Адамзат теңдігін арқау еткен

1804

0

…Ақын ел-жұртын түрлі өнерді игеруге үгіттеді. Соның бәрі уақыттың талабы екенін ол анық аңғарып, ұлтына ертерек үн қатты. Тіпті қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді. Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн.

Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында.

Қоғамдық санаға қозғау салды

М.Әуезов  пен  Л.Соболевтің бірігіп жазған «Абай» трагедия­сы 1940 жылы А.Тоқпановтың режиссерлігімен тұңғыш рет сахнаға шықты. Өнер туындысында сол кезеңнің қоғамдық мәселесі көтерілді. Дәлірек айтсақ, операдағы Абай образы – сол кезеңдегі адамдар ара­сындағы әділетсіздікке қарсы күресіп, тағдыры талқыға түс­кен екі жасты «ескіліктің» құр­сауынан алып шығатын адамгершілік болмысы биік тұлға. Осындай жаңашыл идея­сымен қоғамдық санаға сәуле түсірген шығарма қазақ театр өнерінің өркендеуіне игі ық­пал етті. Бүгінгі күні «Абай» трагедиясы көптеген қазақ театрының үздік туындылары қатарына енді.

1944 жылы «Абай» трагедиясы пьесалық жанрдан опералық жанрға өңделіп, қазақтың опера және балет театрында Абайдың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында қойыл­ды. Жаңа туындының либреттосын  М.Әуезовтің өзі жазды. Ал композиторы А.Жұбанов пен  Л.Хамиди. Операны сахнаға шығарған режиссері Қ.Жандарбеков, суретшісі Қ.Қожықов, дирижері Л.Шар­городский болды.

Операда басты кейіпкер – Абайдың өмір сүрген заманы, қазақ даласындағы орыс билігінің отаршыл саясаты, одан бөлек, кейбір қазақ байларының кедей-кепшікке қысымы көрініс тапқан. Оқиға барысында Жиренше, Нарымбет сияқты  әлеуетті байлардың қарсылығына ұшыраған екі жастың тағдырына адамгер­шілік болмысымен араша түс­кен Абай бейнесі қара қылды қақ жарған әділдігімен асқақ тұр, яғни, Абайдың шәкірті Айдар мен оның сүйген қызы Ажардың басынан өткен жағ­дайлар тақырыпқа негіз болған. Бас бостандығын аңсаған қос ғашыққа болысқан Абай ақы­рында әлеуетті күшке қарсы тұрып, әділдікке жетеді. Әйтсе де, айласын асырған олар жас жігіт Айдарға у беріп өл­тіреді. Түптеп келгенде, туын­ды қалыптасып қалған қоғам­дық көзқарасты өзгертуге бағытталған. 

Операның жалпы музыкасы халық әндерімен әдемі жарасым тапқан. Абайдың кейбір ариялары мен ариозалары ұлы ақынның өз әндерімен үндес пайдаланылған, ал бірқатары халық музыкасынан алынған. Бір ғажабы – арада ғасырға таяу уақыт өтсе де осынау бірегей өнер туындысы көрермен көңі­лінен жоғары орын алып отыр.

Опера 1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақстан өнері мен әдебиетінің онкүндігінде қойылды. Композитор А.Жұ­банов пен Л.Хамидиге «Абай» операсы үшін Қазақ КСР-інің Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Абай образын өткен ғасыр­дың 40-жылдары театр корифейі Қалибек Қуаныш­баевтан бастап, бүгінде Болат Әбділманов, Ерлан Біләл, Азамат Сатыбалды, Нұр­кен Өтеуілов сынды сахна саң­лақтары сомдады.

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры 1934 жылы 13 қаңтарда Мұхтар Әуезовтің либреттосы «Айман-Шолпан» музыкалық қо­йылымымен ашылды. Бұл –Қазақстанда тұңғыш ашылған кәсіби музыкалық театр болатын. Қазіргі таңда негізгі бағыты – опера және балет өнерiнде Қазақстанның мәдени саясатын іске асыратын және халықтың мәдени деңгейiн көтеретін көркем шығармалар қойылымдарын ұйымдастыру және қою, ұлттық және халықаралық мәдени мұраны насихаттауға негізделген.

Батыс елінде биік бағаланды

«Абай» операсы 2012 жылы бел­гілі дирижер, бірнеше ха­лық­­аралық байқаудың жеңім­­­пазы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері А.Бө­рі­­баев­тың жетекшілігімен Гер­­манияның  Майнинген қала­сы­ның Тюрингии мем­ле­кеттік опера театрында сахналанған болатын.

– «Абай» қойылымында махаб­бат, адалдық, әділдік сын­ды өлмейтін адамзат құн­­дылықтары тақырыпқа өзек болғандықтан, неміс жұрт­шы­лығы жақсы қабылдады. Осы қойылымнан кейін Германияда Абайдың өлеңдеріне, неміс тіліне аударылған ақынның кітаптарына деген сұраныс арта түскен. Сондай-ақ ескі мен жаңаның арасындағы тартыс, шиеленіс шебер көрсетілген қойылым көрерменді қызық­тыра түседі. Оқиғада жа­ғым­сыз образ, ескіліктің жақ­­тау­­шысы Жиренше өз айт­­қа­нынан қайтпайды, ал Абай – да­налық­тың символы. Сондықтан да бұл қойылым қай заманда болса да барлық адамға қызық.

Мен бұл қойылымды тек қа­зақ халқы ғана тамашалап қоймай, басқа да ұлттар көр­се деймін. «Абай» арқылы қа­зақты әлемге танытқым келеді. Сондықтан да біз «Абайды» орыс және ағылшын тілдеріне аудардық. Қосымша монитор­ларда ағылшын және орыс тілдерінде аудармасы көрсе­тіліп тұрады, – дейді дирижер Алан Бөрібаев «Алаш айна­сы» басылымына берген сұхбатында.

«Абай» операсы Сыр елінде сахналанды

Абай Құнанбайұлының 175 жыл­дығына орай «Абай» операсы Сыр елінде тұңғыш рет сахналанды. Операның қоюшы режиссері Шымкент қалалық опера және балет театрының режиссері әрі солисі, «Мәде­ниет қайраткері» Қайрат Құлыншақов. Басты рөлді, яғни Абай образын облыстық филармония әншісі Айдос Иманжаппаров сомдады.

Қойылымда облыстық филармонияның, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының артистері, камералық оркестр, «Томирис» би ан­самблі, Қазанғап атындағы Қы­зылорда музыкалық жоғары колледжінің «Ән салу» бөлі­мінің студенттерімен аралас хор ұжымы қатысты.

Қойылым облыстық филар­мониясының камералық ор­кестрі­нің сүйемелдеуімен өтті. Дирижері – «Мәдениет қай­раткері», «Құрмет» орде­нінің иегері Кеулімжай Ботабаев.

Елде енгізілген карантин талаптарына орай тұр­ғындар «Абай» операсының көрсетілімін «Qyzylorda» телеарнасы мен Youtube әлеуметтік желісіндегі «Сыр шаңырағы» каналы арқылы тамашалады.

Қорыта айтқанда, ұлты­мыздың ұлы ақыны, ғұлама ойшылы Абай образы театр, кино өнерінде, әлемдік әдебиет әлемінде  кең танылған.

Ғазиза Әбілда,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<