Іздегенге сұраған дегендей мен сол текстерді алып және пьеса бойынша да кейбір күдікті деген жерлердің астын сызып, аударманы қайта қарау үшін Әбіш ағама жолығуға бел будым. Әбіш Кекілбаев ол кезде Қазақстан Компартиясы орталық комитетінде қызмет жасайды екен. Пьесамды арқалап, Шекспирдің орысша кітабын да қолтығыма қысып, Әбіш ағамның тура алдына жайғастым. Ол кісінікі кеңсенің қыруар жұмысы, ара-арасында ғана бес-он минут бос уақыты бола қалса пьесаны бере қоям. Аударманы орысшасымен салыстырып, аударатын жерін ойланып маған ауызша айтады да, қара сиямен жазып отырамын. Ал сол аударма дұрыс дейтін болса дәлелдеп, дәл сол мәтіннің дұрыстығына менің көзімді жеткізіп тынады. Сонымен не керек, үш аптадай Әбіш ағамен маусым айының ыстығында жұмысқа бірге барып, бірге қайтып жүрдім. Соңында спектакльдің бағдарламасына сіздің суретіңіз бен сөзіңізді енгізіп шығарамыз деп, суреті мен пьеса жайлы ойын, өзінің әдемі қолтаңбасымен жазғызып алдым.
Пьесаның аудармасын нақтылап алған соң Қызылордаға келсем, Серік болашақ спектакльдің эскиздерінің бірнеше жобасын жасап қойған екен. Бірақ ол нұсқалар маған да, ең бастысы оның өзіне де онша ұнаған жоқ. Күнде кездесіп әрі ойланамыз, бері ойланамыз, көмекке екінші суретші Жұмаш Әбіровті, қиялымен орақ оратын қойылым бөлімінің меңгерушісі Мылтықбай Сәдіровті шақырып кеңес құрамыз. Олай болса қайтеді, бұлай болса қайтеді? Таусылмайтын көпірмесөз.
Жоқ, мұның бәрі әншейін, өзіңнің қиялыңда тумаған нәрсе ешқашанда іске аспайтын бос сөз боп қала береді екен. Жеке кітапханамда «Шекспир творчествосындағы кеңес суретшілері» атты альбом-кітап болатын. Соны нешінші рет ақтарып отырып байқағаным, Украинада Львов қаласында Занковецкая атындағы облыстық музыкалық драма театрының бас суретшісі М.Киприанның «Король Лир» спектакліне жасаған декорациясының көрінісі басылған екен. Ертеңіне кітапты Серікке көрсеттім де ойыма алған пікірімді айттым.
– Серік, осы Львовқа барып қайтсақ қайтеді? Мына Киприанмен сөйлессек, байқаймын, бізден үлкендеу кісі, ақылын тыңдасақ қалай болады, – десем, ол келісе кетті.
Екеуміз асыға басып Сақтаған Тұрлымұратов ағамызға келдік.
– Оу, жүрістерің суыт қой, жай жүрсіңдер ме? Әлде «Король Лирді» бір жөндемге келтірдіңдер ме? Иә, батырларым сөйлеңдер.
– Осылай да осылай. Біз Львовқа барсақ дейміз. Киприанмен сөйлессек, ақылын алсақ дейміз! – деп, кітапты Сәкеңе ұстаттық.
Ол кісі кітапты асықпай қарап отыр. Басқа да беттерін ақтарып, біраз шолып өтті. Қайтадан Киприанның декорациясына тоқтап:
– Сонда мынау декорация сендерге жіберілген шақыру қағаз ғой сірә…
Біз Серік екеуміз бір-бірімізге қарадық.
– Киприанды айтам… Осы декорациясы арқылы сендерді шақырған ғой.
– Жоқ. Олай емес. Біздің өзіміз барғымыз келеді. Ел көрсек, үлкен кісімен ақылдассақ…
Қойшы, не керек Сәкең бізді қолдап, маусым айының орта шенінде Львовтан бір-ақ шықтық. Театрға соқсақ, гастрольге кетіпті. Бір жақсысы Киприан әзір Львовта екен, екі күннен кейін ол да жолға шықпақ. Үйіне телефон соқтық.
