Сыр елінің рухани өмірі мен мәдени өрлеуіне алпыс жылдан астам тарихы бар Халық шығармашылығы орталығының қосқан үлесі орасан. Облыстың мәдениет пен өнеріндегі өрнекті жолын 1958 жылы Облыстық халық творчествосы үйі болып бастаған бұл мекеме алғашқы уақытта құрамында 3- 4 адамы бар мәдени-үгіт тобы ретінде еңбекші елді аралап жүріп өнер көрсеткен.
Бүгінде халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы болып аталатын өнер ордасында 5 бөлім, 4 халықтық ұжым еңбек етеді. «Сыр сұлуы», «Нұргүл» халық ән-би ансамбльдері, халықтық фотостудия, киностудия және балалар студиясы жұмыс жасайды. Олар – облыстық барлық мәдени шараларына белсене қатысып қана қоймай, халықтың рухын көтеріп, өнер әлеміндегі жаңа есімдерді тәрбиелеп шығаратын ұлттық ұстахана.
Өткен жыл да ел мәдениетінде елеулі өзгерістер мен айтулы жетістіктерге толы болды. Әлемде орын алған пандемиялық кезең мәдениет саласына да оңай соқпады. Дегенмен, облысымыздағы 174 мәдениет үйі мен клуб кәсіпорындары жаңа жағдайға бейімделіп, тұрғындарға мәдени қызметтің қолжетімділігін арттыра түсті.
Клуб мекемелерінің шығармашылық жұмыстармен айналысуға жағдай жасау – аса маңызды мәселелердің бірі. Бұл тұрғыда мәдениет саласына деген облыс басшылығының қамқорлығы үзілген емес. Былтыр облыс көлемінде 4 клуб ғимаратының құрылысы басталып, Қазалы ауданы Ақсуат ауылдық клубы пайдалануға берілді.
Ал, Шиелі ауданындағы Жиделіарық ауылдық және Жаңақорған ауданындағы Шалқия кенттік, Қазалы аудандық мәдениет үйлерінің құрылысы бірінші тоқсанда аяқталмақ. Аймағымызда республикалық және жергілікті бюджеттерден оңтүстік аудандардағы 3 ауылдық клубқа қайта жаңғырту, күрделі жөндеу жұмыстары, 16 клубқа жай жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы бірқатар клуб кәсіпорындарының материалдық-техникалық базасы нығайтылып, компьютер, сахна киімі, театр креслосы, дыбыс күшейткіш аппаратура, музыкалық аспаптар және концерттік костюмдер, басқа да қажеттіліктер алынды. Сондай-ақ, рухани құндылықтарды дамыту мақсатында бірнеше ақын-жазушылардың кітаптары жарық көрді.
Ел көлеміндегі айтулы оқиғалар мен ұлы тұлғаларға арналып ұйымдастырылған 9186 мәдени-көпшілік шараға 1593040 көрермен қамтылды. Оның 7665-і онлайн режимінде өткізіліп, қаралым саны 1407506-ға дейін жетті.
Облыс көлемінде жас таланттарды табу, олардың шығармашылығын шыңдау мақсатында 12 республикалық, 3 аймақтық, 95 облыстық онлайн байқау-фестивальдар ұйымдастырылды.
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, ұлы ойшыл Әбу Насыр әл Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын орданың 750 жылдығы, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы сынды айтулы оқиғалар жоғары деңгейде насихатталды. Аймақтағы клуб мекемелері елдегі карантиндік шектеулерге дер кезінде икемделіп, әлеуметтік желілерде және «Сыр шаңырағы» арнасында өңірімізден өткен батырлар мен билердің, шешендер мен жыраулардың кәріқұлақ қариялардан жеткен әңгімелері мен кесімді шешімдері – «Бабалар тарауы», «Тау тұлға Тұрмағамбет», «Туған өлке – тұнған шежіре», «Тектіден қалған төре сөз», «Жерімнің аты – елімнің хаты» атты айдарларымен оқырманға ұсынылды.
Ұлттық өнер, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, наным-сенімдердің мәнін ашып, мағынасын түсіндіретін «Алтын уық», «Бестің шайы», «Айтарым бар», «Халқымның қазынасы», «Рухыңды көтерсін киелі жыр», «Жыр-жауһар» сияқты айдарлар тұрақты түрде жұмыс жасады. Сонымен қатар, дүниеден өткен өнер және мәдениет өкілдерінің өмірі мен шығармашылығын насихаттайтын «Сағынышқа айналған бейнең…», «Қанатты домбыра» жобалары да көрермен сұранысына ие болды, бұл жобалар биылғы жылы да өз жалғасын табады.
Облыс клуб кәсіпорындары бойынша 854 үйірме бүгінде 10606 өнерпазды қамтып отыр. Әлеуметтік желілерде «Үйірме – өнер бастауы», «Өнерлі өрендер», «Ертегілер елінде» секілді айдарлармен түрлі жанр бойынша онлайн сабақтар өткізіп, үйірме мүшелерінің концерттік бағдарламалары таратылып келеді. Осы уақыт ішінде шет елдерде және республика көлемінде өткен 45 халықаралық конкурсқа өңіріміздің 180 жас өнерпазы қатысып, 64-і бас жүлдеге ие болды. Ал, республикалық 70 конкурсқа қатысқан 950 талапкердің 75-і бас жүлдені иеленді. Бұл жетістіктердің бастауында жүйелі ұйымдастырылған үйірме жұмыстарының еңбегі жатыр.
Өңірімізде дәстүрлі өнердің жаңа толқынын қалыптастыруға нақты жұмыстар жасалмақ. Осыған дәлел, ҚР Президенті Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес, балалар үйірмесі жұмыстарының жандануы үшін биыл облыс көлемінде түрлі жанрдағы 62 үйірме ашу жоспарланып отыр.
2021 жыл мерейлі мерекелерге толы айтулы кезең болмақ. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын жоғары деңгейде атап өтудің маңыздылығы тікелей ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға бағытталмақ. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы мәдениет саласын міндеттерін айқындап берді.
Алаш қайраткерлерінің мұрасын, Желтоқсан оқиғасы қаһармандарының ерлігін кейінгі буынға насихаттау мен Семей полигонының жабылуына 30 жыл толуына орай ел есіндегі ерліктерді елеусіз қалдырмай арнайы іс-шаралар мен конкурс-фестивальдар ұйымдастыру қолға алынуда.
Сыр өңірінің өнер тұғыры биіктеп, жаңа есімдермен толығуы жемісті жұмыстың нәтижесі мен алдағы міндеттің ауқымды бола бермегін айқындай түседі.
Жанат ҚҰРАМЫСОВА,
облыстық халық шығармашылығы және мәдени-продюссерлік орталығының директоры
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<