Мыңжылдық мақам мәйегі

1212

0

Ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ мәдениетінің көне ошақтарының бірі – Сыр елі. «Сыр елі – жыр елі» деген тұрақты сөз – ұйқас үшін айтыла салмаған, терең мағына тектелген сөз.

Қазақ мәдениетінің тереңнен бастау алатын жыраулық дәстүрі Сыр өңірінде өзінің ерекше сипатымен белгілі. «Сыр ұзандарының» өзге өңірлерге ұқсамайтын бояуы бар. Дыбысты таңдайға салып сыбызғы шалғандай шығару – Сыр жырауларына ғана тән. Бұған IX-X ғасырларда Оғыз тайпаларының осы өңірді мекен етуінің де әсері мол болған дейді ғалымдар. 

Жалпы, «мақам» сөзінің атам заманнан келе жатқаны аян. Біз оның төркінінің қайдан шыққанына төтелеп бара алмаймыз. Бұл атаудың Құран сүрелерінде де кездесетінін аңдауға болады. Соған қарағанда, ең ұлы мақам – Құран мақамы.

Дегенмен, мақамды мұра етіп, оның халық ішіндегі әсері мен орнын ғылыми тұрғыдан дәйектеп келе жатқан тұлғаларымыз баршылық.

Солардың бірі – Нұр-Сұлтан қаласы «Наз» мемлекеттік би театрының дәстүрлі әншісі, мәдениеттану ғылымының магистрі Зағипа Иманғазиева.

Ол Арал ауданы Сексеуіл кентінде дүниеге келген. №22 қазақ орта мектебін бітірген. 2001-2005 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Халық әні» кафедрасының «Жыраулық дәстүр» бөлімін бітірген. Студент кезінде Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театрында актриса болып, сахна өнерін де меңгерген.

2006 жылы облыстық халық шығармашылығы және продюссерлік орталығында жұмыс жасады. Облыс әкімі ансамблінің мүшесі болды. 2010 жылдан Елордадағы С.Сейфуллин мұражайында директордың орынбасары қызметін атқарды. Қазіргі таңда «Наз» мемлекеттік би театрының әншісі. Мақамның мінезін, сипатын, құрылымын түсінетін, кәсіби сауатты өнер иесімен сыр сұхбат құрған едік.

– Зағипа, біз сені шебер орындаушы есебінде жақсы білеміз. Әнді әр тілде салатының да белгілі. Алдымен оқырманға өзің туралы айтып өтші.

– Қорқыт ата университетін орындаушылық шеберлік, арнаулы пәндерден дәріс беруші, фольклор зерттеушісі мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірдім.

 2016-2017 жылдары Еуразия Ұлттық университетінің магистранты болдым.

Халықаралық Түркі дүниясы фестивалінің және республикалық «Жас толқын» фестивалінің, 2007 жылы Оралда өткен Марабай Құлжабайұлының 165 жылдығына арналған республикалық әнші-термешілер байкауының лауреатымын. Республикалық «Елім менің» патриоттық ән байқауының «Аманат» номинациясы бойынша I жүлде иегері атандым.

«Дала дауысы» халықаралық радиофестивалінің жеңімпазы, «Tекті сөздің төресі – терме» республикалық термешілер байқауының «Үздік мақам-саз» жеңімпазы деген сияқты өнер жетістіктерім бар. 2021 жылы «Қазақ өнерінің қайраткері» деген атақ алдым.

Бұл күндері өнердің орындаушысы ғана емес, зерттеушісі есебінде еңбек етіп жүрмін.

Қазақ түрік шайырлары арасындағы мақам саз ұқсастықтары және оның ерекшеліктерін қамтитын тақырыппен мәдениеттану магистрі дәрежесін қорғадым. Бұл еңбегімнің тақырыбын «Мақам – мәдени тәжірибе» деп атадым.

– Мақамның түп-төркініне дендеп көрейікші?