– Здраствуйте! Это Мирон Киприан?
– Да, я вас слушаю…
– Знаете, мы приехали из Казахстана… К вам
– Ко мне?
– Да, к вам…
– Зачем…
– Знаете, есть же альбом-книга «Советские художники в творчестве Шекспира». Там была напечатана фото вашего оформления «Короля Лира»…
– Ну и что?
– Вот мы приехали посоветоваться с вами… Мы тоже хотим ставить «Короля Лира»
– Странно…
– Вы придете в театр?
– Вообще-то я упаковываю чемоданы. Уезжаю на гастроли…
– Не сегодня же?
– Ну, да… Ну… Ладно, я заскочу в театр после обеда…
– Мы ждем вас…
Телефон трубкасын орнына жайғастырып, Секең екеуміз бір-бірімізге қарадық.
«Неге келдік?», «Не үшін?» Сақтаған ағамыздың «Осы декорациямен Киприан сендерді шақырған ғой» деген мысқылын енді түсінгендейміз. Біз болсақ біртұтас Совет одағы, туысқан ел, ағайынымызға келгендей болып жүрміз ғой. Сөйтсек… жалпы Львов жағында, яғни батыс Украина жағында кеңестік бірлікке деген салқындық бар екен.
Бірнеше мейманханаға соқсақ, орын жоқ. Сосын амал жоқ Киприанды күттік. Бір-екі күн вокзалда түнеп шығармыз деп ойладық. Киприан үштен өте келді. Орта бойлыдан сәл биіктеу, өте ұқыпты киінген, грек мүсінді, аққұба кісі екен. Елуден асса да шашында бір ақ жоқ, қара шаштарын бір жанына орналастырып тіп- тік, ойыңа дейін білгісі келгендей өткір көздерімен бір сәт тесіле қарайды екен.
Оның кабинетіне көтерілдік. Әуелі бізді әбден асықпай тыңдап алды. Мейманхана жағдайын естігенде: «Әуелі хабарласып, сосын келмедіңіздер ме?» деп өкпесін де жасырған жоқ. Ұғына тыңдап, байыппен ойын ашық айтатын кісі екен. Әуелі бізді театрмен таныстырып шықты. Соңында суретшілер мастерскойына келдік. Төрінде екі төсек жасалып қойыпты. Киприан күліп:
– Мынау сіздердің қонақ үйлеріңіз. Астында матрац, ақ бөзден төсек орын. Театрда не бар – соны пайдаландық. Сынап ренжімеңіздер. Театрда қонақ үй жоқ. Елдеріңізге қайтқанша осында қонып шығасыздар енді. Өйткені бұл уақытта Львов қонақүйлерінде орын болмайды.
Біз ризашылығымызды білдіріп жатырмыз.
– Жігіттер былай, – деді ол, – қалған әңгімені біздің үйде жалғастырайық. Қазір төрт, мен сендерді жетіде күтемін. Кереметтей дастарқан болады деп айта алмаймын, бірақ…
Сосын ол үйіне қалай баратынымызды тәптіштеп айтып, қолмен сызғандай түсіндіріп берді де шығып кетті.
– Мынау өзіміздің адам ғой нағыз. Бағанағы салқын әңгімесіне қарап, бізбен сөйлеспей қоя ма деп ем. Бізді тіпті үйіне шақырды ғой… – деймін Серікке.
– Мынандай төсек орнын сыйлап жарылқап тастады емес пе, дегенмен тегі дұрыс адам-ау өзінің!
Сәлем-сауқатымызды алып, тура жетіде Киприанның есік қоңырауының түймесін бастық. Есікті оның өзі ашты. Алдында алжапқыш, қолындағы орамалымен қолын сүрткілеп тұрған оған қарамай, гүлімді беруге тағы бір адамды іздеп мойнымды соза түскенімді байқаған Мирон:
– Мен жалғыз өзім тұрамын – деді.
