Жандарбектің жан әлемі

1943

0

Әлем елдерінің мемлекеттігін айқындайтын нақты нышаны – оның рәміздері, яғни, Елтаңбасы, Туы, Әнұраны.

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Қазақстанның мемлекеттік рәміздері 1992 жылы 4 маусымда бекітілді. Ал, 2007 жылдан бері патриотизмді насихаттайтын дәстүрлі мереке күніне айналды. Расымен де рәміздердің мемлекет үшін алар орны ерекше. Соның ішінде Елтаңбаның да өзіндік мәні, егемендікті, азаттықты, мәдени және тарихи дәстүрді айқындайтын ерекшелік белгісі бар.

Ресми деректерге сүйінсек, Елтаңба үшін 245 жоба дайындалған. Осы жобалардың ішінен үздік дегені таңдалды. Оның авторы белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

1992 жылы қаңтар айында қазақ баспасөзі беттерінде Қазақстан Республикасы рәміздеріне бәйге жарияланғандығы туралы шағын хабарлама шықты. Ол кезде Жандарбек Өзбекстанда, Ташкент, Самарқанд, Әндіжан қалаларындағы бірнеше сәулеттік жобаларды жасауда сан мәрте жеңімпаз атанып, соның жайымен жүрген. Жұмыс болғасын бәрі белгілі, шаруасы шаш етектен келеді. Жандарбек Ташкент политехникалық институтының сәулет факультетін бітірген. Бірнеше жобалардың Бас сәулетшісі, Өзбек өнеркәсіптік ғылыми-зерттеу институтының қала құрылысы шеберханасының жетекшісі болды.  Ал, рәмізге қатысты ойды біз автордың өз аузынан естісек деймін.

«Бәйге туралы оқығаннан кейін, «осыған кіріссем» деген ой келді. Бір айдай ойланып-толғанып, қабырғаммен кеңестім. Елтаңбаны қалай етіп жасасам деп күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылдым. Бұрындары Ташкенттегі Қазақтар орталығында «Достық» деген газет шығарған болатынбыз. Газеттің «шапкасына» шаңырақ күлдіреуішінде айқасқан екі қол салғанбыз. Осыны Елтаңба негізіне алғым келді. Әрі ойланып, бері ойланып, бір ай уақыт қалғанда ойымдағы нұсқаны жасауға кірістім. Біріншіден, Абай атамыздың өлеңдерін, қара сөздерін еске алдым. Ол сөздердің мағынасы тым тереңде жатыр ғой. Мен Абайдың кітаптарын жан қалтамнан тастамаймын. Абай атамыз: «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол, өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» дей келе, «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой» деп ақыл қосады. Қазақтың бар болмысы осы сөздердің ішінде емес пе? Қазақтың табиғатын Елтаңбаға сыйғызуға тырыстым. Екіншіден, Қазақстан Тәуелсіздік алып, Отан болып отыр. Ал дана қазақ «Отан – отбасынан басталады» дегенді айтады. Ертеректе қазақтар киіз үйде өсіп-өнген. Сол қазақ тағы да «шаңырағың биік болсын, керегең кең болсын» дегенді айтады. Сондықтан Елтаңбаға мен киіз үйдің төбесінен қараған көрінісін алғым келді. Уықтары сәуле секілді шашырап тұрады. Осы киіз үйде қазақтың әл Фарабиі де, Абылайы да, Абайы да дүниеге келді ғой. Қазақтың байы да, кедейі де киіз үйді мекендеген. Бір ғана киіз үйдің ішінен қазақтың барлық дәстүрі мен мәдениетін табуға болады. Сол киіз үйді Елтаңбаға әкеліп салдым. Сосын былай алып қарасаң, шаңырақ шеңбер пішіндес қой. Жалпы, шеңбер – дүниенің тұтастығын, таусылмайтын өмір ағысын білдіреді. Енді мұны мәдениетімізбен ұштастыру керек болды. Археолог Кемал Ақышевтің Есіктегі Сақ қорғанын зерттеп жазған кітаптарын қарастырып отырып, Сақ ханзадасының тәжіндегі ою-өрнектерді ұзақ қызықтадым. Көп жылдар кеңестік тарих қазақты үйі жоқ, күйі жоқ, қаңғыбас халық деп келді. Ал, Есіктен табылған Сақ ханзадасы біздің дәуірімізге дейін өмір сүрген. Қазақтың тереңнен бастау алатын тарихы бар екенін әлемге мойындатты. Қазақтың әлем өркениетінде ойып алатын орны бар екенін тағы дәлелдеу үшін Сақ ханзадасының басындағы ою-өрнекті Елтаңбаға қондырдым».

