Бір ауылға айналған әулет

2287

0

Бүгінде қос келінді бір шаңырақ астына ұстауды жаңалық көріп жүрміз. Ал сегіз келіннің бесеуі бір үйге шоғырланғанын естіп пе едіңіз?!

Иә, шалыс оқыған жоқсыз. Шиелі ауданында он бір баланың бақытына бөленіп отырған отбасы бар. Бала қызығын көру деген осы болса керек. Қазір ғой Еуропаға еліктеп, есімізден танып жүргеніміз. Әйтпесе көпбалалы болу – қазақтың қанында бар қасиет.                                      

Бұл – Шиелі ауданы «Ақтоған» ауылындағы Сейтжановтар отбасы. Бақытын адал еңбектен тапқан әулет ауылдастарының сый-құрметіне бөленіп келеді.

Отағасы Әбдімәлік отанасы Бақтыгүл екеуі өмірге 9 ұл, 2 қыз әкелді. Балалары мен келіндерінің бәрі жоғары білімді. Бүгінде сегіз ұлдан 40 немере, 11 шөбере тарап, ұрпақ сабақтастығын жалғастыруда.

Тоғызыншы ұл да биылдан қалмай той қылмақ ниетте. Әулеттің қос қызы Сырғаш пен Ақерке аналары секілді ізгілік жолды жаңғыртып жүр. Әке тәрбиесі мен ана мейіріміне бөленген шуақты шаңырақ ұлттық тәрбиені өзек етіп келеді.

– Көпбалалы болғаныма шүкір айтып, қуанамын. Балаларым бір-біріне  қарайласады, көмектеседі. Ешкімнен көмек күтпейді. Әйел үшін бұдан артық бақыт жоқ, – дейді алтын құрсақты ана.

Ұрпақ жалғастығы қай ұлт үшін де өте маңызды. Көпбалалы үйдің балалары бауырмал келеді. Бір-біріне қарайласып, көмектесіп жүрген балаларды көріп сүйсінесің. Бұл – біріншіден, ата-анасынан алған тәрбиенің жемісі.

Әбдімәлік ақсақал ұзақ жыл ауылшаруашылық саласында механизатор болып еңбек етті. Жастайынан Жер-ананың қасиетін ұғынып, несібесін молынан тапты. Содан болар жомарт жерге дән сеуіп, ұрпағын еңбекке баулыды. Сөйтті де, егіншілікпен, мал шаруашылығымен айналысты. Уақыт өте келе балалары қолғанат болды. Ұлдары жылқы баптап, күріш екті. Келіндері қымыз сапырып, құрт-май жасап отыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген, барлығы әулетке ортақ шаруашылық жұмысын бірлесіп атқаруда. Міне, «негізінде бар ізгілік түбінде танылады» деген осы болса керек. Еңбектенген адам тауды да, тасты да қопарады деген ұстанымды бағдар еткен әулет заман көшінен қалмай алға ұмтылып келеді. Әбдімәлік қария әулеттің басты қағидасы – еңбек пен кәсіп екенін айтады.

Бүгінде отбасылық кәсіпті дамытып отырған әулет күн көзінен қуат алатын қондырғы орнатып, шағын цех ашты. Биыл 250 гектар жерге күріш, 80 гектарға мақсары, 5 гектарға бақша дақылын егіп отыр. Жалпы, қожалық иелігінде 1263 гектар жер бар. Оның 400 гектары – егістік алқабы, қалған 863 гектары – жайылымдық жер. Қос қария білгенін балаларына үйретіп, келіндеріне қолғабыс болып жүреді. Келіндері де – көпбалалы ана. Үлкен ұлының отбасында жеті бала жетіліп, жоғары оқу орнында білім алуда.  Одан кейінгі шаңырақта алтын асықтай алты бала өсіп келеді. Міне, осылайша әрқайсысында кемі 4-5 баладан бар. Барлығы бас қосқанда құдды бір ауыл жиналғандай көңіл құсын көкке шарлатады.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<