Суармалы егістік алқаптары мен каналдарды аралады

106

0

Қармақшы ауданының әкімі халықпен өткен кездесулерінде елді мекен тұрғындары суармалы егістікке су жеткізуге байланысты талап тілектерін білдірген болатын. Осыған орай бүгін аудан басшысы Әділбек Бөрібайұлы тиісті сала мамандарымен бірге аудан орталығынан шалғай орналасқан Т.Көмекбаев және Дауылкөл ауылдық округтеріне арнайы барып, жұмыстардың барысымен танысты.

Алдымен Т.Көмекбаев ауылы маңындағы «Қарақ» учаскесіндегі су тоспасының қайта қалпына келтіру жұмыстарын жергілікті ардагерлермен бірге бақылады. Қалпына келтіру жұмыстарын атқаруға 2021 жылы бюджеттен қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары басталған. Дегенмен жауапты мердігердің келісім – шарт талаптарын тиісінше орындамауына байланысты жұмыстар тоқтатылған. Қазіргі таңда ҚР заңнамаларына сәйкес қайта мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес суармалы судың тапшылығына байланысты әр тараптандыру жұмысы барысында күріш дақылын қысқартпай суды кезекпен алу бағытындағы атқарылған жұмыстарды қадағалады. Биылғы жылы Дауылкөл ауылында жергілікті шаруашылықпен 1700 га күріш, 30 га бидай, 237 га мақсары, 267 га жаңа жоңышқа, 301 га ескі жоңышқа егілген.

Одан кейін батыс Қармақшы Қашыртқысына орнатылған насос қондырғыларының жұмыс барысымен танысты. Айта кету керек бұл жобаны жүзеге асыру былтырғы жылдан бастап қолға алынып, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы арқылы 11,2 шақырым канал қазылған болатын, қазіргі таңда 2 дана насос қондырғылары орнатылып, Курайлы каналынын 309 пикетіне қосымша 1,0 м/сек су салыну жұмыстары болжануда.

Алдағы уақытта да аудан көлемінде атқарылып жатқан егін жұмыстары мен күріштік алқаптарын суару жұмыстары күн тәртібінен түспей бақылауда болады.