Айналдым, сенен, Атамекен!

1508

0

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Шөмішбай Сариевтің 75 жылдығына орай көрменің ашылу салтанаты болды. Көрмеге ақынның жеке заттары, шапаны, жазу машинкасы, кәдесыйлары, кітаптары мен фотосуреттері сынды 50-ге жуық  жәдігер қойылды.

– Халқымызда «Таулар алыстаған сайын биіктейді» деген сөз бар. Ақын Шөмішбай ағамыз саналы ғұмырында қазақ әдебиеті мен мәдениетіне сүбелі үлес қосты. Ол еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Ақынның өнер өлкесіндегі өзіндік қолтаңбасы өскелең ұрпақтың жадында қалды. Бүгінгі көрме – сол еңбектің шынайы көрінісі. Көрмені ұйымдастыруға атсалысқан ақынның жарына, отбасына алғысымызды білдіреміз, – деді көрменің ашылуында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов.

Шөмішбай Нағашыбайұлы Сариев 1946 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы Шөміш станциясында туған. Ақын, аудармашы, филология ғылымының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Бірінші дәрежелі «Барыс» және «Парасат» ордендерінің иегері, Франц Кафка атындағы Халықаралық Алтын медаль, «Платина Тарлан» сыйлығы және  «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығының лауреаты. «Елім менің» атты Президент бәйгесінің екі дүркін бас жүлде иегері.

Ақынның 30-дан астам кітаптары жарық көрген. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында «Атамұра» баспасынан «Жүрегім – Қазақ елі» шығармашылық туындысы басылып шықты. Ол 300-ден астам халыққа кең тараған әндердің сөзін жазған. «Атамекен», «Сәлем саған, туған ел», «Аралдан ұшқан аққулар», «Домбыра», «Жусан исі», «Қазағымның күйлері-ай», «Сарыарқа», «Бозжорға», «Қазақстан», «Дос керек», «Аяулым», «Арайлы Астана», «Асыл ана», «Ғашықтар жыры», «Аққу сенім», «Ойлан, балам», «Сағым жылдар», «Қайран уақыт» сынды туындылары көпшілік  сүйіп айтатын әнге айналды.

Кең далам, толғанайын, толғайын,

Домбырам, қолға алайын, жырлайын.

Қазағымның даласындай,

Көзімнің қарасындай,

Айналдым сені, Атамекен-ай! – деп басталатын әнін білмейтін адам кемде-кем шығар?.. Шарада ақын сөзіне жазылған әндер шырқалды. Туған еліне жүрекжарды жырымен тағзым еткен ақынды атамекен жұртшылығы тебірене еске алды.

Ақынның жары Жұмагүл Сариева оның туған өлкесінде өтіп жатқан шараға көңілі толқығанын жасырмады.

– Ол – елдің сүйіспеншілігіне бөленген ақын. Біз елу жыл бір шаңырақ астында ғұмыр кештік. Әлемнің 40-тан астам елін бірге араладық. Осындай  сапарларынан рухани әсер алатын, елге келген соң көптеген жаңа жырлар жазылатын. Сонымен қатар, ол – тәуелсіздікті алғаш жырлаған ақын. Бұл тақырыпта «Жүрегім – Қазақ елі» жинағы жарыққа шықты. Алматы қаласы әкімінің шешімімен, тұрып жатқан үйімізге мемориалды тақта орнатылды.

Туған жері – Сыр елінде бүгінгі шараны ұйымдастыруға қолдау білдірген облыс әкімдігіне, облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұжымына алғыс айтамын, – деді ақынның жары.

 Ақын, аудармашы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері  Ш.Сариевтің 75 жылдығына арналған көрмені тамашалаған қонақтар шығармашылық өкілінің өміршең туындылары өнер биігінде ән болып қалықтай беретінін айтты. Педагогика ғылымының кандидаты, балалар ақыны Рахат Наурызбаева ақынмен алғаш жүздескен сәтіндегі әсерін айтып, естелігін бөлісті.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<