– А-а, мынау гүл, аздап сыйлығымыз бар… – деп сасқалақтап әкелгенімізді Миронның өзіне ұсындық.
Столдың үстін жайнатып қойыпты. Сәлден соң буы бұрқыраған біздің қуырдаққа ұқсас тамағын әкеліп, біржола дастарқанға отырдық.
– Ал не ішеміз? Әуелі шараптан көрейік. Менде бір жақсы шараптан сыбаға қалып қойыпты, – деп қызыл шарабынан бокалымызды толтыра құйды.
– Мен таңғалып отырмын. Келгендеріңе. Әрине, іздеп келгендеріңе рақмет. Бір жағы көзсіздік болса, бір жағы ерлік деп ойлаймын. Менің Львовта болғанымды айтсайшы. Ал келулеріңмен, сендер үшін алып қояйық.
Серік екеуміз бокалды бір-ақ көтердік. Миронның бокалына қарасам құйғанынан бір-екі елі төмен түсіпті. Батыстық менталитет дегеніміз осы шығар?
Әңгіме қызып жүре берді. «Король Лир» туралы, жалпы спектакльдер туралы, театр туралы, өнер туралы бітпейтін әңгімелер легінің тиегі ағытылды-ау бір. Арасында өзі туралы айтып қояды. Тегі ақсүйек екен. Львовтың ескілікті барондар тұқымынан. Менің және Серіктің астындағы орындықтар Миронның ата мұрасынан қалған дүниенің бір жұрнағы екен. Жылда аукционға шығарылып сатылатын сауда күндері әдейі іздеп жүріп, әке-шешесінен қалған дүниелерді жинап, оны түзетіп қояды екен. Менің қатты күлетінім бар. Бір әңгіменің үстінде шалқалай қатты күліп жібергенімде астымдағы орындық сықыр ете түсті. Мирон орнынан атып тұрды, күлкі сап тыйылды.
– Мен мұны дұрыстап желімдей алмаған екенмін. Хұсейін, егер ренжімесең орындығыңды ауыстырып берейін.
Аздап томсырая қалғанымызбен, көп ұзамай көңілді әңгіме одан әрі жалғасты.
Мирон:
– Режиссердің, не суретшінің шешімі ол – жеке суреткердің шығармашылық тұжырымы. Ақылмен, кеңеспен ұжым болып шешім жасау дегенді мен түсінбеймін. Ақыл, кеңес – ұстаз бен шәкірттің арасында ғана жүретін қарым-қатынас. Кейбір режиссерлер «Бұлай болса қайтеді, олай болса қайтеді» деп, суретшіге ойын сызып беріп жатады, ондайда мен: «егер мұндай сызғыш болсаң, өзің неге көркемдемейсің, менің саған не керегім бар?» – деймін. «Король Лирде» бүкіл сахнаны алып тұрған шарды алғаным, ол бүкіл әлемді, глобус бар ғой мысалы, еске түсіретін ұғым ғой деп түйдім. Бір қарағанда ол күн болуы да мүмкін, ай болуы да мүмкін, оны қырын қоюға да болады, әртүрлі жағдайда ол адам санасына әсер еткенде неше түрлі ой алып келуі мүмкін. Бұл – менің жеке қиялымнан туған шешім. Ал режиссер сол көркемдік шешімді өзінше пайдаға асыратын болады. Ал сендерше қалай?
– Мен Серікке қысым жасап көргенім жоқ. Тіпті сыза да алмаймын. Мен негізі ойымды айтам, осы бағытта болса деймін. Мысалы, «Король Лир» – екі отбасының арасындағы оқиға болғанымен, әлемдік проблеманы көтеріп тұрған дүние. Лирдің өз жеке басын аспандатқаны сондай, ол қандай жағдайда болмасын мен тап осындай жан боп қалам деп түсінеді. Ал сүйікті Корделиясын қуып жіберіп, билігін өз қолымен таратып екі қызына бөліп берген кезде ол өзінің король емес, бар болғаны сол қыздарының әкесі болып қалғанын түсінбейді, түсінгісі де келмейді, түсіне бастағанда есінен айырылып тынады, яғни жалған ұғымның құрбандығына айналады. Міне осы ойды қандай көркемдік шешіммен көрсеткен жөн, ол – енді Серіктің ісі деп ойлаймын.
