Ол заманда өзге ауылмен қатысу тек пойыз арқылы. Шойын жол дариядан көп ұзамай жағалап отырады. Мәскеу мен Тәшкен аралығында «55-56» атты пасәжір пойызы қатынайды. Әр разъезге аялдайды. Сұлутөбенің ығында жайғасқан Керкелместен қалаға тікесінен елу шақырымның ояқ-бұяғы бола тұра, қамыс зауытының ағаш бортты ГАЗ-51 жүк машинасы сәскеде аттанып, қырдың оралма жолсызымен асықпай ырқылдап, Телікөлден Сырға шаршап-шалдығып жеткен салт аттыдай, шабырдан Қызылордаға Оспан көпірінің үстімен күн бата зорға құлайды.
Жаз бойы дария шалқып тасиды. Көп жерде шойын жолдың екі жағы көз ұшына дейін күнге шағылысқан су астында. Шағала ұшып, қаз қонып, тұқымын шашып жатады балық сол айдында.
Соғыс кеше ғана аяқталған. Бес-алты жастамыз. Әке үйдің орнындай жер ашып, бір қалта күріш себеді. Су мол, ол арықпен келеді. Күзде күрмегі аралас екі-үш қап күріш аламыз. Анамыз күрмегін айырады екшеп. Оны келіге түйеді.
Сосын диірменге тартып ұн шығарады. Тапа нан пісіреді. Тығыз, көкшіл нанның дәмі қышқылтым, бірақ тәтті. Сол кездің осы нанын аузына салмаған бала Сыр бойында кемде-кем. Арасында жүгерінің аппақ нанын да жейміз. Бидайдың сары наны – жеңсік ас.
Қазір сынға қия салуға даяр сол уақтағы Кеңестер Одағы сауапты іс атқарды. Дария суын адам күнкөрісіне бұрды, өзенге тас бөгет салды. Байтақ жер тегістеліп, егінге су төгер каналдар қазылды. Күрмегі жоқ күріштен мол өнім алынды. Егіншілер табысқа кенелді, бақуат тұра бастады. Мал шаруашылығы да оңды өзгерістен тыс қалған жоқ. Малдың қоңын жоңышқа қалыңдатты. Сүт пен ет көбейді. Ел еңсесі биіктеп тойынды.
Мелиорацияның арқасында туған өлке түледі, танымастай өзгерді, аймақ күріш өндіру орталығына айналды. Суармалы алқапты тұрғызған құрылысшылар құрметке бөленді. Егіншілер де кенде қалған жоқ. Алып диқан Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары көбейді. Күрішті өсіруде олар бұрын-соңды болмаған биік нәтижеге жетті. Алдына шығып, өрлеген бірегейлері марапат шыңына көтеріліп, Еңбек Ері атағына иелік етті. Аудандар мен ауылдар арасын жалғаған тас жолдар салынды. Егіншілер су жаңа үйге қоныстанды.
Бүгін суармалы жердің мәні анау айтқан жоғары емес. Өзге аймақтар сияқты біздің өңірде де біршама уақыт болды жер қыртысы қазба байлығы тұрғындардың бас күнкөрісіне айналған. Суармалы егіс кейінге ысырылды. Бұл дұрыс та шығар. Әр заманның өзіне лайықты бас кәсібі болады дегендей. Мүмкін, бір жағы осыған байланысты суармалы алқаптарда жұмыс атқаратын мамандар саны мен құрамының күрделі өзгеріске ұшырауы да.
1980-1990-жылдары облыс көлеміндегі шамамен жүздей егін шаруашылығында екі жүз елудей жоғары және орта білімді су маманы берекелі істер атқарған. Қазір шаруашылықтар ұсақталып, саны бес жүзге жуықтаса, оларда егісті суару ісін басқаруды небәрі отыз ғана су мамандары жұмыс атқаруда. Демек, қажеттілікпен салыстырғанда су маманы жетімсіздігі бүгінгі күні екі жүзден асады. Ендеше, суармалы алқаптардағы ылғал ысырабының басты себебі – шаруашылықтарда су мамандарының тапшылығы, көбінде тіпті жоқ болуы.