– Орта Азияда 12 мақам (мақом) жүйесі Әмір Темір билеген тұста өркендеп, классикалық пішінге түскен. Атақты мақомтанушы Исхак Раджабов «12 мақом» терминін бір шығармадағы 12 түрлі мақам ерекшелігіне қатысты туындағанын және түрлі музыкалық күрделі шығармалар – Ушшок, Наво, Рост, Бусалик, Хусайни, Хиджаз, Рохави, Зангула, Ирок, Исфагани, Зирафканд и Бузург деген мақамдардан тұратынын айтқан. Осы мақамдар негізінде ХVIII-ХIХ ғасырларда мақом өнерінің «өзбек-тәжік макомдары», «әзербайжан мугамы», «ұйғырдың 12 мукамы», «арабтың  макамы», «парсы  дастгяхы», «магриб нуъбы» сияқты түрлері таралған.

Tәжік, өзбек, бұхаралық еврей халықтарының музыка мәдениетінің шыңы – шашмаком  бүкіл әлемдік руханият қазынасының теңдесі жоқ байлығы ретінде мойындалып, 2003 жылы ЮНЕСКО-да «музыканың мұрасы» деп бекітілді. Шашмаком – тәжік, өзбек, иудей тілдерінде орындалады, ол Орталық Азияның ғұрыптық дәстүрлерінің басын біріктіретін бірден-бір жанр ретінде құрметтеледі. Бұхара еврейлері шашмакомды ХХ ғасырдың басына дейінгі жеткізушілер болып саналады.

– Осылардан қалыптасқан қазақ мақамын айырып көрейікші?

– Қазақтың ән творчествосы – сөз бен мақамнан, интонациялық дыбыстаудағы дем иірімдерімен және жеке орындаушылық шеберлікпен ерекшеленеді. Музыкалық дыбысты күшейтіп, әуезді дамыту үшін қазақ өлеңінің дәстүрлі формасына лепті буындар – «ай», «ау», «ей» және «ақау», «шіркін-ай», «сәулем-ай», «қарағым-ау» сияқты қосымша сөздер енгізілетін тұстарымен ерекшеленеді.

Бір айта кетерлігі, жыр айтушылар, термешілер, әнші-композиторлар музыкалық қабілетінен өзге, суырыпсалма ақындығымен, сал-серілігімен, сырт келбетінің сұлулығымен, көркем де қайсар мінезділігімен, «сегіз қырлы, бір сырлы» даралығымен ерекшеленген.

Мен магистрлік еңбегімде қазақ мақамын гармониялық құбылыстардың логика-антологиялық ыңғайына, мақам модусы, түрік, әзербайжан, өзбек, ұйғыр, тәжік  мақамдарының музыкадағы тарихи формаларына негіздеп көрсеттім.

Еліміздің мәдениет саласындағы ұлттық музыка және әдебиет, мемлекеттік тіл саясаты жүйесіндегі қазақы  мақамның  рөлі мен маңызына қатысты көзқарасымды ортаға салдым.

– Зерттеу жұмысының нәтижелері қалай болды?

– Зерттеуімнің қорытындылары отандық және шетелдік басылымдарда 8 мақала түрінде жарық көрді. Қазақстанда және Түркияда ұйымдастырылған концерттік іс-шараларда орындалды. Арнайы аудио диск шығарылды.Түріктің республикалық «Vatan», «Haber» секілді газеттері менің концерт бергендігім жөнінде жазды.

Еліміздегі «Шалқар» радио торабында сұхбат-концерт өткіздім. Елордадағы мәдени шараларға, халық мақамын насихаттау барысындағы бірнеше концерттерге қатыстым.

Түркияда екі концерттік диск, бір бейнетаспалы концерт бағдарламасы шықты.

– Түркиялықтар бейнетаспаларыңды шығаруға құлықты болды ма?

– Осы жөнінде мына бір қызық нәрсені айтайын.

