Бұл әңгіме ХVІІІ ғасырдағы қазақтың сыртқы жауларына қарсы күресте аты шығып, ел бірлігін сақтаған би, ұлт батырына айналған тарихи тұлға Баймұрат Байбөріұлы туралы.
Бірде Бөкенбай, Есет батырлар бастаған бір топ сарбаз алыс жолда келе жатады. Араларында Баймұрат та бар. Сол кезде Баймұраттың 16-17 жастағы кезі болса керек.
Күз айы, қараңғы түн, суық жауын сіркіреп тұрады.
– Осы жерде біраз аялдаймыз. Су болып жүре бергенше, от жағып жылынып алайық, – дейді Бөкенбай. Сарбаздар тоқтап, аттарынан түседі.
– Баймұрат, сендер барып, анау қырдың астындағы қорымның маңынан сексеуіл сындырып әкеліңдер, – деп батырлар жанына өзі қатарлы екі-үш жасты қосып, оларды жұмсап жібереді.
Жақын жерде қорым бар екен, қорым маңы қалың сексеуіл. Сол жерге жақындай бергенде қорқынышты дыбыстар шығып, бір кезде ақ жамылғылары сүйретілген сұлбалар көрінеді.
– Әй, мұнда қарлар, тірі дүниені тауысып, аруақтарды тонауға шықтыңдар ма, жоғалтыңдар көздеріңді! – деген қатқыл дауыс естіледі.
Арбаңдаған ақ киімді адамдардан ат үркіп, отын ала келгендер кейін серпіледі. Сонда Баймұрат:
– Ей, мыналар қайтеді, ей! Бөкенбай батыр тоңып жатқанда сендерді тыңдап отынсыз қайтады дейсің бе? Жылы көрлеріңе барып тыныш жатыңдар! – деп қылышын жарқ еткізіп суырады. Сол кезде шынында да аруақтар жоқ болып кетеді.
Дәл осындай сәтте кез келген адамның селк ете қалуы табиғи заңдылық. Ал Баймұрат болса жау көргенде қорқу, сескену сезімін ұмытып, қайта күшіне мініп кетеді. Тірі былай тұрсын, аруақ алдында арқаланып тұрғаны мынау. Қазақ «жүрегінің түгі бар» деп осындай адамдарды айтқан.
Сөйтіп, олар біраз отын жинап, өз топтары аялдаған жерге оралады.
Келсе, батырлар кеңк-кеңк күліп отыр.
Мұның мәнісі былай екен: талай жаудың бетін қайтарған сақа батырлар өзара сөйлесіп, жас Баймұраттың жүректілігін сынап көрмекші болыпты. Оған білдіртпей үш-төрт жігітке жақын жердегі ескі қорымға барып, беттеріңді перделеп, күтпеген жерден Баймұратты қорқытыңдар деп тапсырыпты.
Осы кезде Баймұратқа серік болған жас жігіттердің бірі: «Аруақтарды көргенде аяғымды жерден көтере алмай, отырып қалдым. Ал Баймұрат алдында тірі адамдар тұрғандай оларға тұра ұмтылды», – депті.
Бұл оқиғаның желісі Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» дейтін кітабында бейнеленген. Онда жорық басшысы Қабанбай батыр деп көрсетілген. Ал біз халық аузынан естігенімізді әңгімеледік.
Баймұрат қайтыс болған соң бір ұрыста сарбаздар: «Баймұрат!» деп ұрандайық, Алла жар болсын, батырдың аруағы қолдасын!» – деп қиқулап жауға шабады. Сол кезде сарбаздардың бірі өз атасының атын айтып ұрандапты. Ұрыстан соң жасақтағы ақсақал әлгі сарбазға: «Ұраныңды ұмыттың ба? Баймұраттың аруағын сыйламағаның ба?» – деп налыпты.
Ұранды бұзудың да зауалы бар. Сол сарбаздың аталығынан ұрпақ өрбімепті дейді шежірешіл шалдар. Шынында, аталарының атын атап айқайлайтын ешкімі қалмайды.
Баймұрат ұран есебінде кіші жүз жаппас руына тиесілі болғанымен ол тұлға есебінде қазақ халқының бөле-жармайтын ұлы батырына айналды.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»






