Солтүстікке көш: Көрсеткіш нені аңғартады?

1250

0

Ел арасында солтүстікке қоныс аударуға ниеттілер баршылық. Бастысы,  мемлекеттік қолдау бар. Жұмыс күші тапшы, халық саны аз теріскейдегі тұрғын санын ішкі көші-қон арқылы реттеу Қазақстанның территориялық тұтастығын сақтауға, ұлттық салт-санадан ажырамауға, тіл мәселесінің оң шешілуіне ықпал ететіні белгілі. Дегенмен, ондағы баспана жайы, ауа райы, шаруаның ыңғайын ойлап, көшуді кейінге қалдырғандар да жоқ емес. Сондықтан, бағдарламаның шығу себебі, мемлекеттік қолдау, қоныс аударғандардың қазіргі жағдайы туралы не айтуға болады?

Көш қалай қозғалды?

Елімізде бірнеше жыл бұрын «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында тұрғылықты халқы сиреп, жұмыс күші азайған солтүстік өңірлерге халқы тығыз орналасқан оңтүстік аймақтардан халықты көшіріп, қажетті жағдай жасау жұмыстары басталды. Үкіметтің мұндай бағдарламаны қолға алуына демографиялық ахуал себеп болды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кейінгі 10 жылдағы ішкі миграцияға талдау жасап, оңтүстік облыстардағы тұрғындардың бір бөлігін солтүстікке көшіру қажеттігін анықтаған. Егер бұл мәселе реттелмесе, 2050 жылға қарай солтүстіктегі халықтың саны миллион адамға қысқарып, оңтүстік өңірдегі халық саны 5,2 млн адамға артатын көрінеді. Осылайша Үкімет бұл мәселеге назар аударып, бағдарлама аясында көші-қон жұмыстарына басымдық берді.

Бүгінде «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы бағдарламасының үшінші бағыты аясында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы  бұйрығымен бекітілген «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару қағидаларын бекіту туралы» Ережеге сәйкес солтүстік өңірлерге қоныс аудару жұмыстары жүргізілуде.

2014 жылдың желтоқсан айында Сыр елінен Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласына алты отбасы қоныс аударды. Қоныс аударған азаматтар бағдарлама аясында салынған тұрғын үймен және тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал, 2015 жылы Риддер қаласына тағы да екі отбасы, 2016 жылы Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облысына біреуден, Павлодар облысына екі отбасы қоныс аударды.

Сонымен қатар, 2017 жылы бағдарламаға өзгерістер енгізіліп, «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» бекітіліп, Қызылорда облысы қоныс аудару өңірлерінің қатарына қайта енгізілді. Осыған орай, облыстан солтүстік өңірлерге қоныс аудару бағытында бірқатар жұмыс жүргізіліп, нәтижесінде 2017-2021 жылдар аралығында 602 отбасы (құрамында 1702 адам) жаңа ортаға бет алған.

Деректерге сүйенсек, осы жылдар аралығында көшкен отбасының басым бөлігі Солтүстік Қазақстан (183 отбасы) және Қостанай (182 отбасы) облыстарына ірге тепкен.

Үкіметтен қандай қолдау бар?

Өткен жылы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оңтүстіктен солтүстікке көшуге қатысты мәселеге тоқталып, cолтүстікке көшіп келушілерді ынталандыру үшін оларға берілетін жәрдемақының мөлшерін екі есе, яғни, 35 айлық есептік көрсеткіштен 70 айлық көрсеткішке дейін көбейту керек деп тапсырма берді. Сондықтан биылдан бастап қоныс аударған отбасының әрбір мүшесіне берілетін қаржының көлемі ұлғайды.

Мұнан бөлек, коммуналдық төлемдерді және жалға алынған баспананың ақысын төлеу үшін бір жыл ақшалай көмек көрсетіледі. Бүгінде солтүстікке қоныс аударған азаматтардың басым бөлігі тұрғын үймен, жұмыспен қамтылған.

«Еңбек» бағдарламасына қатысушының отбасына, оның ішінде жалғызбастыларға он екі ай бойы ай сайын тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуге берілетін материалдық көмекке тоқталсақ.