Серік:
– Бұның дұрыс қой әрине, бірақ ойдың нақтылы бір дүниелік негізі болу керек қой. Қолға ұстайтындай бір нәрсені меңзегенің дұрыс қой. Ол әзірге жоқ. Сондықтан шешім де ақсап тұр… – дейді Серік өз ойын жеткізіп.
Мирон:
– Екеуіңнің де ойың дұрыс. Жалпы «Король Лирге» байланысты Хұсейіннің ұстанымын қолдаймын. Серіктің ойының да жаны бар. Нақтылы дүниелік негіз деген де көңілге қонатын нәрсе, сендерге сәттілік тілеймін! Бір жақсы шешім табатындарыңа сеніп отырмын, – деп түйіндеді сөзін үй иесі.
Әдемі отырыс болды. Аздап қыздық та. Бірақ бізден қорықты ма, әлде үйіне қонақ қондырмайтын әдеті ме, енді қайтсаңыздар да болады дегендей сыңай танытты Киприан. Түнгі он екіге жақындап қалған кез. Қалада жолаушылар тасымалы тоқтаған. Киприан бізге театрға қалай жетуімізге болатынын айтып, кешкі уақытқа қынжыла қоштаса бастаған кезде алыстан рельсті шақырлата қозғалған трамвай көрінді.
– Алып кетсе жақсы болар еді. Тұрағына баратын болса да театрдың қасымен өтеді. Бірақ тоқтамайды ғой.
– Мирон мен қазір трамвайды тоқтатам.
– Хұсейін, күлдірмеші айналайын…
– Жоқ, қара да тұрыңыз, мен трамвайды тоқтатам.
– Ол тіпті тоқтамайды енді, босқа әуре болма.
– Енді көресіз ғой осыдан…
– Жарайды, ал көрейік, бірақ кеш болды ғой, ол енді тоқтамайды.
Трамвай шақырлап жақындап қалды. Мен ішімнен «Ей адамның баласы, мен де адамның баласы! Мені таба қылмай тоқташы!» деп қолымды көтеріп алдынан шыға қалып едім, Құдай тілеуіңді бергір шиқылдатып трамвайын тоқтата қойғаны. Киприан таңғалып күліп жатыр.
– Әй, Хұсейін-ай, қатырасың-ау! Трамвайды тоқтатқан батыр деп айтып жүретін болам, ал жолдарың болсын!
Киприанмен құшақтаса қоштасып трамвайдың жүргізушісіне алғысымызды төгіп, ішке кірдік. Трамвай жүріп кетті. Киприан басын шайқай түсіп, қолын бұлғап қала берді. Ертеңіне Львовті армансыз аралап, кешке қарай біз де жолға шықтық.
«Король Лир». Талай актердің, талай режиссердің арманы болған шығарма. Арманың актерің болғанда ғана іске асатыны белгілі. Тұрысжан Айнақұлов жаман актер емес, шындап кіріссе оның Король Лирді ойнап шығатыны анық.
Айнақұлов – Лир жұмысқа кіресе бастады. Оған қарап басқа артистер де жинала түсті. Әсіресе тәжірибелі актерлер Гонерилья – Шолпан Бәкірова, Регана – Жібек Бағысова, Глостер – Оралбек Әбдімомынов, Сайқымазақ – Серік Шотықов, Корделия – Әлия Арысбаева роль дәптерлеріне мұқият қарап, бірнәрселерді түртіп, өздері білетін таңбаларын салып кейіпкер табиғатына енуге жұмыс жасап жатты. Жастардан Эдмунд – Жетпісбай Тоқбаев, Эдгар – Ерсайын Төлеубаев үлкендер көшіне ілесуге тырысып бағуда.
