Терроризмнің түп-төркіні – саяси саудаласу немесе діншіл сектанттар ғана емес. Бұл қорқынышты ұғымның ең түбі жан дүниесінде мейірім сезімі жоқ соқыр сенімнің көзінен табылады. Дүниедегі сәт сайын орын алатын түрлі оқиғалар, түсініксіз қақтығыстар адамзат баласының мәдени санасының деңгейін көрсетеді. Мемлекетке қысым жасау, үрей туғызу мақсатында қасақана жасалатын қылмыстық іс-әрекеттің тізгіні тым босаңсып кеткен кездерді де көрдік. Оның мұнан әрі де жалғаса беру қаупі бар. Мемлекет тарапынан да, қоғам тарапынан да терроризмге қарсы түрлі қарсылық тәсілдер, ауқымды шаралар қолдану арқылы түбегейлі тосқауыл жасалды деп айта алмаймыз.
«Ұяда нені көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген қазақ даналығы басы ашық талай мәселенің жарасы мен себебін айқындап тастағандай. Иә, қоғамда қайшылық тудыратын түрлі мәселелердің түп төркіні отбасындағы бала тәрбиесіне әкеліп соғары белгілі. Ата-анасы мен өскен ортасынан әдепті, білімді, тәрбиелі болып өскен бала үлкен өмірге араласқан шақта қисынсыз қылмыстар мен жан түршіктірер терроризмдік әрекеттерге бармайтыны сөзсіз.
Ақпарат беттеріндегі түрлі жаға ұстатар оқиғалар мен адам сенгісіз жауыздықтарды көріп, бүгінгі қоғамның әр нәрсеге еті үйреніп қалғаны тағы бар. Бұрынырақта «Мына елде лаңкестік оқиға орын алды, анау жерде қылмыс болды» десе, денеміз тітіркеніп, жанымыз ауыратыны бар еді. Ал, қазір бұған көзіміз үйреніп, құлағымыз төселіп кеткен сияқты. Себебі, бүгінде ондай оқыс оқиғалар әдеттегі ақпарат пен күнделікті әңгімеге айналып кеткен.
Осынау адамзат баласының бойына жабысқан «салқынқандылық» пен жауыздық қоғамның да санасына сіңіп қалғандай. Соның салдарынан жақындарымыз бен көмекке мұқтаж жандарды да елемейтін болып барамыз. Бұл кеселдің емі қандай? Осы сұрақтың жауабын жаппай қоғам болып іздеуге көштік.
Ықылым заманнан қазақ, баласын бір ауыз сөзбен тәрбиелеп, ақыл-ойы дамыған, сөз қадірін өз қадірі тұтқан ұрпақ өсірді. «Күнделікті тұрмыстағы мәдениет» ұғымы қазақ отбасында үлкен қызмет атқарды. Бүгінгі күннің кеселі де сол – сананың мәдени таяздығы, түрлі теріс әрекеттерге барып, қоғам тыныштығын бұзатындар осы деңгейдегілер. Шығыстың ойшылы, философ Әбу Насыр әл Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген, яғни, адами құндылықтардан, тағылымды тәрбиеден ада берілген білімнің адамзат мүддесіне қызмет етпейтіндігі ерте заманнан-ақ белгілі болған. Ал, тәрбие мен мәдениет – егіз ұғым. Қоғамдық мәдениетті құрастыратын – жекелеген адамдардың мәдени құндылықтары. Кез келген мемлекеттің байлығы мен қазынасы халық екенін ескерсек, сол халықтың байлығы – оның адами құндылықтары, мәдени-рухани деңгейі. Тіл байланыс құралы болғанымен, оны пайдалы әрі жақсы қарым-қатынаста пайдалана алмау тағы да мәдениетсіздікке әкеліп соғады. Бір елде мәдени көкжиегі кең, рухани толысқан адамдар өмір сүрсе, ол елде қоғамдық қақтығыстар мен терроризмдік, қылмыстық әрекеттер мүлдем болмас еді. Себебі, рухани байлық материалдық байлықтан бір саты жоғары тұрған қоғамда өмірге деген көзқарастар өзгеше болып, адами құндылықтарға қайшы оқиғаларға орын қалмайды.
Тату-тәтті көршілер шыр бұзбаған,
Бірге тоңып суықта, бір мұздаған.
Бір жаманы – сонда да үй салмаған,
Бір жақсысы – абақты тұрғызбаған, – деген өлеңінде Қадыр Мырза-Әлі қазақ қоғамындағы мәдениетті дәріптейді. Демек, түрмесі жоқ елдің мәдениеті биік. Бір заманда біздің қазақ халқы – обал-сауаппен, ар-ұятпен, ағайындық сүйіспеншілікпен тіршілік еткен, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған. Бұл – ұлттың ұстын мәдениеті.
Біздің қоғамды артқа тартып, түрлі қайғы-қасіретке себепкер болатын лаңкестік, қылмыстық оқиғаларға темір тормен тосқауыл қоямыз деген түсініктен бойымызды аулақ ұстауымыз маңызды. Себебі, «Ауруыңа ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген даналықтың түпкі мәнінде тек тән ауруы туралы емес, мұндағы мағынада қоғамдық кеселдің де кесірінен құтылу жатыр. Ал, ауырмаудың жолы қандай? Амал біреу – қылмыстың алдын алып, жолын кесу. Бейкүнә жандардың тағдырын сақтаудың тәсілі де – осы. Ол үшін қоғамдық ем жүргізу қажет. Сіз бен біздің іздеген еміміз де сол – мәдениет.
Иә, мәдениет ұғымы қоғамдағы барлық проблемалардың шешімі десек те артық емес. Себебі, мәдени толысқан адам қылмысқа бармайды. Оның жаны мен тәніне адами қасиетті сіңіретін де сол мәдениет. Жаны жақсылық пен жасампаздыққа құмар, сұлулық пен әсемдікті сүйген адам қиянат пен жаманшылық ұғымдарын сіңіре алмайды. Ал, сол мәдениет мәйегін бала күннен бойына егіп, ұрпақты рухани азықтандыру – әр ата-ана мен кез келген ортаның басты міндеті.
Бүгінгі күннің жағымсыз ақпараттарын сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде тоқтатар дауа қоғамды мәдени байыту болса, сол дауаның дәрігері – мәдениет қызметкерлері. Мемлекет тарапынан мәдениет саласына қарқынды қолдаулар жасалынып, мәдени мұрамызды, өткен құндылықтарымызды жер-жерден жинадық, ғылыми дәлелдедік, кітап бетіне түсірдік. Енді мәдениет қызметкерлерінің алдында жаңа белес, айқын міндет тұр. Ол – қоғамды мәдени азықтандыру.
Мәдениет – ең абзал, ерекше бекзат ұғым. Әр аймақта, ауылдар мен әрбір отбасында мәдени сана, ұлттық болмысымыздың қалыптасуы – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесінің бірі екені анық.
Рухани жаңғыру бағытында арнайы заңдар қабылданды, алайда, біз көп жағдайда оны бұрынғы істеп жатқан ісіміздің маңдайына жалаулатып қоюмен шектеліп жүрміз. Рухани жаңғыру – біз айтып отырған ұлттық сана мен ұлттық мәдениетпен қауышу. Оның осындай сипатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек», – деген болатын.
Демек, біздің ертеңгі келбетіміз бүгінгі мәдени-рухани тың идеяларымыз бен жаңа бастамаларымызға тәуелді.
Қонысбек МӘЛІК,
облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік
орталығының маманы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<