Тегіміздегі «тәуелділік жалғауы»

997

1

Еліміздің Тәуелсіздік алғанына биыл 30 жыл. Ұлттық мүдде, азаматтық ұстанымдарымызды қалыптастыруда бұл аз уақыт емес. Рас,  әлем алдында тарихи-мәдени әлеуетімізді танытуда біршама қажетті қадам жасалды. Дегенмен, әлі де қиюы келіспей жатқан мәселелердің бар екенін жасыруға болмас. Соның ең маңыздысы – ана тіліміздің тұғырына қона алмай тұрғаны…

Негізінде, үлкен іс кішкене қадамнан басталады емес пе?! Айтпағымыз, осындай елдік мәселеге келгенде «менің қолымда тұрған не бар?» деген енжар пікірден арылып, тым болмаса көзқарасымызды ашық таныта білсек, артық емес. Қоғамдық орындарда жүргенде, құжаттар рәсімдеуде, сол сияқ­ты, электронды қызметтерді пайдалану барысында бар­шамыз мемлекеттік тілді қолданып, бауырластарға да  соны ескерте жүрсек, бұл – біздің ана тіліміздің мәртебесін көтеруге қосқан тамшыдай үлесіміз болар еді. Бүгінгі қозғап отырған тақырыбымыз да осыған саяды. Бұл – аты-жөніміздегі орыс үлгі­сімен жалғанған «ов», «ев» жалғауы. Кеңес өкіметінің құра­мында болған кезде жаппай осы үлгіде құжаттандық. Бас­қа амалымыз да болмады. Де­генмен, отыз жылдан бері те­гіміздегі «тәуелділіктен» ары­лып, қазақ­шалауға келгенде ниетіміз болғанмен, құнт жоқ. Сондықтан бұл мәселе әлі күнге басы ашық күйінде қалып отыр.

«Ұлты қазақ азаматтардың тегi мен әкесiнiң атын жазуға байланысты мәселелердi шешу тәртiбi туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы шыққан. Оның мәтіні мынадай: Қазақстан Республикасы азаматтарының тегi мен әкесiнiң атын қазақша жазу тәжiрибесiн қазақ халқының қалыптасқан тарихи дәстүрлерiне сәйкес келтiру жөнiндегi көптеген өтiнiш-тiлектерiн ескере келiп, қаулы етемiн:

1. Ұлты қазақ азаматтар өздерiнiң тегi мен әкесiнiң атының жазылуын қазақ тiлiне тән емес аффикстi алып тастай отырып, өзгертуге хақылы, алайда тегi мен әкесiнiң атының түбiрлiк негiзi сақталуға тиiс. Бұл ретте әкесiнiң атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөз­дерi қосылып, бiрге жазы­лады.

2. Қазақстан Республикасы азама­тының паспортын және жеке басының куәлігін берген кезде құжаттандыру сала­сындағы уәкілетті мемлекеттік орган осы Жарлықтың 1-тар­мағында көзделгендей, тегі мен әкесінің атының жазылуын оңай­латылған тәртіппен, аза­маттық хал-ахуалын жазу ак­тілеріне өзгерістер енгізусіз жүргізеді деп белгіленсін.

Осы орайда айта кетерлігі, тегімізді қазақшалауда бел­гілі бір тәртіпке бағынбаса болмайды. Бұған байланысты филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрман­байұлы баспасөзге берген бір сұхбатында бүгінде елімізде аты-жөнімізді атаудың 18 түрі бар екенін, мұндай жүйесіздікті жөнге келтіру керегін жеткізген екен. Ғалымның айтуынша, бір адамның ба­сында қаншама құжат бар, сол құжаттардың барлығы бір ғана үлгімен жазылса және ол өз ұлтымыздың мәдениетіне сай болса құба-құп. Негізінде, тегімізді жазудың ең кең тараған, ұлттық дәстүрімізге сай екі-үш үлгісіне тоқтаған жөн. Оны да жақсылап талқылап, мамандармен ақылдасып, біріншіден, қазақ ұлтының өкілі екенімізді, екіншіден, қазіргі замандағы түрлі құжаттарды толтыруда тиімді болатын нұсқаларын бекітуіміз керек. Сонда біз де өзге халықтар сияқты қай ұлттың өкілі екеніміз аты-жөнімізден көрініп тұратындар қатарында боламыз. Әр ұлттың аты-жөн жазу дәстүрі мен үлгісі оның төлқұжаты іспеттес. Қазақтың да аты-жөні оның бет-бейнесін, кім екенін көрсетіп тұрғаны жөн.

Тақырып төңірегінде Қор­қыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы, фи­лология ғылым­дарының кандидаты Болат Боранбайдың пікірін сұра­ған едік:

– Ескі құжаттарда қазақ­ша аты жөніміз: өзі және әкесінің есімімен, мысалы, Болат Боранбайұлы деп жазылса, ал әйелдердің ішінде атасының есіміне келіні деген сөз жалғанған. Айталық, Рахия Елтайкеліні деген нұсқадағы құжаттар кездеседі. Сол сияқты, атақты адамдардың есімінің алдына руы жазылған жағдайлар да бар, яғни, Қаракерей Қабан­бай, Шапырашты Наурыз­бай деген сынды. Кезінде патшалық Ресейдің пәрменіне  қарсы тұрып, Алаштың азат­тығын аңсап өткен Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бө­кейхан, Мұстафа Шоқай сынды ұлт көсемдерінің ұста­нымы да біз үшін бұлжымас ба­ғыт десек болады. Тіпті жар­ты әлемді билеген кеңес өкі­ме­тінің тұсында өз есімін Бауыржан Момышұлы деп тай­салмай мойындатқан Ха­лық қаһар­ма­нының ерлігін қалайша ұмытармыз?!