Табиғаттың заңдылығына орай бұл болмыста небір материалдық қордың шектеулігі белгілі. Сондықтан, қазір өңірдің басты экономикалық, әлеуметтік негізі болып келе жатқан қазба байлығымыз жылдар өткен сайын азаяды, кім білген, мүмкін, өкінішке қарай, сарқылар. Азаймайтын, кемімейтін, таусылмайтын, өшпейтін несібеміз, байлығымыз да бар. Ол – жер мен суымыз. Ол – ұлы Сырдариямыз.
Уақыт өткен сайын тұщы су қоры кеми беретіні даусыз. Сондықтан Сырдария өзені суын тиімді пайдалануда келешекте қиындықтар кезігетіні анық. Солай болғанда қандай шаруаға бағытталмасын, ылғалды барынша тиімді пайдалану басты мәселеге айналады. Мейлі, өндіріс немесе адамның қажеттігі болсын.
Бұл жағдайда егін шаруашылығы да көп қиыншылықтарға кезігеді. Мәселен, казір аймағымызда өскен күріштің әрбір гектарына орта есеппен 23-25 мың текшеметр су беріледі. Бұл айтарлықтай көп. Ал, күріштің тікелей суға деген қажеттілігі сегіз жарым-тоғыз мың текшеметр. Бүгін беріліп жатқан ылғал мөлшері оның қажеттілігінен екі, екі жарым есеге жуық жоғары. Бір уақытта күріштің маусымдық суару мөлшері гектарына 15-17 мың текшеметрге төмендеуі де мүмкін.
Бірақ, бұл, сөз жоқ, мамандардың, әсіресе, су маманының қайырымды жоғары білігі мен ықпалы арқылы болады.
Ауылда жетіжылдық мектепті тәмамдап қалаға келдім. Ойым – орта мектепте оқуды жалғастыру. Ата-анаммен жақсы таныс ағаның үйінде жаттым. Ол кісі белгілі азамат, мекеме басшысы. Бір күні сол аға: «Сен гидротехникумға түссейші, осы сала қазір облыста жақсы дамып келеді. Орта мектепті де бітіресің және мамандық та алып шығасың» деді. Бұл кеңес маған мықты әсер етті. Сөйтіп, 1959 жылы гидротехникумға түстім. Осыдан, шүкір, жаман болған жоқпын. Өңірде жерді мелиорациялау ісі қарқынды жүргізілді.
Суармалы алқаптар аймақ азаматтарының басты күнкөрісіне айналды. Ол кезеңде су маманының беделі жоғары болатын. Айта берсек, сонау жылдары облыстың бірінші және екінші басшылары белгілі су мамандары болғанын да көрген бұл аймақ.
Алайда, қазір бұрынғы бедел мен атақты көксеп отырғанымыз шамалы. Көздегеніміз – аға ұрпақтың ерен еңбегі арқылы салынған инженерлік жүйедегі суармалы жердің келешекте тозып, қиналып, жетімсіремегені. Өйткені Кеңес дәуірі кезінде қыруар қаржыға салынған осы қазына күтімін жақсы ұйымдастырып, дариядан бастау алып, келетін арналарды өз дәрежесінде баптай білсе өңір халқының сарқылмас несібесі.
Бірде ойламаған жерден дәрісханаға байқамай кіріп қалып, айтысып отқан екі студенттің үстінен шықтым.
– Кім болатыныңды білесің бе? – деді біреуі.
– Кім болушы ем, сушы да, – деді екіншісі.
– Ылғи таяз ойлайсың-ау сен! Сушы емес, егін мен судың тілін білетін, туған жердің жанашыры боламыз, – деді алғашқысы.
Сұрастыра келе, сол баланың ауылда өскенін анықтадым. Екіншісі қаладан екен.
