Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы тағайындалды

271

0

Фото: облыс әкімдігі

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығымен Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы болып тағайындалған Шәріпбеков Бекболат Жүнісәліұлын таныстырды.

Бекболат Жүнісәліұлы 1973 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтын «Агроөнеркәсіп салаларын басқару және оның экономикасы» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1990 жылы Жаңақорған ауданындағы «Келінтөбе» күріш совхозында бастаған. 1998-1999 жылдары «Құмиян» кәсіпорны «Ақниет» бөлімшесінің есепшісі болған. 1999-2010 жылдары «Келінтөбе» ауылдық округі әкімі аппаратында, Жаңақорған ауданы және Түркістан қаласы бойынша салық комитеттерінде түрлі лауазымдарда қызмет атқарған. 2010-2018 жылдары Қызылорда облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясы мен тексеру комиссиясының бөлім басшысы-мемлекеттік аудиторы, 2018-2020 жылдары Қызылорда қаласы «Қарауылтөбе» ауылдық округінің әкімі болып еңбек еткен. 2020-2022 жылдары Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысы, 2022-2024 жылдары Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары болып нәтижелі қызмет көрсетті. 2024 жылдың маусым айынан осы кезге дейін Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.

Аймақ басшысы жаңадан тағайындалған департамент басшысына тілектестік білдірді.

«Бекболат Жүнісәліұлы аймақтың әлеуметтік-саяси ахуалымен етене таныс, мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өтіп, мол тәжірибе жинаған әлеуеті жоғары кадр. Жаңа қызметте облыс бойынша зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыруды, мүгедектерді әлеуметтік қорғауды, медициналық-әлеуметтік сараптаманы, азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуді, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыратын болады. Бекболат Жүнісәліұлы алған білімі мен жинаған мол тәжірибесін күрделі де жауапты саланың дамуына жұмсайды деп сенеміз», – деді Н.Нәлібаев.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<