Суретші Серіктен әлі хабар жоқ. Сахналық безендірудің төрт-бес нұсқасын жасаған ол да, оған бағыт-бағдар беретін мен де шаршаған болуымыз керек, тіпті бір-бірімізбен жолығуды қойдық. Тек күздің бір шуақты күнінде кездесе қалып, екеуміз қатар келе жатыр едік, алдымыздан көлденеңдеп үстінде жылтырақ көйлегі бар бір келіншек өте берді. Салқындық әлі бойлап кіре қоймағанымен, күздің алғашқы күндерінде жаздық көйлекпен жүрген бұл қай сұлу болды екен деп мен қалт тұра қалыппын. Серік те тоқтады, ол да белгісіз бойжеткенге көз тікті. Денесімен дене боп тігілген мата келіншектің тұла бойында күнмен шағылысып оның әсем денесін ойнақшытып барады. Басыма бұл ой қайдан келгенін қайдам:
– Серік, егер осындай керемет көйлектің астында жамау-жамау іш киімдер болса не болар еді?
Серік маған жалт қарады да тез бұрылып өзінің өте жылдам жүретін әдетіне басып көзден ғайып болды. Мен аң-таң. Онда не телефон жоқ, тұратын мекенін де білмейді екем, екі күн бойы хабар да ала алмай Серіктің қылығына таңданумен болдым. Екі күннен кейін келді-ау әйтеуір. Жай келген жоқ, алдымызға болашақ спектакльдің эскиздерін жайып салды. Сахналық декорация үлкен екі шымылдықтан тұрмақшы. Екі шымылдық төбесінен бекітіліп, керек болса шыр көбелек айналып, оның үстіне сахнаның алдыңғы жағынан артқы жағына дейін жүріп отыратын болуы керек. Шымылдықтың бір беті алтындаған жылтырақ сауытты еске түсірсе, екінші беті шоқпыт-шоқпыт, жамау-жамау матадан құрастырылған қайыршының ескі шапанын еске түсіретіндей. Сахнада алып тастардан қаланған тақ, спектакль барысында ол бұзыла-бұзыла сахнаға қажетті заттарға айналып, ақыр соңында тақтың артқы жақтауы Король Лирдің табытына айналады екен.
– Сенің келіншекке айтқан бір ауыз сөзің қамшы болды ма, көптен қордаланған ой мені осындай шешім жасауға итермеледі, – деді ол
Қойылым бөлімнің меңгерушісі Мылтықбай Сәдіровті, суретші Жұмаш Әбіровті шақырып алып талқыладық-ай келіп. Жоқ, бұл нағыз біздің спектакльдің шешімі. Мылтықбай шымылдықтың қозғалыс конструкциясын жасауға ойша кірісіп кетті. Дереу эскизді макетке ұластырып, оны көркемдік кеңесте бекіттіріп, декорациясын жасауды қолға алдық. Жұмыс қыза түсті.
Спектакльдің музыкасына Д.Шостаковичтің «Гамлет» фильміне жазған шығармасын пайдалануды ұйғардық. Енді тек артистермен сахнадағы репетициялар. Ең қиын да ең қызықты кезең. Спектакльдің құрылымы, тұтас боп қалыптасуы, актерлердің өз образдарымен табысып, тұтастық іске асатын кез.
Кейде репетицияға Серік Пірмахановты қатыстырам. Пікірін тыңдаймын.
– Корольдің бастамасы бар. Жалпы жаман емес, бірақ роль дәптеріне қарап жалтақтап жүргені теріс әсер етіп жүр. Тәп-тәуір деу керек. Тереңірек ойланса. Сайқымазақтың жетінші көріністегі сахнасы ғана жақсы. Көңілге қонымды. Бірақ қалған жерінде Сайқымазақты жоқ деуге болады. «Қызым, саған айтамдағы» Құмардың күлкісі, Құмардың әрекеттері. Трагедиялық түсінік жоқ. Корделия мен Регананың кім екендері белгісіз. Кент-Фахреддин біршама тәуір жағына өзгерген, бірақ алғашқы сахнада өте нашар.