Ал енді «ов», «ев» жалғауы туралы айтар болсақ, оның астары тым тереңде, барлап қарасақ, тіпті анайы тұжырымға барып тіреледі. Ол туралы бірқатар ғалымдар егжей-тег­жей дәлелдеп жаз­ған. Сон­дықтан тегімізге таңба боп түскен бұл жалғаудан мүмкін болғанша құтылғанымыз жөн, – дейді ғалым.

Иә, осыған дейін тарихы­мызда аты-жөнімізді жазудың мынадай да үлгісі болған деседі: шығыс септігінің «нан»-«нен» (дан-ден, тан-тен) жалғаулары арқылы, мысалы: Құнанбайдан Абай, Құдайбердіден Шәкәрім немесе Уәлиханнан Шоқан Шыңғысұлы деген сияқты… (Есімдер тек мысалға алынып отыр.) Айта кетейік, бұл жерде адам өзінің тегіне қай атасын жазса да болады, өйткені қазақта «жеті ата» деген бұлжымайтын заңдылық бар. Сол заңдылықпен ол адамның кімнің ұрпағы екені өз-өзінен айқындалып тұрады. Бір қарағанда, осы үлгі де қолайлы көрінеді. Өйткені қазіргі күні адамның өз аты мен әкесінің атын шатастыруы себебінен де қиындықтар туындап отыр.  Қалай дейсіз бе? Бұл жайында әлеуметтік желіде бір азамат сөз қозғады. Оның айтуынша, мектепте оқитын баласының аты-жөнін айыра алмай, шатастыратын мұғалім әлгі баланы тәртіпке шақырған сайын әкесіне тіл тигізетін көрінеді. Бұл жерде мән беретін мәселе: жоғарыда айтып өткені­міздей, аты-жөнімізді жазуда бірінші өз есіміміз тұруға тиіс. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мір­жақып Ду­латұлы деген сынды. Ал тегі, аты, әкесінің аты деген – орысша үлгі. Десек те, мектептерде сол бұрынғы үлгімен, журналға бірінші тегі жазылады. Шатасу осыдан  туындайтыны белгілі.

Қалалық АХАЖ бөлімі мамандарымен сөйлесіп көр­ген едік, олардың айт­уынша, бала­ның аты-жөні ата-ана­сының таңдауына қарай қазақша немесе бұрынғы орысша үлгіде беріледі. Бірақ бүгінде дүниеге келген баланың 90%-нің туу туралы куәлігіне аты-жөні қазақша жазылады екен. Ал құжат бес жұмыс күні ішінде толық рәсімделіп, қолға тиеді. Сондай-ақ, туу туралы куәлігі бұрынғы үлгіде жазылғанымен, азаматтардың өз қалауымен жеке куәлігін немесе басқа құжаттарын қазақшалауға еш кедергі жоқ. 

Бір қуанатынымыз, жиыр­ма жылдың ар жақ бер жағын­да дүниеге келген балалар­дың құжаттары қазақша рәсім­делген. Бұл жерде кеңес өкіметінің соңын көрген, яғни, 1970-1980 жылдар аралығында туғандар құжатымызды қазақ­шалауымыз керек сияқты. Ал 1950-1960 жылғы туғандар, зейнет жасындағылар және соған жақын қалғандар, олар үшін аты-жөнін өзгерту мін­детті бола қоймас. Айта кетейік, жеке куәлікті қазақ­шалаған күнде басқа құжат­тарды өзгертудің қажеті бол­майды. Тек ауыстыратын құжат және оның көшірмесі, туу туралы куәлік және көшір­месі, егер әскер қатарында болса, әскери билет және көшірмесі, мемлекеттік баж салығы, жергілікті ішкі істер органдары бастығының атына өтініш және қажетті көлемде фотосурет. Айталық, жаңа куәлік алған жағдайда қандай да бір құжатыңызды іздеген болсаңыз, компьютер арқылы қазақша аты-жөніңізді (бұрынғы нұсқасы болса да) тергенде тек бір ғана ЖСН нөмірі шығады.

Жоғарыда айтып өтке­німіздей, «қазақша­лаған­ның жөні осы екен» деп жан-жаққа тартып, әрқайсымыз өз ойымыздың жетегінде кет­пей, белгілі бір ережеге бағын­ғанымыз жөн. Тасқа басқандай тиянақтылық, бірізділік қажет.

Қалай десек те уақыт – төреші бәрін орнына қояды, яғни, тегі­міздегі «тәуелділік жал­ға­уынан» түгелдей ары­латын күн алыс емес.

Ғазиза Әбілда,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<