жазасы қысқартылатындар – 34.  Бүгінгі күнде рақымшылықпен 34 сотталған босап шықты.

Кездесу һәм кәсіптік білім немесе қос тақырыпты бірге қамтысақ

Аталған түрмеде жатқандардың алды 25, 20 жылдан арқалағандар. Ал ең төменгісі 1 жыл 2 ай. Соңғы аталған сотталушының өзі бұрын бас бостандығын шектеу арқылы жаза арқалаған. Бәлкім үй қамақ, бәлкім өзге қалаға кетпеу шарасы қолданған шығар. Бірақ, қазақша айтқанда, тыныш жүрмей, тәртіпке көнбеген. Мұндайды сот шешімімен амалсыз түрменің есігінен ішке қарай кіргізуге тура келеді. Сондай-ақ өзге облыстан ауыстырылып, жазасын өтеп жатқандар да жеткілікті.

Жалғасбек Есмахановтың айтуынша, жазасын өтеушілермен жақындарын сөйлестіру не кездестіру жағы жеткілікті ұйымдастырылуда. Арнайы таксофон орнатылып, «Skype»  байланыс жүйесі арқылы бейнеқоңыраумен сөйлесіп отырады. Туыстары сотталушыны қысқа және ұзақ мерзімді кездесуде көріп кетіп жүр.

– Бұл жерде қысқа мерзімді кездесудің уақыты 2 сағатқа белгіленген. Ал ұзақ мерзімді кездесу екі тәулікке дейін болады. Осы екіншісіне тек ең жақындары ғана келеді. Олар кімдер? Ата-анасы, бірге туған бауыры, жұбайы. Ең жақынымен кездесуге жеке бөлме қарастырылған әрі бұл әлеуметтік пайдалы байланыс деп аталады. Сол бөлмеде тамақтанып, үйдің яғни қазақша айтқанда етін асып, палауын басып жейді. Бірақ әкелген тамақ өнімдері де қатаң бақылаумен кіретінін айтуымыз керек.

Жалпы келушілерге тыйым салынған заттар әкелуге болмайды. Мысалы, спирттік ішімдік, наркотикалық заттар, байланыс құралдары, т.б. Жалпы есі дұрыс адам не әкеліп, не әкелмеуге болатынын түсінеді деп ойлаймын, – дейді түрме мекемесі бастығының орынбасары.

Айта кету керек, бұл кездесулер сотталған адамның жазасына байланысты. Мұндағы жаза екі режим – жалпы және қатаң. Осы екі режимдегі сотталушылардың кездесу мүмкіншілігі әртүрлі. Бұл заңда анық көрсетілген. Екіншіден, жазасын өтеушінің түрмедегі тәртібі де ескерілетін көрінеді. Мысалы, жалпы режимдегі, ауыр қылмыс жасамаған адам жылына екі рет, алты ай сайын ұзақ мерзімді кездесуге шыға алады. Қысқа мерзімдегісі екі ай сайын (6 рет) болады. Қатаң режимдегі ауыр және аса ауыр қылмыс жасаушылар жылына төрт рет қана қысқа мерзімді кездесуге шыға алады. Ал ұзақ мерзімге жылына бір рет қана жақынымен кездеседі. Әрине, тәртібіне байланысты кездесу мерзімі де өзгеретіні белгілі. Сондай-ақ сотталушының өз адвокатымен қажеттілігіне қарай кездесуге құқы бар.

– Бізде кәсіптік оқыту деген бар, – деп әңгімесін жалғастырды Ж.Есмаханов. – Облыстық білім басқармасы арқылы 3 колледж келіп жұмыс жасауда. Ағаш ұстасы, газ-электр дәнекерлеушісі, тігінші сияқты мамандық алады. Соған ынтасы бар азаматтарды арнайы оқытамыз. Былтыр арнайы келісім бойынша аталған үш мамандықтың әрқайсысына 25 сотталушыдан келді. Сонда 75 адам кәсіптік білім алып отыр. Биыл бұрын оқымаған 75 адам оқиды. Оларға стипендия да беріледі. Оның жартысы мемлекет не жәбірленушіге келтірген шығын үшін өтеліп, қалғанын өздеріне жаратады.

Естігеніміздей, мекеме ішінде тәрбиелік шаралар да жиі өтеді. Кітапхана қоры да мол. 7000 дана түрлі әдебиет тұр. Психологтар әдейі келіп, олармен жиі пікір алмасып отырады. Еңбек тәрбиесі де қарқынды жүруде. Жоғарыда айтқанымыздай, кәсіп үйреніп, қаржы табуына аталған түрме басшылығы қолдау көрсетіп отыр. Тіпті, сурет салу, ән айту, шығармашылықпен шұғылдану сияқты эстетикалық дүниелерге қатты маңыз береді. Мекемеде «Қазақфильмнің» патриоттық туындылары жиі көрсетіледі екен. Жаздық спорт алаңында дене шынықтырумен айналысып, әсіресе, футболды сүйіп ойнайтын сотталушылар көп дейді мұндағылар. Ал олардың үш мезгіл тамақ, маусымдық киіммен қамтылатыны бұрыннан белгілі.

Кез келген ортада тәртіпсіздік болады. Түрмеде де солай. Сол сияқты оған қолданатын жаза түрлері де өзгеріп отырады. Қандай да бір құқық бұзушылық орын алып, сотталушы оны қайталай беретін болса, өтеуі де күшейіп, жазасы да тым ауырлай бермек. Заң шеңберінде ғана орындалады мұның бәрі.

Айтпақшы, сол түрме деген мекеме сотталғанды түзейді дегенмен де сол жақтан келген тентектің қосымша тәрбиесіне өз ортасы, ағайын-туысы, жергілікті халық пен билік те үлес қосса керек. Бірақ біз арнайы барған ЗК-169/5 мекемесі абақтыдан шыққан әр адамның қайта оралмауына осылай күш салып отыр.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Суреттерді түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<