Сол айтқандай, алдағы уақытта, балаң кезімде кезіккен ағадай енді ғана үлкен өмір жолын бастауға ұмтылған жасқа «Осы салаға бар, су маманы болсаң жер мен судың тілін жетік білесің, содан сен елдің де, жұрттың да, ата-ананың да қадірін толық түсінесің» деп айтар үлкендер шығар ма екен ертең? Шыққанда қандай! Сыр бойы қасиетті өлке, мұнда кезінде ұлы ойшылдар өмір сүрген, ел қамын армандаған жыраулар жырын төккен, аталы сөз қалдырған бабалар тірлік еткен. Керек болса, осы өлке қазақы өнеге-үрдіс пен тәлім-тәрбиенің тарихи ошағы да болған.
Ендеше, осының бәрі тегін емес, мұның бәрі босқа кетпейді, осының соңы қайырымды берекемен жалғасады. Сондықтан, келер ұрпақ қазіргідей, қазіргіден де саналы, ақылды, өнегелі болады. Олар өзінен бұрын жұрттың, елдің қамын алға қояды, келешектің, болашақтың есесін барынша қорғайды. Олай болса, жоғарыдағы сұрағымыздың біз күткендей жайлы, жағымды жауабы дайын!
О бастан Сыр елі аймақтың келешегі мен болашағын түбегейлі ойлаған, өндірістің адам қарекетіне қызмет етуін сайлаған, әрбір отбасының жағдайын өз ұл-қыздарының күйінен кем көрмеген, сөйтіп, түптің түбінде алдағы өмірге биік кемеңгерлікпен көз салған шаруашылық басшыларына кенде болмаған.
Сонау заманда өз көзімізбен көріп немесе оқып біліп, болмаса естіп, сезгеніміз әлі де берік жадымызда. Сол тұлғалы азаматтардың қатарында Нағи Ильясов, Алдаберген Бисенов, Ұзақ Еспанов, Шамахан Құндызбаев, Шәзінда Қарақожаевтай ағаларымыздың есімдері бұқаралық ақпарат құралдарында, ел аузында алдымен аталатын еді.
Бұл азаматтар шаруашылықтарды ұзақ басқарғанда жанындағыларды өндірістік бағытта тиімді пайдаланумен қатар, алдымен оларды ауыл болашағын ойлап, бағалауға үйретті және тәрбиеледі. Демек, шын мәнінде олар алдымен ұстаз болыпты. Олар мамандар құрамын түбегейлі жасақтапты. Болашаққа жоғары білікті мамандарсыз аттанудың жөні мен реті болмайтынын көреген басшылар өзгеден бұрын сол заманда сезіп біліпті.
Осы азаматтар басқарған шаруашылықтар кезінде өзгелерге үлгі-өнеге болды, оларды соңынан ілестірді, сөйтіп, бүкіл аймаққа, елге, беткеұстар тұлғаларға айналды.
Айналамызға назар аударып, көңіл қойып бағдарласақ осы күні де елдің, туған жердің болашағы үшін өнегелі іс атқарып жүрген шаруашылық жетекшілері баршылық. Олар қарамағындағы суармалы жерді жақсы күтіп, жиі тегістеп, су келетін арналарды қайырдан, қамыс пен шөптен аршып, күріш атыздарына су өлшеуіш құрылғылар қойып жоғары нәтижелерге жетіп жатыр.
Ендеше, бұлар да ауылының жастарына: «Алға ұмтыл, қарағым, жер мен судың қамын ойла, сонда сен ел үмітін ақтайтын боласың. Ел үмітін ақтағаннан өзге биік бақыт болмайды!» деп соңындағы ұрпақты құтты, даңғыл жолға бағыттайды. Демек, аға ұрпақ салып, көрсетіп кеткен сара жол олардың қазіргі ізбасарларына айнымас үлгі мен өнеге екен. Тарих дәлелдеген, көрсеткен, мойындатқан бағытпен болашаққа құтты қадам жасайды бүгінгі шаруашылық басшылары. Ендеше, қазір қиналыста жүрген өңір су шаруашылығының жағдайы алдағы уақытта оң өзгеріске бой ұрып, шыңдалатынына сенім мол.
