Судың жыры созбаланбасын десек…

1023

0

Биыл қай сала болмасын оңай тиіп тұрған жоқ. Оның ішінде күріш еккен Сыр диқандары да бар.

Дегенде басқалар үшін қиындықтардың басты себебі пандемияға байланысты десек, күрішшілердің басты проблемасы су жетіспеушілігі болды. Әйтпесе, Үкімет көктемде қажет еткендерге субсидия беру жайын, сонымен қатар арзандатылған жанар-жағармай мґселесін шешкен болатын.

Шаруашылықтар тех­никаларын сайлап, ты­ңайт­қышты жеткілікті етіп қамданды. Төтенше жағ­дай кезеңі болса да тех­никалардың қосалқы бөлшектер саудасына рұқ­сат етілді.
Егінге судың аз болатыны жайлы жылда дабыл қағылып келеді.

Ескертулер жасалады, күріш көлемін арттырмау жөнінде тапсырма беріледі. Биыл да солай болды. Алғашқысында облыста күріш егістігі көлемі 88,2 мың гектар болып бекітілді. Мұнан соң суға қатысты нақты ақпарат жетті.
Өткен жылмен салыс­тыр­ғанда, «Нарын-Сырдария» каскадының су қойма­ларында судың көлемі 4,4 млрд текше метр болса, «Шардарадағы» жиналған су 2,3 млрд текше метрді құрап, өткен жылмен салыс­тырғанда 1,1 млрд тек­ше метрге кеміді. Ал Сыр­дария арқылы төменге тасталатын көлем секундына 180 текше метрге дейін азайды. Бұл, өз кезегінде, сумен қамтамасыз ету бары­сына кері әсерін тигі­зетіні белгілі.


Осыдан кейін бекітілген күріш егістігі көлемі қайта қысқартуға түсті. 7,1 мың гектардан артық қыс­қар­тылып, 81 мың гектар шамасында бекітілді. Барлық аудандарға тиісті хаттамалар жөнелтілді, тапсырмалар берілді. Осы көлемнен аспауы тиіс болды.


Мынаны қараңыз, нә­тижесінде күріш егіс­тіктерінің көлемі алғаш бекітілген көрсеткіштен де асып кетіпті. Қызылорда қаласы мен барлық аудандар бойынша егілген күріш көлемі 89,5 мың гектарды құрап, қысқартуға ұсынылған көлемнен 8,4 мың гектарға артық орналастырылды. Атап айт­қанда, Жаңақорған ауданы 1,3 мың, Шиелі ауданы 2,9 мың, Сырдария ауданы 859, Жалағаш ауданы 1,2 мың, Қармақшы ауданы 326, Қазалы ауданы 515 және Қызылорда қаласы 1,3 мың гектарғa артық еккен (өткен жылмен салыстырғанда 1,5 мың гектарға артық).


Судың да сұрауы бар демекші, мамандар айт­уынша тіршілік нәрінің биылғы тапшылығы жағ­дайында 90 мың гектарға жуық күріш алқаптарын үш ай бойы сумен қамтамасыз етіп тұру тіпті мүмкін емес.

Иә, шынында да, дәл сондай жағдай орын алып, шаруашылықтарға су жет­пеуі салдарынан дабыл қағылды. Облыс бойынша 1853 гектар күріш егісіне су жетіспей отырса, 405 гектар егіс мүлдем сусыз қалғандығы анықталды. Шиелі ауданында да судан қалған егіс алқаптары болды. Жалағаш, Қармақшы, Қазалы аудандарындағы егіс алқаптарына су жетпеу тапшылықтары қатты сезілді.