Қазақ төрт түлікпен бірге өмір кешкен халық қой. Ал, нағыз байлық пырақта, тұлпарда. Сол тұлпарды Елтаңбаға енгізуді Жандарбек Мәлібекұлы  жадында ұстады. Бір жағынан тұлпардың қанаты бидай масағын еске түсіреді. Бидай дегеніміз – нан. Сол аттың қанатына үш негізгі жолақ түскен. Бұл үш жолақ – қазақтың ұлы жүз, орта жүз, кіші жүзі. Енді үшеуі бір аттың үстіне біріктірілген. Мұндағы мақсат – жүзге бөлініп, қырық пышақ болмай, тұтас қазақ халқы деген атпен мәңгілікке ұмтылу. Елтаңбадағы негізгі сан – үштік. Үштік – тұрақтылықтың белгісі.

Ертеректе қазақ даласында жылқыкиік деген аң болған деседі. Бірақ кейіннен тұқымы құрып кетіпті. Сол жылқыкиіктің жеті буынды мүйізі болған екен. Ал қазақ үшін жеті киелі сан. «Жеті атасын білмеген жетесіз» деп айтып жатады. Жеті атаға дейін қыз алыспаудың өзі ұлт тазалығы мен рух тазалығын білдіреді. Кезінде академик Салық Зиманов «Жеті буынды мүйізді таңдағандарың дұрыс болды, мүйіз дегеніміз тоқтаусыз өсудің белгісі. Осы жеті ата кеткеннен кейін, тағы да жеті ата келеді. Бұл – қазақ халқының өлмейтінінің, мәңгілігінің белгісі» дегенді айтып еді. Ал шаңырақтың астында тұрған екі сызық – басқұр. Қатты дауылды күндері киіз үйді желдің ұшырып әкетуінен қорғайды, яғни Отанымыздың қорғалып тұрғандығының белгісі. Екінші жағынан – таразы. Дүниенің тепе-теңдігін білдіреді. «Жобамды қабылдау үшін бір жарым ай бойы Алматыда жүрдім. Әр сейсенбі күні Жоғарғы Кеңестің отырысынан бұрын Елтаңбаларды талқылау жүреді. Талас қатты болды. Комиссияның алдына шығып, өз еңбегіңді қорғайсың. Ол кездегі депутаттардың көбісінің қазақшылығы шамалы болатын. Қазақы иісі аңқыған Елтаңбаны қабылдауға олар жүрексінді. «Қазақтың қара шаңырағын герб қылудың қаншалықты пайдасы бар?» деген де әңгімелер болды. Елтаңбаның әрбір деталіне сұқтанып, «мүйізді алмалы-салмалы қылыңдар» деді. Төбесіндегі бес бұрышты да «алмалы-салмалы қылыңдар» дегендер де болды. Сессия кезінде гербтің төбесіндегі бес бұрыш алынып тасталған болатын. Біраз уақыт өткеннен соң Елбасының өзі «гербтің төбесінде бес бұрыш бар еді, сол қайда?» деп сұрады. Әйтеуір талас толастамады.