Жоғары білікті су маманын біз бүгінгі күні Сыр өңірі егін шаруашылығының бет-бейнесін анықтаушы, өзге мамандықтарды біріктіріп осы саланың бүкіл тірлігін ұйымдастырушы, онсыз өңірде өсетін күріш, жоңышқа, жүгері, бидай, өзге де дақылдар егісінің Сырдария суына түгелдей тәуелді екенін ескеріп, осы маманның орны мен маңызын мойындауға міндеттіміз. Ежелден белгілі, Сыр өңіріне ғана тән жағдайды, осы аймақта өсетін дақылдар Ұлы табиғат берген дарияның ылғалы арқылы ғана өнетінін есте сақтауымыз керек. Сонда біз бүгін байқап отырғанымыздай, келешекте де осы өңір шаруашылығы елді арзан да, сапалы күрішпен қамтамасыз ететін аймақ болып қала береді.
Кейде, оңашада, су шаруашылығы саласын қолмен құрып, баға жетпес суармалы алқаптарды аймақ азаматтарының игілігіне ұстатып кеткен, көзін көрген, өнегелі тәрбиесін алған Ержігіт Бозғұлов, Сабыр Арыстанбаев, Айқынбай Дүйсеков, Елтай Құтыбаев, Елтай Тыныштықбаев, Мәделхан Нәлібаев ағаларымыздың келбеті көз алдыма келгендей болады. «Ұрпақ жалғастығы» деген аталы сөз баршамызға мәлім. Ендеше, «Сушылар ұрпағының жалғастығы» сол мағыналы ұғымнан шықпай ма?! Бүгін бірігіп осыған перзенттік жанашырлық көрсетіп, болысып атсалыспасақ сол жалғастық жіңішкеріп-ақ тұр, ағайын! Ауылда әлі жөн-жобаны білетін, алдағы ағалардан үйренген, көзі қарақты азаматтар бар бірен-саран.
Ендеше, олардың қатарына балғын, жас леп су мамандарын ілестіріп, тездетіп, жеделдетіп қосайық. Олар жеткіншек жастарға бар білгенін үйретіп үлгерсін. Сонда ғана біз ардақты ағалар рухының кәріне жолықпай, келер ұрпақ мейіріміне бөленеміз!
Ауылға зәру су мамандары қатарының соншама сиреуінің мәнісі неде, себебі мен шешімі қайда? Өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші жылдары Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институты гидромелиоративтік және гидротехникалық құрылыс факультеттеріне әр жылда үш жүзден астам студент қабылданатын. Олардың басым көпшілігі ер балалар болатын.
Ендеше осы жастардың үштен біріне жуығы біздің облыстан еді. Оқу бітіргесін олар міндетті түрде ауылға оралатын, қысы-жазы аяғынан етігін тастамай егін басында жүріп, дақылдарды суарумен айналысатын.
Қазіргі жағдай өзгеше. Су мамандары негізінен үш қалада дайындалады. Біздің университетте алғашқы жылдары жыл сайын елу шақты студент қабылданатын. Міне, кейінгі он бес жылдан бері соның мөлшері 15-20-дан аспай келеді.
Студенттердің басым көпшілігі – қыздар. Ұлдар емге ғана табылғандай. Енді түсініп отырмыз, біз студент санына қарап, мәз болыппыз. Сөйтсек, осы мамандыққа иелік еткен қыздар ауылға аяғын баспайды екен. Оларға ауылға бар, егін егуді басқар деп айтудың өзі артық, тіпті қиянат екен. Аяғына етігін киіп алып, кетпенін арқалаған егіншінің алдына түсіп, туған жер батпағын кешіп, шаңын жұтып, өз ауылының абыройы үшін қажырлы еңбек ету ер азамат үшін жарасымды екен.
Сондықтан, ауылды білікті, жоғары білімді су маманымен қамтамасыз ету үшін енді осы мамандыққа барынша ұл балаларды қабылдау қажет. Бұл осы күнгі болмыстың талабы. Осыған тиісті ықпал мен көңіл қоя білсек шешілетін мәселе, әрине!
