Ендігі қызылордалықтардың ішінде әкеме жақын, сыйласып жүретін, үй ішімізбен тығыз қатынасып тұрғандар, ол – Серікбай Ақайұлының семьясы болатын. С.Ақаевтың мамандығы – юрист, бұл кісі толық денелі, орта бойлы келген, өте салмақты, көп сөйлемейтін, балажан адам еді.
Серікбай ағайдың араласқан төңірегі де Түркістан өлкесінен басталып, бір шеті Жетісуға дейін жететін. Бұлар қазақ зиялылары, өмір кезеңдері арқылы табысып, достасып, жүре келе туыстасып кеткен жайлары бар.
Серікбайдың жұбайы Гүлжәмила қала тәрбиесін көрген, төркін жағы қарқаралық оқыған кісілердің семьясынан шыққан, өзі келбетті, сұлу кісі болатын. Әкесі Бақия Шалымбеков – фельдшер. Күйеуінің арқасында қызмет атқарған емес. Құрметті ана үш ұл, бір қыз тәрбиелеп, оқытып, мамандыққа қолдарын жеткізген. Тұңғыш ұлы Махфузбек менімен мектепте бір класта, Мұхтар, Үгідей, Диляфруздар бізден кіші, төменгі кластарда оқыды. Бұл күнде Махфузбек – энергетик, өз саласындағы министрдің орынбасары. Шешелері Махфузбектің қолында 1960 жылдары қайтыс болды. Гүлжәмила апайды соңғы рет көргенім – 1954 жылы. Серікбай ағай 1937 жылы ұсталып, кейін ақталған. Гүлжәмиланың ең үлкен апасы Гүлбаһрамға теміржол инженері Тынышпаев Мұхамеджан үйленген, Серікбайдың бұл бажасы белгілі инженер Тынышпаев Түрксиб теміржолын басқарып салдырған. Менің әкем Тынышпаевпен Ташкенде танысып, пікірлес жолдас болатын, бірақ біздің семьямызбен қарым-қатынасы болған емес.
Тынышпаевтың зайыбы Гүлбаһрам жиырмасыншы жылдары Шымкентте обадан (холерадан) қайтыс болған. (қойылған ескерткішін көргем – Г.Д.).
Тынышпаев Мұхамеджан 1937 жылы ұсталып, соңынан ақталғандардың бірі. Тынышпаевтардан екі қыз, бір ұл бар. Үлкені Фатима – Фатя Тынышпаева-Мұсапірова Алматыда профессор-гинеколог қызы Мұсапірованың қолында тұрады. Дина Бутина (Тынышпаева) үй шаруасындағы кісі, балаларымен Алматыда тұрақтайды. Ортаншы ұлы Ескендір Тынышпаев «Қазақфильмде» оператор. Тынышпаевтың балаларымен кейін таныстым, қыздарымыз бірге мединститутта және Әміре Қашаубаев атындағы музыка мектебінде оқыған болатын. Гүлжәмиланың бір сіңлісі – Мүбәрак. Бұл кісіні көргенім жоқ, жұрттың айтуынша, өте сұлу, келбетті болған, күйеуі Қияқов Жүніс – юрист, бұлар Ташкенде тұрды. Гүлжәмиланың екінші сіңлісі – Зүпнүн Құрымшина. Бұл апайды жақсы білемін, біз Қызылордаға келісімен әке-шешелеріміз тығыз қатынасып тұрды, балалары Хуриятбек, Ұлықбек бәріміз бір мектепте оқығанбыз. Зүпнүн апай өзбек тәрізді, шешелері Фаизибүбі – өзбек, өте нәзік кісі болатын. Зүпнүннің күйеуі Әлмағамбет Құрымшин – қызылордалық, белгілі Көтібаровтың тұқымы. Әлмағамбеттің отыздан асқан шағы, ұзын бойлы келген, аққұба өңді, қасы-көзі қиылған, сүмбілдей қара мұртты, жұрт сыртынан: «мұртын бояйды» десетін, бірақ бұл бекер әңгіме. Әлмағамбет өте келбетті, барынша сәнді киінетін еді, мамандығы – экономист, госбанк қызметкері болатын, 1937 жылы ұсталғанға дейін Алматыда госбанкте жұмыс істеді. Әлмағамбетовтің өзінен басқа аға-інілері Көтібаров фамилиясында болды, барлығы шетінен білімді, оқыған кісілер. Ибрагим деген інісі (әкесінің ағасынан туған) Ташкенде тұратын, САГУ-де сабақ беріп жүргенінде 1937 жылы ұсталып, хабарсыз кеткен. Осы кезде Әлмағамбеттің інісі Жанғабыл Көтібаров 80 жастағы кісі, Алматыда тұрады, бұл күнде құрметті демалыста. Жасы сексенге келе тұрып, шаштарына әлі ақ кірмеген, сондықтан Әлмағамбет те сақал-мұртын бояй қоймаған шығар деп ойлаймын қазір. Зүпнүн апай күйеуі ұсталғаннан соң, балаларымен Свердловскіге көшіп, сонда орналасқан. Балалары Свердловск қаласындағы институтты бітіріп, инженер мамандығын алып, жұмыс істеп, үйленіп тұрып қалған. Хуриятбектің келіншегі орыс, шешелерін құрметпен баққан. Хуриятбек инфарктан 1960 жылдары қайтқан. Артынша Зүпнүн апай да келінінің қолында дүние салған. Ұлықбек Отан соғысында қаза тапқан. Құрымшиндердің мен білмейтін, кейіннен туған қызы бар көрінеді. Құрымшиндер жайлы, кейінгі жағдайлары туралы мәліметтерді мен Жанғабылдан сұрастырып алдым. Жанғабыл Көтібаровтың жұбайы қызылжарлық Зықатай (Зылиха) апа, менің досым, институтты бірге бітірген дәрігер София Яхияқызы Тастемірова-Есенжанованың (Хамзаның әйелі) апасы болады. Жамал, Зықатай, Софиялардың нағашы ағалары – белгілі ақын Мағжан Жұмабаев.
