Жас та болса өзінің еңбекқорлығымен елге танылып жүрген азаматтардың бірі Амандық Әлиевтің есімі Жосалы кенті тұрғындарына, әсіресе, көлік тізгіндегендерге етене таныс. Жастайынан темір-терсекке жақын болып өскен Амандық Алпамысұлы өсе келе мектептегі білімін тәмамдаған соң, Отан алдындағы әскери борышын өтейді. Елге оралады да токарьлық мамандықты игеруде заманында атағы КСРО-ға танымал болған әйгілі Жосалы механикалық зауытына жұмысқа қабылданады.
Сол жылдары аудандағы кәсіпорындар мен мекемелерде көптеген жұмысшылар қысқартуға ұшырап, жұмыссыз қалды. Сондай жағдай зауытта да орын алды. Зауыт өнім беруін азайтуының салдарынан жұмысшыларын да қысқартты. Айлық мөлшері азайды. Бірақ, осындай қиын жағдайды басынан өткерген жұмысшылар бәріне шыдап, елмен бірге еңбек етті, өмір сүрді. Олардың қатарында өзінің еңбекқорлығымен, жауапкершілігімен ұжымда беделге ие болған Амандық Алпамысұлы да бар еді.
Сол жылдары аудан тұрғындарына «Автобаза» атауымен танымал болған кәсіпорынға токарь мамандығымен қызметке орналасқан ол еңбек тәжірибесінің арқасында көлік жүргізушілер ортасында да абыройлы болды.
Амандық еңбек еткен «Автобаза» жұмысын тоқтатқан соң, ол бірнеше мекемеде токарь болды.
Өз ісінің шебері бүгінде «Октябрь топтық су құбыры» мекемесінде еңбек етіп келеді.Күндіз жұмыста ұжым басшылығы міндеттеген жоспарды мінсіз орындаса, кешке өзінің жеке токарьлық шеберханасында ауыл-аймақ тұрғындарына қызмет көрсетеді. Одан қалды Амандық дәнекерлеу ісі мен ағаш ұстасы кәсібін де меңгерген. Темірден түйін түйген кәнігі шебер тұтынушылар берген тапсырыстарды сапалы әрі уақытылы орындайды.
Біз барғанда есік алдында жартылай дайын дарбазаны дәнекерлеп жатқанының үстінен түстік. Ұстаны әңгімеге тартып, күнделікті тыныс-тіршілігі туралы сұхбат алып отырғанымызда қолына автокөліктің болтын ұстаған орта жастағы ер адам кірді. Амандық-саулықтан соң, автокөлігі көшеде бұзылып, бұзылған көліктің болтының жарамсыз болып қалғанын айтып, жаңадан жонып беруін өтінді. Істеп жатқан жұмысын дереу тоқтатып, тапсырысын орындауға шеберханасына кірді. Төрде тұрған станокты қосты. Арада бес-он минут өткен соң қолына манағыдай болттың су жаңасын ұстап шығып, тұтынушыға ұстатты. Ал, өз кезегінде жұмысының тез әрі сапалы біткеніне қуанған жолаушы Амандыққа алғысын айтып жатты.
– Міне, менің тірлігім осы. Көбіне келетіндер – көлік жүргізушілері. Олар жаңағы жолаушы сияқты болт, гайка, втулка сияқты жарамсыз болып қалған бұйымдарды жаңартып әкетеді. Араларында еңбегімді бағалайтындар да бар. Кейбірі көбірек береді, кейде ақшалары болмай қалатындар да кездеседі. Оларға түсіністікпен қараймын. Осының арқасында болар, достарым да көп, ағайын-туыс, көрші-көлеммен татумыз. Көршілердің күнделікті тұрмысқа қажетті құралдарын да жөндеп беру менің міндетім, – дейді шебер.
Н.ӘБІЛАХАТҰЛЫ.
Қармақшы ауданы.
Қармақшы ауданы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<