Соңғы жылдары өңір басшылығы университет студенттер құрамын жасақтауда мол жәрдем беріп келеді. Жағдайы төмен отбасынан шыққан, мемлекеттік грантқа бағалары төмендеу болып, іліге алмай жатқан жастарға облыс әкімінің гранттары бөлінуде. Аудан әкімдері осы маңызды мәселеге көңіл бөліп, өңір басшысының грантына ауданға қарасты отбасылардан шыққан ер балаларды бұрып, бағыттаса нұр үстіне нұр болар еді.
Сыр бойы азаматтары осы қасиетті өлкеде өмір сүрген ардақты бабалар сарқытынан ауыз тиген, олардың дуалы сөзін ұғып, өнегелі ұлағатын санасына сіңірген. Одан жаман болған емес. Сонымен қатар Сырдарияға оның барлық тұсынан құйған сумен бірге қосылған ұлан-ғайыр жердің ізгілік қасиеті мен нұрын да Сейхунның арынды ағысымен бұл аймақ халқы қашаннан бері өз игілігіне пайдаланып келеді. Әрине, оның арасында жоғарыдан аққан, адам үшін пайдасы аз, кейде зиянды қалдықтар мен ерітінділер бар болған шығар. Мүмкін, олардың зиянды әсері бізге мол жанашырлықпен болысқан Сыр арнасының айбынды, жойқын күшімен уатылып жұмсарған да шығар. Кім білген, бұған қоса жоғары жақта орныққан елдер азаматтарының іштей болса да бізге жақтасқан, жаны ашыған ниеттері мен ақ пейілдерінің ықпалы көрер зиянымызды жұмсартқан да болар.
Қолда бар ылғалды ұтымды пайдаланып, әрбір тамшысын дақыл мен көкөністің, екпе талдың қажетіне беру аймағымызды көгалдандырады, ауа райының тиімсіз, қатал жақтарын жұмсартады, экологияны жақсартады. Ауылдың ахуалы оңалып, адамдардың күнкөрісі жеңілдейді. Түптің түбінде бұл ұлтымыздың рухани діңгегі – ауылды нығайтады, күшейтеді, тұрақтандырады. Кенеттен ауа райы өзгеріп, жаңбыр мол жауып жазда егіндік өзінен өзі мол ылғалданып, дақыл өз-өзінен өніп-өсіп, ұлы дария ағысын тоқтатпаса, мойындап, мойындамасақ та, түсініп, түсінбесек те, осы аймақта су маманы шешуші, басты тұлға болып қала береді. Осыны ұғынып, соған жағымды ықпал жасау – баршамыздың міндетіміз. Әрқайсымыздың күнделікті күйбең тірлігіміз бұл өмірде жеткілікті.
Ол ешуақытта таусылмайды. Дегенмен, біздің мойнымызда тұрған басты міндетімізді де есте сақтағанымыз абзал. Ол – өңірдің басты күнкөрісіне айналған суармалы алқаптарды өз дәрежесінде игеріп, сақтап, тиімді пайдалануын қамтамасыз ететін ұрпақ дайындап, қолдап, баулып тәрбиелеу.
Туған жерді көркейтіп, өркендету жолында өңір басшылары, жол көрсетер үлкендер, өндіріс жетекшілері де оң ықпалын тигізері һақ. Бұл күмәнсіз. Асықпай отырып, алысқа шаптық дегендей, ой қозғап, біраз сөз аударыппыз. Бірақ, неге екенін білмейім, көп нәрсеге күдікпен қарайтын көңіл әйтеуір күптілеу. Ойланамын, себебін іздеймін. Түсінгім, тапқым келеді. Ақыры тапқандаймын! Ендеше, келешектің бас тұлғасын байқамай естен шығарып алыппыз. Сөзіміздің түйінді ұшын, садақ оғындай тиер тұсын, барар жерін ойымыздан алшақтатыппыз. Өңір жастарын, бақытты болашақ армандаған жеткіншектерді ұмытыппыз. Олардың түпкі ойларын білер ме еді, шіркін! «Бізді несіне ысырған, тыс қалдырған? Ағалар неге ойымызды білгісі келмеген?.. Келешекте атқарар мағыналы ісімізге әкелер неге мән бермеген?» деуі әбден мүмкін ғой олардың!.. Бұл, бүгін мектеп қабырғасында жүрген, ертең-ақ білім ошақтарынан шығып, ел қарекетіне тікелей араласатын жастардың ойы. Қарап отырса, ойлары орынды, салмақты. Олай болса, мұны неге ескермеске? Неге оларды өз жағымызға шығармасқа?!
