Бүгінде қала, аудандардағы мәдениет үйлерінде әжелер ансамбльдері бар. Олар ұлттық музыканы дәріптеушілер, есті әндерді келер ұрпаққа жеткізетін насихатшылар іспетті. Мәні мен мағынасы терең, ескі әндер ұмытылып қалмай, сахнада шырқалуына септігін тигізіп келеді.
Тасбөгет кентінде орналасқан С.Майқанова атындағы мәдениет үйі жанындағы «Бастаңғы» аналар ансамблі 1989 жылы құрылған. Ансамбльдің атқарған істері ауқымды. Бірнеше шығармашылық концерт беріп, көпшіліктің көзайымына айналған. Ән мен күйді құдіретіндей құрметтейтін халықтан оң бағасын алып, ықыласына бөленіп келеді. Талантымен таңдай қақтырған, үнінің сыңғыры бұзылмаған әжелер халық әндерін жатқа біледі, тарихына қанық.
Өнердің берекесін арттырып жүрген батыр аналардан құралған ансамбль мүшелерінің ең жасы алпыстың ауылына ат басын бұрса, үлкені сексеннің сеңгіріне шыққан. Ұжым өткен жылы 30 жылдық мерейтойына орай шығармашылық концертін берді.
Репертуарында халық әндерінің ескі нұсқалары да жинақталған. Халық әнінен өзге Ш.Қалдаяқов, Е.Белғозиев, Ә.Еспанов, Базар жырау термелері, өзбек, орыс, татар, қырғыз әндері бар. Аналар ансамбліне мәдениет үйінен арнайы бөлме беріліп, техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Өнер ұжымдары арасында өзіндік орнын қалыптастырған ансамбль түрлі байқауларға қатысып, жүлдегер болды. Қалалық «Дәстүрімнің бал қаймағы – әжелер» атты байқауға, салт-дәстүр, әдеп-ғұрыпқа байланысты ұйымдастырылған сайыстарға, фестивальдарға қатысып, марапат төрінен көрінуде. Өнер ұжымының әр мүшесі – жан-жақты, талантты. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында өткен байқауда ансамбль мүшесі Ш.Көрпешова бас жүлдені олжалады. Алматы қаласында өткен республикалық өнер байқауына қатысып, түрлі номинацияны иеленді.
– Ұжымдағы әжелердің бәрі де өнерлі. Қазір ансамбльдің құрамында 11 әже өнер көрсетеді. Ұлттық салт-дәстүрімізді кейінгі буынға насихаттауға бағытталған шараларда білген-түйгендерін үйретіп келеді. Қоғамдық шараларда да белсенді. Наурыз мерекесінде «Наурыз көженің» дайындалу әдісін, мерекеде жасалатын жөн-жоралғылар, ырымдарды көрсетеді. Әр дәстүрдің маңызын түсіндіреді. Батырлар жыры мен аңыз әңгімелер сайысына қатысып, орын алды. Мұнан өзге қайырымдылық шараларына атсалысады. Біздің басты мақсат – ұмытылып бара жатқан халық әндерін қайта жаңғыртып, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде көрсету, ұлттық өнерді ұлықтау, – дейді ансамбльдің жетекшісі Захира Сүндетова.
Әжелер әрбір әннің иірімдері мен нақыштарына терең бойлап, орындайды. «Әннің де естісі бар, есері бар» дегендей олар әнді тыңдарманға талмай жеткізуге, әсем әсерге бөлеуге тырысады. Дені – көпбалалы, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған ардақты аналар, немере сүйіп отырған сүйікті әжелер. Әнші әжелер қала маңындағы ауылдар мен аудан орталықтарын түгел аралап, концерт беріп, табысты оралып жүр.
С.ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<