Дегенмен, облыс бас­шылығы бұл жағдайға «құдай салды, біз көндік» деп қарап қалмады. Қалай болған да облысқа келіп жатқан су деңгейін тамыз айының алғашқы онкүндігіне дейін секундына 480-520 текше метрден түсірмеу үшін барлық инстанцияларға шықты. «Шардарадан» төмен түсіп жатқан ондай көлем жоқ. Ақыр соңында «Көксарай» су реттегішінің түбінде қалған көлшіктердің суын каналдар арқылы бір-біріне қосып, төмен қарай ағызу басталды. Бұл облыс басшылығының жедел қимылдары нәтижесінде Су шаруашылығы коми­теті пәрменімен іске асы­рылған шара болды. Соның арқасында жоспар­дағы егілген күрішті су­ландыруға қол жеткізілді.


Жалпы жоғарыдағы ке­лең­сіз­дік­терге қалай жол берілген? Об­лыстық ауыл шаруашылығы бас­қармасы бас­шысының орынбасары Қайратбек Сәрсенбаев оның бірқатар себептеріне тоқталды.


– Шаруашылықтарда күріш егуге деген ұмтылыс жоғары. Шектеулі көлемді бекітіп бергеннің өзінде артығымен 8 мың гектардай күріш егілді. Май алып қойдық, тыңайтқыш алып қойдық, енді су жетпесе насос қойып, тартамыз деп шаруашылық жетекшілері алған беттерінен қайтпады. Содан қиындықтар туындады, – деген басқарма басшысының орынбасары одан кейін су жүйелеріне қатысты проблеманы атап өтті.


Бұрынғы кезеңде су жүйелері шаруашы­лық­ара­лық канал және ішкі каналдар болып бөлінді. Соң­ғысы бір совхоздың каналы болса, шаруашылықаралық канал бір­неше сов­хозға су жеткізіп тұрды. Ал­ғаш­қысы су шаруа­шы­­лығы балансында, екін­­­шісі совхоздың өз балансында болды. Ал енді бұрынғы бір совхоздың өзінде қазір бірнеше шар­уашылық пайда болды да бір каналдың бойынан ондаған шаруашылық су алуға кірісті. Сонда ол баяғы шаруашылықаралық каналдың ролін ат­қа­рып кетті, бірақ Су шаруа­шылығының балансын­да жоқ. Содан «ана бөлі­гін сен, мына бөлігін мен тазалайын» деген келіс­пеу­шіліктер пайда болады.

Су жүйелерін ретке келтіруде проблемалар бар екені айқын. Мықты шаруашылықтар өз каналдарын тереңдетіп тазалап алып, оны суға толтыруға біраз уақыт кетеді.
Қ.Сәрсенбаев Сыр мар­жанын өсіруге ірі шаруа­шылықтар ғана бейім­делгеніне назар аударды. Білікті мамандары бар, агро­техниканы сақтайды, жаңа техниканы алған, мүмкіндіктері жеткілікті. Ал оның есесіне күрішті өздері екпейтін, жерін бөтен адамдарға уақытша пайдалануға беретін майда шаруашылықтар бар. «Саған ақшасын беремін, жеріңді бер» дейді. Ол жерде агротехника сақтал­майды, жоғары өнім ала алмайды, қарыздарын өтеуге шамасы жетпей қалады. Егінді жинар кезде комбайны жоқ, әркімнен сұрап жүреді. Егер жаңбыр жауып кетсе, күріші төгілсе, далада қалады. Майда шаруа­шылықтар үшін кү­ріш егу тиімсіз екені рас.


«Қазсушар» РМК Қы­зыл­орда филиалының директоры Жорабек Нұрым­бетов өз кезегінде келесі мәселеге – егіс алқабынан қашыртқыға көп мөлшерде су тастау нәтижесінде ысырап жасалатынына назар аударды. Мұндай фак­тілер де анықталып отыр. Су жетіспеушілігі ке­зінде бұған тіпті жол беруге болмайды. Сонымен бірге ол артистен бастап мұғалімге дейін күріш егуге кірісетінін айтты. Ондай шағын шаруашылықтар не ішкі каналды не қа­шыртқыны тазалауға күші жетпейді.