ЮНЕСКО тарапынан жарияланған Яссауи жылына байланысты іс-шара болмаса осы әулиеміздің хикметтерін жарыққа шығарайық деген мақсаттағы өтінішімді өзіміздің министрлік созбақтай берген соң Түркия мемлекетіне бардым. Стамбул әкімдігі IBB Kültür AŞ басшысының қабылдауында болып, мән жайды түсіндірдім. Хикметтерге ән жазатынымды әрі оны түрікше, қазақша өзім орындайтынымды айттым.

– Сен кімсің? – деді басшы маған қарап.

– Ұлтымның мақам сазын көмейімде сақтап, түркі халқының руханиятын төбесіне көтерген қазақтың қызымын, – дедім.

Сонда әлгі басшының:

– Қызым, кез келген адам хикметке беттей алмайды, жүрек ашылмаса, ол – күрделі тақырып. Сен композиторсың ғой, Қажы Байрам Вели деген әулие, шайырымыздың бір хикметі де жарыққа шықпады. Соның мына хикметіне ән жазсаңыз, сөзі міне, ертеңге дейін ойланарсыз, сау болыңыз, – дей қалмасы бар ма!?

– Тоқтаңыз аға, мен ертең емес, қазір жазамын, – дедім де, қағаздағы түрікше сөзді бір шолып, домбырамды қолыма алып, еш дайындықсыз хикметті жүрекпен орындап бердім.

Бой балқытардай бір күйге елтіген басшы сенер сенбесін білмей сәл ойланып отырды да:

– Бұл альбомның аты «Sen seni bil, sen seni» деп аталсын, – деп сол мезетте бұйрық шығарды. Альбомның тек қана түрік тілінде шығатынын айтты. Жартысы қазақша болсыншы деп өтіндім, мен.

– Жоқ, қызым, болмайды, мемлекеттік тіл – түрік тілі, сондықтан түгел түрікше шығады, – деді ол. Ал, мен болсам қазақтың тілі, әуені қалықтаса ғой деген асқақ арманнан арыла алмай отырмын.

– Атажұртыңыз – Қазақстан, бұл жер – Анажұртыңыз. Тіліміз, дініміз, пікіріміз бір халықпыз, ең болмаса 30%-ы қазақша болсын, – дедім. Арқаланып алсам керек. Маған тесіле қарай қалған басшы өткір сөзімнің жүзін майырғысы келмеді, келісті. Бір альбомның шығу тарихы осылай болды.

– Керемет оқиға екен. Ойыма мынадай бір сұрақ түсіп отыр, осы жұрт жырау мен жыршыны айыра алмайды деген пікір бар.

– Жыраулық өнер туралы Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев секілді ғалымдарымыз негіздеп кеткен. 

Ғалымдардың айтуында, поэзия мен музыканың жіктеліп, жеке-жеке өнер салалары ретінде қалыптасқаны байқалады. «Жыраулық өнер», «жыршылық өнер» деген тіркестер осы тұстан тарайды.

Негізі жырау бүкіл халық атынан сөйлейді. «Жырау» деген сөз, «жыр» – эпос, аңыз, өлең деген сөзден шыққан. Жыраулар эпостық шығармалар шығарған және оны орындаған. Кейінірек, XVII ғасырда жыраулар орнына жыршылар келді, олар эпостық шығармалардың орындаушылары еді.

Жыраулар мұрасы – жастарға рухани азық. Айта кетерлігі, жыраулар мақамдары бір арнаға тоғысып, толықтай нотаға түспеген. Өйткені, әр жыраудың өз ерекшелігі, мақам иірімдері бар.

Ал, «айыра алмайды» дегенге келсек, ауызекі тілде жырау да, жыршы да «жырау» деліне береді. Бұл «жырау» сөзі қуатының күштілігінен болар. Оның ара жігін айыратын ғалымдар. Тыңдаушы үшін оның екеуі де құнды.

– Жыраулар шығармашылығының насихатына көңілің тола ма?

