Жүргізушіге жауапкершілік керек

840

0

Қызылордада 6 238 адам жол ережесін бұзған. «Ащы су» ішіп алып, темір тұлпар тізгіндейтіндер айыл жияр емес: 63  жүргізуші көлікті мас күйінде басқарған. Бұл облыстық ішкі істер департаменті өткізген «Қауіпсіз жол» айлығында анықталған.

Мәселен, бір айлық аясында полиция қызметкерлері Шиелі ауданында жол жүрісі қағидаларын бұзған жеңіл автокөлікті тоқтатты. Жеке басын анықтау барысында жүргізушінің алкогольді спирт ішімдігін ішіп, масаң күйде болғандығы анықталды. Тәртіп бұзушы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 608-бабының 1-бөлігіне сәйкес 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, автокөлігі айып алаңына қойылды.

Он төрт   азамат тиiстi  тiркеусiз,  рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей,  көлігімен кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысқан. Тіпті, жалған мемлекеттік белгі тағып, көшеде тайраң салатындар да бар екен. Бұл әрекеті үшін 5 азамат жазаланды. Тәртіп сақшылары айлық аясында әрбір көлікті жіті бақылап, ережені елемегендерді анықтап жатыр. Мәселен, медициналық қарап-тексеруден өтпеген 10 жүргізуші, көлігіне заңсыз газ орнатып, қосалқы бөлшектер қосқандар тіпті көп. 182 азамат көліктің техникалық паспортына мәлімет енгізу керектігін білмедік деп ақталған. Ал 508 жүргізуші міндетті техникалық қарап-тексеруден өтпеген көлікті тізгіндеген. 

Жол өзімдікі дей ме, көлік басқарып келе жатып ұялы телефонмен сөйлесу азаймай тұр. 223 азамат телефонмен тілдескені үшін айыпты болды. Құдай сақтасын, жол апаты болса, қауіпсіздік белдігі адамды біраз қауіптен сақтап қалады дейді мамандар. Әйтсе де, қауіпсіздік белдігін тағуға 1300 жүргізуші де, жанындағы жолаушы да бейімделмей жүр.

Жаяу жүргіншілер жолынан қорқып өтетініміз рас. Себебі кейбір жүргізушілер жолақ жолдағы жолаушыға жол бергісі келмейді. Айлықтың 20 күнінде 153 азаматтың жаяу жүргіншіге жол бермегені анықталған. Тиісті құжатсыз автокөлік басқарған 339 азамат заң бойынша жазасын алуда. Жолдың қақ ортасында маневр жасау ережесін бұзған 218 дерек тіркелген.

Кейде арнайы жаяу жүргіншілер жолымен өтуге ерініп, жолдың қақ ортасынан кесіп өтіп, көлік қозғалысына кедергі келтіреміз. Жүргізушіге зиянымыз тиерін біле тұра бұл әдетті қайталайтындар бар. Облыста 279 тұрғын арнайы жолмен жүрмеген. Жауапкершілікті тек жүргізуші ғана емес, жолаушы да сезінбей тұр.

Жүйткігендерге жаза да қатал. Қызылорда соттары бойынша өткен жылы тәртіпке бағынбаған  1108 адам, жыл басынан бері 716 адам мас күйінде көлік басқарғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық және қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Облыс бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, ЗК-169/4 мекемесіне мас күйінде көлік жүргізгені үшін өткен жылы 42 сотталған түскен.  ҚР ҚК-нің 345-1, 346 баптары бойынша аталған мекемеде бүгінде 29 адам жазасын өтеп жатыр.  Олар 6 айдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылған.

− «Қауіпсіз жол» айлығы жолаушы мен жүргізушінің қауіпсіздігі үшін ұйымдастырылады. Жол қозғалысының барлық қатысушыларынан қауіпсіздік ережелерін мүлтіксіз орындауды, заңды сақтауды сұраймыз. Қарапайым ережелерді сақтау жолдардағы төтенше жағдайлардың алдын алуға көмектеседі. Әрдайым естеріңізде болсын, Сіздің және айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігі жолдағы тәртіпке байланысты, −  дейді облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Мұхтар Қожабаев.

Жол ережесін сақтау – әрбір адамның өз өміріне деген жауапкершілігі. Өзгелердің өміріне қауіп төндірмеудің кепілі. Алайда «темір тұлпар» тізгіндегендердің тәртібі түзелмей тұр. Қоғамдық сананың һәм жүргізуші мен жүргінші мәдениетінің әлі де төмендігі қынжылтады.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<