Кейінгі жылдары қалыптасқан жағдайға сәйкес орта мектеп бітіргендердің басым көпшілігі Алматы, Нұр-Сұлтанның жоғары оқу орындарын таңдап сол үлкен шаһарларда білім алуда. Өте жақсы. Оқу бітіргесін көпшілігі осы қалаларда қоныстанып, еңбек етуде. Бұған ешкім қарсы емес. Осыған олар құқылы. Бірақ, солардың көпшілігі армандаған қызметтерін атқарып жүр ме, жоқ па? Күмән баршылық. Ендеше, үлкен қалада әйтеуір бір күніңді көріп жүргеннен гөрі өз ауылыңның нағыз жанашыры, туып-өскен жеріңнің белді маманы болғанға жетер не бар екен?! Осыны терең түсінсек игі әрі үлкеніміз ұғындыра алсақ абзал емес пе?!
Осыдан жүз жыл бұрын Шораяқтың Омары баласына жазған хатында: «..Білімсіз іске аспайды дәркілдек би…» депті. Сол сөз бүгін де күшін жоймапты. Сыр елінің суармалы алқапты ауылын көркейту үшін бүгін білікті де, білімді су маманы қымбат. Ол тапшы, ол сондай қажет-ақ! Осы маманның орындар игілікті істері мен атқарар қайырымды жұмыстары бастан асады. Әрбір атызды түбегейлі белгілеп, тіркеуге алу, оның тегістігі мен топырақ құнарлылығын зерттеу, бетін екі-үш жылда қайтадан тегістеуге алдын ала мәлімет дайындау, тегістеу ісін қадағалау, күріш егісінде су өлшеуіш құрылғыны орнатуды бақылау, дақылдарды тиімді суару әдістерімен ылғалдандыруды ұйымдастыру, шаруашылықта суды пайдалану ережесі мен жоспарын жасау, жаз бойы егінге берілген су мөлшерін нақты гидрометриялық өлшеулер арқылы есептеу, өңірлік су шаруашылығы мекемесі мамандарымен білім жарыстыра тайталаса, әр тамшысы құнды қаражатқа түсетін судың көлемін жаңылыспай анықтау. Міне, осы маңызды істерді су маманынан өзге кім атқарады?! Ешкім! Осылар орындалмаса суармалы жер жүдейді, күйзеледі.
Түбегейлі зер салар болсақ, Сыр өңірі – атам заманнан суармалы егіншілікті кәсіп еткен, еңбекқор диқандар мекені. Мұны біз тарихымызға зейін аударып байқадық. Сол тарихты кеше ғана дүниеден өткен Мәделхан Нәлібаев жазып кетіпті. Осы кісінің «Шежірелі Сыр бойы» атты кітабын оқығанда әр азаматтың ойына өзі туып-өскен ауылы түсетіні анық. «Сыр мұрабтары адамнан дәметпей, Алладан су сұрап, ел мен жер байлығын молайтқан, халқының қамқоршысы болған. Мұраб суын береді, диқан дәнін себеді, ел несібесі өседі» деп тұжырымдайды Мәделхан аға. Барып тұрған осы шындықпен кәне, кім таласар екен?!