Қалалық жерлерге қоныс аударғандарға бір адам үшін 20 АЕК (58340 теңге), отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса 25 АЕК (72925 теңге), отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде 30 АЕК (87510 теңге) мөлшерінде төленеді.

Ауылдық жерлерге қоныс аударса, бір адам үшін 15 АЕК (43755 теңге), отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болған кезде 18 АЕК (52506 теңге), отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде 21 АЕК (61257 теңге) мөлшерінде төленеді.

«Еңбек» бағдарламасының 5.3.2 бөліміне сәйкес, ерікті түрде қоныс аударғанда мемлекеттік қолдау шаралары бағдарламаға қатысушыға және оның отбасы мүшелеріне бір рет көрсетіледі. Көшуге материалдық көмек олар жаңа тұрғылықты жерге келгеннен кейін беріледі.

Кері көшкендер кездеспеді

Былтыр сенатор Айгүл Қапбарова үкіметке депутаттық сауал жолдап, көші-қон процестерін іске асырудағы мемлекеттік шаралар дұрыс атқарылмай, кейбір өңірлерде көші-қон мәселелері толық шешілмей жатқанын хабарлаған болатын. Дегенмен, ресми мәлімет бойынша Сыр елінен солтүстікке барған азаматтардың осы кезге дейін кері көшуі кездеспеді.

Қаңтар айында Павлодар облысының Екібастұз қаласына көшкен қазалылық Еркін Құсан жаңа орта өте жақсы қабылдағанын айтты. Бүгінде ол Екібастұз қаласының статистика басқармасында халық санағын өткізу, ұйымдастыру бойынша уәкілетті нұсқаушы болып қызмет етеді.

–    Бағдарламаны ойлап емес, карантин уақытында өзіме лайықты жұмыс таппағандықтан, отбасыммен осында көшуді ұйғардық. Жаңа орта өте жақсы қабылдады. Үкімет көшіп келгенім үшін жұмыспен қамтыды, одан әрі жалдамалы баспана берді, шығынымызды өтеді. Мұндағы жерлестеріміздің мұндай басты мәселелері шешімін тапқан.

Осы жақтағы қызылордалықтармен де аға-іні болып араласып, жақын тартып, бірге туған бауырдай болып кеттік. Аға-жеңгелеріміздің жылулығын сезіндік. Білмегеніміз болса сұрап, алға ұмтылып, өзімізді сөзбен қамшылап отырамыз. Өзге ұлт өкілдерімен де дос болып үлгердік. Кейде ана тілімізді білмейтін қазақтарға «тілді үйренсеңші» деп қолқалап, үгіттейтініміз бар. Соның ішінде жұмыс барысында «маған тіл үйретесің бе?» деп өзі қызығушылық танытып жатқандар да бар. Бұл да болса мемлекеттік бағдарламаның бір бөлігінің орындалғаны деп ойлаймын. Ал, аула балаларына мұсылманша амандасуды үйретіп, кейде қазақ ағайындардан ру сұрасып, ұялтып жүрміз, – деді ол.

Еркін солтүстіктегі жерлестер жұмыспен қатар спортта да белсенді екенін, олардың жеңіс тұғырынан көрініп жүргенін ерекше атап өтті. Сөз арасында кері көшкісі келетіндердің бары туралы, бұған не әсер етуі мүмкін деп те сұраған едік.

– Қалада жұмыс істеуге бейім жандар көшемін деп айтпас еді. Себебі, бұл жақтағы тұрғындардың көпшілігі екі жерде қызмет етеді. Сонымен қатар, жұмыс орындарында еңбек күші тапшы болып жатыр. «Жұмыс жасауға ниетің болса, кел, еңбек ет!» деп тұр. Ал, көшіп жатқандардың себебі әртүрлі. Біріне ауа райы жақпаса, бірі өзін жайсыз сезінеді, біріне жалқаулық әсер етеді. Еліміздің қай өңірі болмасын қазақтың жері, бұл біздің ел. Сондықтан туған жерге сағынышыңды басуға барып, мұнда шаңырақ көтеріп, еселі еңбек етудің жөні бөлек, – деді Сыр перзенті.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<