Татулықтың тамыр бүлкілі

276

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында: «Достық үйлері жалпыұлттық ықпалдастық үшін қажетті орталыққа әрі барлық аймақта Ассамблеяның ауқымды бастамаларын жүзеге асыратын сенімді орынға айналды. Олар әлеуметтік маңызы бар жүзден астам жобаны іске асыруға ұйытқы болды» деп қуатты ұйымның қоғамдағы ролін баса айтқаны белгілі. Бұл жүзден астам ұлт пен ұлыстың мекеніне айналған Қазақстанның әлемдік саяси аренадағы орнын да асқақтатып келеді.

Бүгінде Қызылорда облысында 35 түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Олардың басын біріктіретін 11 этномәдени бірлестік ешбір маңызды іс-шарадан шет қалып көрген емес. «Славяне» этномәдени бірлестігінің 25 жылдығы, татар этномәдени бірлестігінің 30 жылдығы, «Алекс» би өнері мектебінің 25 жылдығы, республикалық «Корё ильбо» газетінің 100 жылдығы, Солтүстік Кавказ халықтарының Қазақстанға қоныстанғанына 80 жыл толуы кең ауқымда аталып өтті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының беделді шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жөніндегі тапсырмасы белсенді түрде жүргізілуде. Осы орайда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өткен жылғы мамыр айында Корея Республикасының Сеул, Тэджон қалалары мен Чоллабук-до провинциясына жұмыс сапарымен барып, Сеулде Ұлттық ғылыми-техникалық және Шинхан университеттерінің президенттерімен кездесті. Бірлескен келіссөздер нәтижесінде Қызылорда қаласында Корея университеттерінің филиалдарын ашу және жергілікті үздік мектеп түлектері үшін арнайы гранттар бөлу жұмыстары басталды.

Облыс әкімдігі тарапынан бірнеше ай ішінде Ресей, Өзбекстан елдерінің бас консулдарымен кездесулер ұйымдастырылып, облыстың сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-рухани, туризм, білім және ғылым салаларында өзара ынтымақтастық орнату жөнінде нақты ұсыныстар талқыланды.

Жоғарыда аталған жұмыстар – көпұлтты елдің тұтастығын берік сақтау, этностардың бір-біріне құрметін нығайту мақсатында қолға алынған игі бастамалардың бір парасы ғана. Ал қоғамның көпұлтты, мәдениет пен тілдердің көптүрлі болуы біздің артықшылығымызға айналып, елдің дамуына берік негіз болып келеді.

Әзербайжан қызы қазақ тілінде білім беріп жүр

Қармақшы ауданының ІІІ Интернационал ауылы – оншақты ұлт пен ұлыс өкілдерін бауырына басқан бірлік мекені. Әзербайжан қызы Гулляр Искендированың осындағы түрік отбасына келін болып түскеніне биыл он үшінші жыл. Еңбек етіп те, ата-енеге қызмет жасап та, бала тәрбиесіне көңіл бөліп те үлгеріп жүрген кейіпкеріміз мақтан тұтуға тұрарлық.

Гулляр 1991 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданының Сарыбай би ауылында дүниеге келген. Ауылында қазақ балалармен асыр сап ойнап өскен оның қазақшасы жатық болды. Мектепті де, жоғары оқу орнын да қазақ тілінде оқып, бітіріп шықты. Жолдасы Мұстафамен Алатау баурайында басталған таныстығы махаббатқа ұласып, 2011 жылы Сыр еліне келін болып қадам басты. Міне, содан бері екеуі Қармақшы ауданының ІІІ Интернационал ауылында жарасымды ғұмыр кешіп келеді.

– Өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығатыныма әке-шешем қарсылық білдірген жоқ. Керісінше қолдап, батасын берді. Үлкендеріміздің ақ тілегі қабыл болғаны шығар, бүгінде үш бала тәрбиелеп отырмыз. Оның екеуі – оқушы. Бұйырса, өсіп-өнген әулетке айналғымыз келеді, – дейді Гулляр.

