Газеттің мерекелік нөміріне дайындық үстіндеміз. Мұндайда түрлі салада қызмет атқаратын ару-аналарымыздың арасынан кейіпкер іздейтініміз анық. Осы сәтте ойымызға Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінен оқыған бір мақала түсе кетті. Сұрау салып, 80-ге келген Рая ана жайлы сырттай мәліметке қанығып, өзімен жолығуға тырыстық. Менің қызыққаным, әкесі басшы болса да, Шиелідегі орта мектепті бітірісімен 40 жылға жуық сауыншы болған сол кездегі бойжеткен, бүгінгі ақ кимешекті әженің тым қарапайымдылығы һәм еңбексүйгіштігі еді.
Облыс орталығына қонаққа келген Рая әжемізбен біз осылай кездестік. Сүт қатқан күрең шайды ұрттап, әуелі біздің келген жайға қанықты. Апаның қуатты екені көрініп тұр. Қимылы ширақ. Көп жыл мал соңында жүрді деп әсте ойламайсыз. Алдымызға дастархандағы бар дәмді ысыра беріп, сөз бастады.
– Балам-ай, біз істеген жұмысты естісең, мына апаң ертегі айтып отырғандай көрінер саған. Басынан айтайын. Әкем ел басқарған адам болды. Шиелінің өзінде жауапты қызметтер атқарып, кейін «Авангард» колхозындағы фермаға меңгеруші болып келді. Ол кезде мұнда тек үш қазақ отбасы тұратын. Қалғаны кәріс пен орыс ағайын. Мектепті орысша бітірдім. Оқуға жағдайымыз түзу болса да талаптанбаппын. Есіл-дертім – сауыншы болу. Не қызығы барын білмеппін, әйтеуір, жұмыстың ең оңайы осы деп түсінсем керек, – деп ағынан жарылды Рая әжеміз.
Өзіне бекітілген 50 сиырды таңертең және кешкі екі мезгіл сауатын. Жай сауып қойса ештеңе емес, шөбін салып, астын тазалап, құрғатып кететін бейнеті тағы бар. Бұрынғылардың сүйегі асыл дейміз ғой, дәл сондай қажыр-қайратты сауыншы әжеден байқау қиын емес.
– Ол кезгі заман солай болды ғой. Жұмыс істемеу, еңбектен қашу деген болмайтын. Осы Шиелінің Төңкерісіне тұрмысқа шықтым. Отағасым Төлеш екеуміз 5 жыл мал бақтық. Малшылықтан кейін бір орында тапжылмастан 37 жыл сиыр сауыппын. Қай бейнеттің де зейнеті болады, балам. Сол кез Төңкеріс колхозының сауын фермасында жұмыс істеп жүріп, он жеті жыл қатарынан «Қызылорда облысының үздік сауыншысы» болғанмын. Бейнетке батып жүріп, тоғыз баланы дүниеге әкелдім, – дейді ол.
Әженің өлшеусіз еңбегі кеңестік дәуірде де, бүгінгі күні де ұдайы бағаланып келеді. Мақтау грамоталары мен медальдары бір төбе. Әсіресе, 1986 жылы ұзақ жылғы жұмысы бағаланып, КСРО-ның «Халықтар достығы» орденімен марапатталғаны бар. Облыстық және аудандық кеңеске бірнеше рет депутат болып сайланған еңбек ардагері, батыр ана Рая Жаңбыршықызы бойындағы бар асыл арманын, күш-жігерін, өмірін Төңкеріс ауылын көркейтіп, өркендетуге арнаған жан. Халық ықыласына бөленген абзал ананың бар арманы – ел бүтіндігі мен заман тыныштығы.
– Бүгінгі жастар бақытты. Заман тыныш. Үкімет уақытымен демалысын беріп отыр. Мен қызық айтайын. Өмірге тоғыз бала әкелдім дедім ғой. Соларға бірде-бір рет «декрет» дегенді алмаппын. Жұмыс-жұмыс деп шапқылай бергенбіз ғой. Тек, қайсысы екені есімде жоқ, бір балама ғана декреттік демалыс алып, соған жәрдемақы төленді. Төленгенде қалай, ол кезде кассада ақша болмаса, алдыңа мал салып беретін. Совхоз сонда 12 баспақ берген еді. Кейін ойланам, әр бала туған сайын, мұндай қоралы мал жиылса, қайда сыйдырам, – деп рахаттана күлді Рая әже.
Дүниесі аспаса да барға қанағат ететін текті халықтың қызы осылай сыр шертеді. Бүгінде Рая әжей артта қалған ауыр жылдарға шүкір айтқан, халық алдында батагөй әже, ардагер ана! Жаратылысынан тура сөйлеп, түзу жолдан таймаған сауыншы әже тәуелсіз халықтың болашағына тәубе айтып, тілеулестігінен айнымай келеді.
Ержан ҚОЖАСОВ.
Суретті түсірген
Нұрболат Нұржаубай.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<