Аймақта ертедегілердің басты тірлігі егіншілікпен қатар балық аулау кәсібі болғаны жөнінде мәліметтер жеткілікті. Сыр бойында көлдер мол болған. «..Сексен көл Көкшетаудың саясында. Әрқайсы алтын кесе аясында…» демекші, сол заманда Сыр бойында бірнеше сексен көл болыпты маңайы мен қолтығын ырыс пен байлыққа толтырған. Қолдап қазылған өзектер ауқымды жерді қамтып, бірнеше көлге су ағызып, соңында қайтадан дарияға қосылған. Сол арналар жер көлемін, биіктігін өлшеуге қажет құралдар жоқ кезде қазылған. Соған қарамастан, олардың бағытын тиімділікпен болжап, арна еңістігін жоғары дәлдікпен тек көзінің өткірлігімен, ақыл-ойының жүйріктігімен жобалаған ертедегі су мамандарына қалай таң қалып, дән риза болмассың?! Қазір көп нәрсені ғарыштан суретке түсіріп, зерттеп, тауып жатады. Кім білген, мүмкін Сыр бойында ертеде қазылған өзектер мен ірі арықтар ирелеңін ғарыштан қараса: «Ей адамдар, адал еңбектеніңдер, сол еңбек арқасында ер де, ел де көгереді» деген жазу көрініп те қалар! Өйткені, соның бәрін жасаған өзінікі емес, өзгенің қамын солайымен ойлаған қасиетті бабаларымыз бен әкелеріміз.
Бір қызығы, бұл аймақтың о бастан ата кәсібі мұраб екенін енді ғана түсінгендейміз.
Өткен ғасырдың 50-80 жылдарында жүргізілген суармалы алқаптарды салу жұмыстары, шамасы, бұрыннан үйреншікті, ата кәсібімізді жаңғыртып, оған тың, күрделі қарқын бұйыртыпты. Шамасы, туған табиғаттың ұйғарымы осындай болған шығар. Бұл Сыр бойының маңдайына жазылған өзгермес тағдыры да болар. Ұлы табиғаттың берген өзені мен аймақ ауасының ыстығы, екпе дақылдың баршасы тек қолдап ылғалдау арқылы өсуі, Сыр бойын мықты ерекшелеп, оған өз алдына мол сый тартыпты. Осы өлкедегі жер мен су байлығын бабалар ұрпағына аманаттапты. Сол қасиетті тапсырманы ағаларымыз өткен ғасырда асқан жауапкершілікпен іске асырып соңына аймақ азаматтарының несібесін еселейтін суармалы алқаптарды қалдырыпты. Ендігі кезек біздікі, ағайын! Міндетіміз – қолымызға тиген мол ырыс пен несібені қажытпай, аздырмай болашаққа жеткізу!
Жөнді сөз бен үйлесімді істің қасында маңайласып саумалдау пікір де жүреді дегендей, мәселеге дәрменсіз, немқұрайлылау біреу: «Соншама осыны әңгімелеудің қажеті қанша? Ағып жатқан Сырдария бар, канал сағасындағы қақпаны ашсаң су құйылады күріш атызына өзі барып» деуі де мүмкін. Рас, бүгінге дейін кейде солай болған да шығар. Келешекте олай болмайды. Өйткені, алдағы уақытта судың сұранымы күрт өседі, осыны бүгін байқап та, көріп те келеміз. Мойындайық, мойындамайық алдымызда тұщы су ең қымбат затқа айналады. Сол уақытта, сөз жоқ, ұлы өзен жалыққаннан, өзге жөнді амалдың қалмағанынан дария суын пайдалануда барынша ізгілікке, мәдениеттілікке, әділеттілікке иіліп, бас ұрады.
Сол елдер мамандарынан жасақталған беделді ортақ ұйым суармалы алқаптарда ылғалды алдын ала келісілген ережеге сәйкес пайдалануды қатал да жіті бақылайтын болады. Сол ұйымда өңірдің білікті мамандары да көрініп, судың ұтымды пайдалануын үйретіп, көрсетіп қадағалайды. Аймаққа бөлінетін су мөлшері осы мамандардың білігі мен жауапкершілігіне де тығыз байланысты болады келешекте!
Сонда мықты білікті су маманы қайдан шығады? Осыны бүгіннен ойлайық, ағайын!
Серікбай ҚОШҚАРОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
профессоры, техника ғылымдарының
докторы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<