Түпкі вариантында жұлдыз бар. Сегіз бұрышты және бес бұрышты жұлдызды алып, салып, ауыстырып жүрген кезім болатын. Бірақ нақты таңдау болған жоқ еді. Сосын Елбасының сөзінен кейін бес бұрышты жұлдызды қалдырдық. Елбасының Ақ Ордасында Елтаңбаның менің қолымнан құйылған эталоны тұр. Сол эталондағы Елтаңбаның эскизі қазір менің қолымда. Елтаңба қабылданғаннан кейін оны Жоғарғы Кеңес ғимаратының маңдайшасына ілу керек болды. Уақыт тығыз еді. Әріптестеріммен жұмыла кірісіп, екі-үш күнде бітірдік. Енді Елтаңбаны Алматыға жеткізу керек. Оның үлкендігі соншалық не ұшаққа, не пойыздың есігіне сыймайды. Шымкент қаласына телефон соғып, бұйымтайымды айтып едім, облыс басшылығы сөзге келместен КамАЗ көлігін жіберді. Тағы не керек деп сұрағанда, «Елтаңба салынған қораптың жан-жағына тығатын матрацты көбірек берсеңіз» дедім. Ташкент қаласынан Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің маңдайшасына ілінетін Елтаңбаны КамАЗ-ға тиедік те, шопыр баланың қасына өз баламды қостым. Өзім Алматыға пойызбен жүріп кеттім. Жол бойы шопыр бала: «Мен тәуелсіз Қазақ елімнің Елтаңбасын әкеле жатырмын, ешқандай МАИ қызметкеріне тоқтамаймын» деп Алматыға жеткен. Сол шопыр жігітті бір көрсем деген арманым бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз қолымен «Қазақстан Республикасының Елтаңбасының авторы» деген жоғарғы мәртебелі куәлік берді. Басқа сый-сияпат күтпеймін. Елтаңба – ұлтыма жасаған сыйлығым. Ұлтымның алдындағы борыштылықтан туған дүниені пұлдағым келмейді» дейді өткен күндерді еске алған Жандарбек Мәлібеков.

Ол Өзбекстанда жоғары білім алып, азамат болып қалыптасты. Үйлі-баранды болды. Сол жақта 35 жыл бір жерде табан аудармай қызмет жасады. «Өзбекстанға Еңбек сіңірген сәулетші». Бәрі де еңбектің арқасы.

– Тарихтан белгілі, Төле бидің де, Әйтеке бидің де сүйегі Өзбекстанда жатыр. Жандарбек Мәлібековтің перзенттік парызы осы жерде де байқалады. «Төле бидің мазары Ташкентте. Бірақ мазарының маңдайшасында Төле би емес, Қарлығаш би деп жазылған. Көптеген тарихи кітаптарды аударып-төңкерсем де «Төле бидің мазары» деген сөзді кездестіре алмадым. Барлық жерде «Қарлығаш бидің мазары» деп жазылған. Өзбектер «бұл жерде жатқан адам кезінде Әндіжан жақта тұрған, Қарлығаш деген би. Төле биді қойса да соның үстіне әкеліп қойған шығар» дейді. Төле бидің 7-8 ұрпағы Шымкентте тұрады. Сол кісілермен бірлесе отырып, Төле бидің мазарын жөндеуден өткізіп, Төле бидің атын қайтардық. «Төле би мазары» деп жазып, жақшаның ішіне «Қарлығаш би мазары» деп жаздық. Ашылуына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев, Өзбекстан Республикасының Президенті И.Каримов қатысты» дейді.

Биылғы өткен Наурыз тойында даңқты жерлесіміз, егемен еліміздің Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібекұлына «Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы» атағы тапсырылды. Салтанатты шарадан кейін Елтаңба авторы аудан жастарымен кездесу өткізді. Олардың жанарындағы бал-бұл жанған қуаныштарын көрсеңіз. Балалар құшағындағы Жандарбек ағаның да көңіл хошы ерекше. Ол – қарапайым да, сан тараулы қасиетті, құдіретті жан.

Қазір Жандарбек Мәлібекұлы Мәлібеков Елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразиялық университетінің Құрметті профессоры. «Құрмет» орденінің иесі.

Өлмесхан БОЛАТБЕКОВ,

«Құрмет» орденінің иегері.

Нұр-Сұлтан қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<