Жанғабыл мен Зықатай Ташкенде Жұмабаевтармен бірге тұрып, өмірдің ыстық-суығын бөліскен кісілер. Жанғабыл да 1937 жылы ұсталып, отырып, ақталып шыққан болатын. Қызылордаға келісімен орналасқан үйіміз Ерғали Қасымов төренің үйі болатын, Садовая 7. Кейін Селиверстова көшесі 17 Байтұрсыновтың семьясына қарайтын да, ал екінші бөлігінде біздер – Дулатовтың семьясы тұратынбыз, пәтеріміз екі үлкен бөлмелі, алдында төртбұрышты шағын кіреберіс – сенегі болатын, кейін әкем күйдірген қызыл кірпіштен үйге тақап ас үй, одан әрірек жерде тұратын ат қора салдырған еді.
Осы үйде біз 1925 жылдан 1929 жылға дейін әкем қамалғанша А.Байтұрсыновтармен бірге тұрғанбыз.
Астана 1928 жылдың жазында Алматыға ауыса бастағанда, Байтұрсынов өзінің жұмыс істеп жүрген оқу орнымен бірге көшкен-ді. Босаған үйдің орнына Ерғалидің інісі Ибраһим Елікейұлы Қасымовтың семьясы көшіп келген-ді.
Тұрған үйіміздің иелері таныс, әке-шешеммен бірнеше жыл дәмдес, тікелей қатынастары болғандықтан, бұл кісілерді сырт қалдырудың жөні жоқ шығар. Ибраһим төрені жұрт Ыбеке дейтін. Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында 1880 жылы туған. 1900 жылы Ташкент қаласында оқытушылар семинариясын бітірген. Қазақстандағы алғашқы педагогтердің бірі. 1927 жылы РСФСР Оқу халық комиссариаты Қасымовқа одақтық пенсия тағайындаған. Мен пенсия дегенді алғашқы рет сол кісіден естіген ем, істеген стажын 35 жыл деп айтқанда таңғалып, кәрі екен-ау деп ойлаушы едім.
Ибраһим ағай шикі сары, көзі көк, қалың мұртты, шашын шалқасынан қайыратын, толық денелі, аласа бойлы кісі болатын. Отырған жерінде жұртқа сөз кезегін бермей, өзі сөйлейтін мылжыңдау еді. Ибраһим ағай біздің үйге жиі келетін. Келген сайын «әңгімеге» тойдыратын, қанша баласының барын, олардың әрқайсысы нендей аурулармен сырқат болғанын, пәленше дәрігердің емдегенін, берген кеңестерін, сондай ұсақ жайлардың айтып және оларды бірнеше рет қайталайтын, адамды сөйтіп жалықтыратын. Шешем болса, үлкендігін сыйлап, «зейін» қойып тыңдағаснып отыратын да, кейде шыдамай, сөз арасында күліп алатын, оны Ыбекең сезбейтін. Ыбекең соңғы жылдарда гастрит болып ауырып жүргенін қосып қоятын: «Дәрігерлер сүр ет жемеңіз, асқазанға ауыр тиеді» десе керек, Ибраһим ағай: «Доктор сүр ет жеме десе, мен дорақ оны жеймін», – дейтін. Осы сөздерін бұл күнде Батырбек (Баташ аға) Бірімжанов айтып күліп жүретін. Ибраһим аға 1937 жылы ұсталып, кейін ақталған.
(Жалғасы бар. Басы өткен санда)