Ұрпақтар сабақтастығының алтын тіні

921

0

Отбасы – берекесі мен бірлігі, тәлім-тәрбиесі қалыптасқан шағын мемлекет. Адам баласының тіршілікпен танысатын алғашқы бастау бұлағы.

Құндылықтарды мемлекеттік деңгейде мерейін асыра насихаттау жұмыстары жолға қойылып келеді. Биыл «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық сайысына аудандардан бірнеше отбасы жолдама алып отыр. Олардың барлығы да «Мерейлі отбасы» деген атқа лайық.

Сарыбаевтар отбасылық ансамблі сонау 80-жылдардың бел ортасында құрылып, халықтық атағын алып та қойған. 1987 жылы Алматы, 1991 жылы Украина сахнасында өнер көрсетіп, отбасылық ансамбльдер арасында өткен бүкілодақтық сайыста жүлделі бірінші орынды қанжығаға байлаған. Содан бері аймақ мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Ансамбль жетекшісі  Өмірбек Сарыбаев – бүгінде алпыстың асуын бағындырған талант иесі.

– Келешекте ізімізді басып келе жатқан жастар көбейе берсін деген тілегім бар. Елдің тыныштығы мен татулығына ерекше мән беріп, отбасы құндылықтарының құлдырамауын қадағалап, осындай ұрпаққа қажетті ұлттық байқаулардың өтуіне бас-көз болып, бізге құрмет көрсетіп жатқанына алғысымды айтқым келеді, – деді Ө.Сарыбаев.

Негізі халықтық отбасылық ансамбль мүшелері кәсіби музыка мамандары емес. Атаның қанымен, ананың сүтімен бойға өнер дарыған тума таланттар. Таңдаған мамандықтары сан-салалы, кәсіптері де әртүрлі.

Ән мен жырдың асыл мекенінен шыққан талантты перзенттер қазақ өнері мен мәдениетінің дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. Бүгінде елдің алғысына бөленген мерейлі әулетке айналды.

– Қоғамда осындай рухани-әлеуметтік діңгегі берік отбасы құндылықтарын насихаттау үшін 2013 жылдан бері «Мерейлі отбасы» байқауы өткізіліп келеді. Бұл – мазмұны мен тәрбиелік жағынан өзгеше іс-шара. Аға буынға «артымда қандай ұрпақ қалдырам?» деген ой салып, жас буынды әке салған жолды жай ғана жалғастырып қоймай, тың идеялармен байытып, жаңаша қарқынмен жетілдіруге жетелейді, рухани байытады. Бұл ұлттық конкурс ұрпақтар сабақтастығын, елге қызмет етудің ең озық үлгілерін көрсетіп, өнеге алатын сайыс болуымен де қоғам алдындағы құндылығы арта түспек. Сарыбаевтар отбасын ауылдастар мақтан тұтады. Облыстық кезеңге сәттілік тілейміз, – деді Шаған ауылының әкімі Ұлбала Әбдіраманова.

Айта кету керек, Сырдария ауданында байқауға аудан орталығы мен елді мекендерден 20-ға жуық отбасы өтініш білдірген. Олардың 13-і арнайы Алғыс хатпен марапатталса, 5 отбасы жүлдегерлер қатарынан көрінді. Байқаудың облыстық кезеңіне Шіркейлі ауылынан Есенхожаевтар отбасы және Шаған ауылынан Сарыбаевтар отбасы жолдама алды.

Халқымыз әкені асқар тауға балаған, «Жұмақ – ананың табанының астында» деп санаған, «Бала – бауыр етің» деп ұрпағына ерекше қамқорлықпен қараған. Байқау осы салтымызға салғырт қарамауға жетелеп келеді. Сондықтан да үздік шыққан үлгілі отбасыларды насихаттауға атсалысып келе жатқан жобаның желісі үзілмесін деп тілейміз.

Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<