Ал енді алдағы жылдар қалай болмақ? Өткен аптада су тапшылығына қатысты сала мамандары қатысқан мәжілісте облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова су тап­шы­лығын қайта бол­дырмас үшін алдағы жылдың егісін жоспар­лағанда кү­ріштен басқа суды аз қажет ететін, тиімділігі жоғары дақылдарды егу жолдарын қарастыруды тапсырды.


Осы ретте Парламент Сенатының депутаты Мұ­рат Бақтиярұлы облысты аралау барысында күріш егістігіне қатысты проблемалармен жете танысқанын айта кету керек. Сенатор осындай жағдай келесі жылдары да қайталана бермес үшін Қызылорда облысында күрішті 70 мың гектардан артық егуге болмайтыны жөнінде Үкіметке мәселе қояйын деп отырғанын жеткізді.

«Көксарай» одан артық көлемді қамтамасыз ете алмайды. Түркістандықтар да жыл сайын аталған су реттегішінің түбін қырнап, бізге көмек бере бермейтіні белгілі. Сонымен бірге Сыр маржанын өсірумен жер тегістейтін және басқа да техникалары жеткілікті, әбден мамандандырылған, каналдарды тазалап тұ­руға күш қуаты жететін мықты шарауашылықтар ғана айналасуы қажет деген пікірін алға тартты. Солар ғана барлық агротехникалық талаптарды мүлтіксіз сақтап, егіс алқаптарын инженерлік жүйеге кел­тіріп, үнемі жоғары өнім алады. Мүмкін, күріш егумен айналысатын шар­уашылықтарға арнайы лицензия беру жағын ойлас­тыру керек болар.


Ал майда шаруа­шы­лықтар немен айналыспақ? Олар егін шаруа­шылығын әртарап­тандыруға үлес қосып, суды аз пайдаланатын мал азығы да­қыл­­дарын, бау бақша, же­міс-жидек өнімдерін өсі­руге бағытталуы тиіс. Осы мақсатта қызықтыру үшін субсидия беру жайын қайта қарастырған жөн. Бұл дақылдардың бәріне сұраныс жоғары, оларды еккен диқандардың пайдасы мол болары анық.

Міне, осы проблеманың бәріне Үкіметтің назарын аударып, нақты және тиімді шешімдер шығарылуына күш салынатын болады.


Парламент өкілі сонымен қатар, су тарифінің өте төмен екенін атап өтті.


– Мынаны қараңыз, бір текше метр судың бағасы 28 тиын ғана. Мысалы, 1 гектар жерге егілген күріш піскенге дейін 24 мың куб суды кажет етеді екен. Оны қаржыға шақсақ – 6720 теңге, оның жартысын мемлекет субсидия ретінде төлеп береді. Жыл сайын күрішті суландыруға үш млрд текше метрге жуық су пайдаланамыз, сол судың құны бар болғаны 700 млн теңге шамасында. Бір келі қара күріштің өзіндік құны 80 теңге болса, соның ішінде судың құны 2 теңгені құрайды. Бұл – пародокс. Су – стратегиялық тауар. Сондықтан Үкімет су тарифіне қатысты ұстанымын өзгерту керек, – деген Парламент өкілі жалпы су негізінен кіші Арал теңізі үшін, аймақ экологиясы үшін барынша қажет деп ойын түйіндеді.


Сонымен, биыл об­лыстың күріш алқап­тарында су жағдайы күр­­делі сипатта болды. Егістік көлеміне дұрыс ба­қылау жүргізбеген әкім­дер сөгіс алды. Енді бұл проблемалар қайталана бермес үшін жоғарыда айтылған мәселелердің Үкі­­меттің деңгейінде ше­шілуі бағытында облыс бас­шылығы да, халық қалау­лылары да нақты жұмыстар жүргізеді деп сенеміз.

Тіршілігі Сырдария өзенінің суына тә­уелді Қызылорда облысы үшін ендігі жерде әбден сараланған есеп, әрбір мүд­делі тарап үшін асқан жауапкершілік қажеттігін мықтап сезінетін уақыт келген секілді.


Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<