Кейіпкеріміз – он жылға жуық уақыттан бері ауыл мектебінде химия пәнінің мұғалімі. Осылайша болашақтың тұтқасын ұстар ұл-қыздарды білім мен тәрбиеге баулып, еліміздің ағарту ісіне үлес қосып жүр.

Достық пен татулықтың талбесігі саналатын ауылда ағайынның ауызбірлігі, ортақ іске бір кісідей ұйысуы кең көрініс тапқан.

– Мұнда тұратын түрлі ұлт пен этнос өкілдерінің бір-бірін сыйлауы, бір-бірінің салт-дәстүріне құрметпен қарауы көңілге қуаныш ұялатады. Той-томалақта да, қиын-қыстау кезде де бір-біріне тіреу болып, қол ұшын созуға даяр тұрады. Әсіресе, қазақтың қонақжайлылығы, кеңпейілділігі мен дарқандығы үлгі тұтуға тұрарлық, – дейді Гулляр.

Қазақ, түрік, әзербайжан ұлттарының салт-дәстүрінде айырмашылық бар. Дегенмен, жақындық өте көп. Мысалы, қыз ұзату, келін түсіру, сүндетке отырғызу, тағы басқасынан ұқсастық байқау қиын емес.

– Біз де баланы сүндеттейміз, бір жасқа толғанға дейін бесік той жасаймыз. Келін түсіруде, келіндік қызмет көрсетуде айырмашылық бар. Қазақтың салт-дәстүрлерінен тұсаукесерді ерекше жақсы көремін. Балаларымыз алғашқы қадам жасаған кезде міндетті түрде ала жіппен аяғын байлап, үлкендерімізге кестіреміз. Батасын аламыз, – дейді кейіпкеріміз.

Әзербайжан қызының ата-бабасы қазақ жеріне өткен ғасырдың 40-жылдары, репрессия кезінде қоныс аударған екен. Бүгінгі күні өзі де көптеген ұлт пен ұлысқа пана болған ауылда қазақ халқының қамқорлығын сезініп келеді.

Шешен ақсақал: «Ет асып, бауырсақ пісіреміз»

Жасы алпысты алқымдаған шешен ақсақал Саид Иналов қазақ жерінде өткізген жылдарын сағынышпен еске алады. Ол бүгінде отбасымен Шешенстан астанасы Грозный қаласында тұрып жатыр.

1977-1992 жылдар аралығында кейіпкеріміздің өмірі Қазақстанда, оның ішінде Сыр өңірінде өтті.

– Әуелі Жалағаш ауданының Жаңадария деген жерінде тұрдық. Кейін Сырдария ауданының Сәкен Сейфуллин ауылына қоныс аудардық. Сондағы Бақтияр Мырзашев және Қаламқас Молдашеваның отбасымен бір үйдің адамдарындай араластық. Бақтиярды туған ағамдай көремін. Жырақта тұрсақ та жиі хат-хабар алмасамыз. Жалпы, қазақтың қонақжайлылығына, кеңпейілділігіне тәнтімін. Қазақтар бізді ешқашан алалаған емес, – деді ол.

Саид Иналовтың арғы аталары кезінде қазақ даласына жер аударылыпты. Ал өзі мұнда жұмыс бабымен келіп, тұрақтап қалған. 15 жыл ішінде қазақ тілін еркін меңгеріп, салт-дәстүріне қанықты.

– Шешендердің ұлттық асы жижиг-галнашты тауық, қой және сиыр етінен әзірлеуге болады. Бір ерекшелігі — етті сүйегімен пісіру керек. Әбден бабында піскен ет сүйегімен дәмді болады. Оған бидай немесе жүгері ұнынан жасалған тұшпара дайындалады. Бірақ қазақтың ұлттық тағамына ештеңе жетпейді. Өзіміз үйде жиі ет асып, бауырсақ пісіріп жейміз, – деді кейіпкеріміз.

Екі ұлттың әдет-әдебінде ұқсастық бар.

– Қазақ та, шешен де үлкен келсе, ұшып түрегеліп орын береді. Үлкеннің алдында шылым тартпайды, ішімдікті ғана емес, ол туралы әңгіменің өзін ауызға алмайды, – деді Саид Иналов.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<