Бастама бар да, сол қалай шешіледі дегенде әлі де болса белгісіздеу. Көкейімде сұрақ қана.
Сұрақтар, сұрақтар, сұрақтар…
Глостердің сахнасы. Эдмунд-Глостер – алғашқы күдік. Эдгар-Эдмунд Эдгарды әкесімен қорқыту. Эдмунд-Глостер әкесін Эдгарға айдап салу. Эдгар-Эдмунд Эдгарды қашырып жіберу. Міне осы сахналарда әрекет, іс-қимыл, оқиға, актер үнінің сәт сайын құбылу сәттері, актердің ішкі жан дүниесінің өзгеру процестерін қадағалап, соны барынша әрлеп жеткізуге ұмтылу.
Король Лирдің аңшылықтан оралу сәті. Гонерильяның әкесінің жүз сарбазын жиырма беске қысқартуы. Лирдің қызын қарғап, оны тастай қашуы. Глостер қорғанына бас сауғалаған Регананы іздеп табуы, қызының нөкеріңізді түгел құртыңыз деп әкесіне бұйрық беруі, – Глостердің көзін оюлары сияқты кесек-кесек оқиғалар легін ашу, соны орындау, көрсету, артистерді әрекет үстіндегі олардың жан күйзелісін ашуға көмектесу, жасау.
Енді толық прогондар жасай бастадық. Бас-аяғын жинап, шуда жіптерін буып, шымылдық-тағдырдың қимылын нақтылап, спектакльдің тұтас қалыпта шығуына бар жанымызды салдық. Осылайша «Король Лир» ұжымды тағы бір жұмылдырып, татымды жұмыс үстінде жауапкершілікпен еңбек еткен, театрдың жаңа бір деңгейін көрсеткен үлкен шығармашылық еңбек болды.
Премьераға да жақындадық-ау әйтеуір. Тұсаукесер рәсімі өте қызу талқылаумен өтті. Обком қызметкері Бибайша, обком комсомолдың үшінші хатшысы Атамұрат Шәменов, облыстық мәдениет басқармасының бастығы Жарылқасын Үмбетов, мәдениет қызметкері Болатбай Имашев жүрекжарды пікірлерін айтып, үлкен дүниенің келгенін сезінсе де, соңы қалай болар екен, жұрт қалай бағалар екен деген күдік олардың тіліне сын болып төгілді. Бізге де керегі сол. Сыннан бір жақсылық табу. Соның ішінде Иранбек Оразбаевтың сөзі есте қалыпты.
«Өте зор табыстарыңмен құттықтаймын. Сәтті шыққан дүние. Король ағайдан бастағанда өзіңізге де ой салған роль болды-ау деймін Лир. Үш қыз өте орынды. Қорқынышпен келген едім, Шекспир Қызылордада қалай болар екен деп. Сайқымазақтың Корольді алып бара жатқанда сыбызғысын тартып ең соңғы нүкте қоюы жақсы, әдемі. Режиссерлік шешім, суретшінің шешімі дұрыс. Өте жақсы деп қуанып қайтып бара жатырмын».
16-17 сәуір күндері спектакльдің премьерасын өткіздік.
Көп ұзамай «Король Лирмен» республикалық байқауға қатысып, классикалық шығарманы игергені үшін театр екінші орынды, Сайқымазақ ролін сомдағаны үшін Серік Шотықов бірінші орынды, Король Лир – Айнақұлов пен спектакль суретшісі Серік Пірмаханов екінші орынды иеленіп, біраз марқайып қалдық.
Мен де көңілімді орнықтырып, «қалай болар екен?» деген ойдан арылып, шығармашылық еңбекке алаңсыз бас қойдым.
Спектакль, спектакль және тағы да спектакль.
(Соңы. Басы өткен санда)
Хұсейін ӘМІР-ТЕМІР,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<