«Zhas project» – жастарға арналған бірегей бағдарлама. Жоба аясында кәсіп бастаймын деуші, еті тірі, ебі мол, тірлігі тындырымды жастарға қайтарымсыз негізде грант тағайындалады. Ереже бойынша жас кәсіпкерлер алғашқы алты ай көлемінде халыққа тегін қызмет көрсетуі қажет. Бүгінде облыс бойынша осындай 266 жоба қайтарымсыз грант қаражатына ие болды. Соның бірі – Бексұлтан Өткелбаевтың «Адал» асыл тұқымды ешкі сүтін өндіру жобасы.
– Ешкі сүтінің ерекше қасиеттеріне, сондай-ақ балалар дәрігерінің ұсыныстарына сәйкес қоғамның бұл өнімге деген сұранысының артуы жобаны бастауымыздың басты себебі. Негізгі мақсатымыз – «Ана үйі», «Оңалту орталықтары», «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылы тұрғындарын ешкі сүтімен қамтамасыз ету болатын. Жоба басталғалы бері мұндай орталықтардағы 122 баланы өніммен толықтай қамтамасыз ете алдық, – дейді жоба жеңімпазы.
«Zhas project» жобасының қолдауымен басталған бұл кәсіп алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Айта кету керек, Халықаралық қайта құру және даму банкі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жобасы өткен жылы облыста алғаш рет ұйымдастырылған болатын.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<