«Сіз жеңімпаз атандыңыз!» Алаяқтар адамдарды қалай тұзаққа түсіреді?

629

0

Өткен жылы өңірде тіркелген қылмыстардың 51,8%-і интернет-алаяқтық сипатында болды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті криминалды полиция басқармасы бастығының орынбасары Еркін Тұңғышбай мәлімдеді.

331 деректің 9-ы бойынша күдіктілердің Қазақстанның тыс жерлерінен, ал 173-і басқа өңірлерден екені анықталды. Осыған байланысты облыстан тыс жерде жүрген күдіктілерге қатысты сол өңірдің полиция органдарына тапсырмалар беріліп, жедел жұмыстар ұйымдастырылды.

Тіркелген қылмыстардың негізгі бөлігі «Олх», «Колёса» сияқты сайттарда хабарламаны орналастырумен байланысты. Алаяқтар құрбандарын арзан бағамен, тауарды не қызметті тез жеткізумен қызықтырады. Сатып алушылардан жартылай немесе толық алдын ала төлем жасауды сұрайды. Олардың шоттары үшінші адамдарға ресімделіп отырады.

– Алаяқтықты жасаудың негізгі және басты себептері – азаматтардың сенгіштігі. Осындай қылмыстарды ашу және тергеуде біршама қиындықтар бар. Өйткені қылмыскер үшінші адамдарға тіркелген әртүрлі банк карталары мен карталарды, сондай-ақ әртүрлі абоненттік нөмірлерді пайдаланады. Көп жағдайда ақша шешіп алу үшін жалған адамдарды пайдаланады. Аталған қылмысты ашу үшін заң жүзінде алынған деректерді мүқият талдау қажет. Бұл ұзақ уақытты талап етеді, – деді Е.Тұңғышбай.

Алаяқтықтың алдын алу, оны болдырмау бағытында БАҚ арқылы тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Халыққа қызмет көрсету орындары мен базарларда, сауда орталықтарында плакаттар жапсырылып, жадынамалар таратылды.

Осы орайда тәртіп сақшылары мынадай сақтық шараларына назар аударуды сұрап отыр: Тауарды тек тексерілген сайттардан сатып алуды қарастырыңыз. Оның қосарланған емес, ресми бет екеніне көз жеткізіңіз. Қылмыскерлер көбіне ұқсас сайттарды жасайды. Тек ресурстың сипаттамасын өзгертеді. Танымал банктердің логотиптерін, сондай-ақ танымал брендтерді пайдаланады. Бұл – адамды алдау тәсілдерінің бірі. Бұл жағдайда егер сізден тауар үшін алдын ала төлем сұралса, шарттарын мұқият оқып шығу керек. Алаяқ интернеттен тапқан немесе басқа адамнан алаяқтық жолмен алған жеке куәліктің фотосуретін жібереді. Егер сіз басқа қаладан тауарға тапсырыс берсеңіз, туыстарыңыздан, таныстарыңыздан тауардың бар-жоғын және ұсынылған сипаттамаларға сәйкестігін тексеруді сұраңыз.

Егер сізге ұялы байланыс телефоны арқылы банктен қоңырау шалып, өзін менеджер немесе қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде таныстырып, сіз немесе шотыңыз туралы мәліметтерді сұрастырып жатады.

Егер сіз осы ақпаратты алаяқтарға телефон арқылы хабарласаңыз, ақша қаражаты дереу банк картасынан алынады.

Осындай жағдайда сөйлесуді тоқтатып, банктің жедел желісіне дереу қоңырау шалып, осы жағдай туралы хабарлау қажет. Банктің бірде-бір қызметкері клиенттерге қоңырау шалмайды және құпия деректерге қызығушылық танытпайды.

Инстаграм арқылы тауарларды сатып алар алдында, сатушының ресми мекен-жайын, сонымен бірге, Ватсаппен немесе видео байланыс арқылы құжаттарын тексеріп, көз жеткізу қажет.

«Сіз жеңімпаз атандыңыз, сізге арнайы сыйлығымыз бар немесе ақша ұтысы бар, құжаттың көшірмесін жіберіңіз» деп ұялы телефонға мәліметтер түсіп жатады. Осындай жалған мәліметтерге құжаттардың көшірмесін жіберуге болмайды. Сіздің атыңыздан алаяқтар заңсыз іс-әрекеттер жасауы мүмкін.

Қызылордалық полицейлер интернет-алаяқтық фактілер бойынша жақын маңдағы полиция бөлімшесіне, «102» арнасына немесе «102 мобильді қосымшасына» хабарласуды сұрайды.

Қызылорда облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<