– БАҚ заманауи космополиттенген жеңіл әуендерді орындаушыларға көптеп пиар жасайды, ұлттық мақамды насихаттауға жүргізіліп жатқан жұмыстар мардымсыз. Сондықтан да бүгінгі жастар ұлттық құндылықтарды бағамдауға дәрменсіз деп айтуға болады. Бұл ескерілуге тиісті мәселе. Өйткені, ұлттық нақышқа бай әрі орындаушылық шеберлік иірімдері қайталанбайтын авторлық мектептер негіз болған жыршылық дәстүрлер тиесілі насихатталмағандықтан, жыршылар, термешілер, мақам әуендері халыққа кеңінен танылмай келеді. Шетелдік телесериалдар мен отандық «жұлдыз» саналатын эстрада орындаушылары мен ТМД елдерінің тележобалардың көшірмелеріне құралған жеңіл-желпі, тәрбиесі төмен шоулар, өздеріне пиар жасап жүрген «ақыл айтқыштардың» халықтың рухани ойлау қабілетін дамытуға әжептәуір нұсқан келтіріп жатқандықтары өкінішті. Осы орайда, ұлттық құндылықтың бірегейі халық мақамдарының өзегінен туындаған жағымды әуендердің адам психологиясына беретін рухани әсерін ұтымды қолдану қажет.

Бұл жөнінде Сыр елі жыршы-жырауларының ұстазы Алмас Алматов ағамыз жеріне жеткізе айтып жүр.

 Мақам мәселесіне назар аудару елдің өзін-өзі тануына, құрметтеуіне, отансүйгіштік сананы оятып, жауапкершілікті тануға әсер ететін фактор болмақ. Бүгінгі концерттік бағдарламалар, лекция-концерттер ұлтты өз қазығынан адастырмайтын бағдарламаларға бағытталуы тиіс, жас ұрпақтың сонда ғана ана тілінде сөйлеуге құштарлығы артады. Сананың мәңгүрттенуіне тосқауыл болады.

– Демек, сенің «мақам – мәдени тәжірибе» деп отырғаның, ата мұрасын ұлт тәрбиесіне жарату керек дегенді дамыту бағыты ғой.

– Жыраулардың мақамдары адамзаттың бойына бекзадалық мінез қалыптастыратын, адамгершілік, шыншылдық, имандылық қағидаларын өсиет ететін мәтінмен сәйкестікте келетіндіктен, әуезі жағымды, тылсым құдіреті басым болып тыңдаушыға оң «өріс» әсерін құяды.

Мақамды мәдени тәжірибе барысында ең алдымен күш беретін «энергия» терминінде қабылдайды, өйткені оның ішкі ағзаны қуаттандыруға әсері мол. Қазір мәңгүрттену манипуляциялары түрлі ортада, кез келген қолайлы жағдайда жайылып бара жатқаны байқалады.

Міне, осы міндеттерді іске асырудың бірнеше себептерін айта кету орынды. Біріншіден, балабақшаларда бесік жырларынан бастап, мектептерде бастауыш сыныптан жоғарғы сыныпқа дейін өтілетін музыка мен ана тілі, әдебиет пәндерінен қосымша эллективті сабақтардың тақырыптарын ойластырып, жыраулар, термешілер мен фольклор, этнография саласының ғалымдарымен бірлесе өткізу жолдары қойылуы тиіс. Алтын қордағы үнтаспаларды қолдану да жақсы нәтиже береді. Білім беру саласында мәдени тәжірибелердің атқаратын рөлін тиімді насихаттайтын мамандарды эллективтік сабақтардың жүктемесіне екі жақты шарт жасасу арқылы жұмысқа тарту мәселесі қарастырылып, іске асырылса, тиімді болады деп үміттенеміз.

– Мұндай мамандар көп пе?

– Педагогика саласында этнографиялық, фольклорлық бағыттағы ұлттық тәрбие беретін мамандар тапшы. Есесіне, мектептегі психолог мамандар батыстың психологиясын күштеп тықпалауда.

Осы аталған мәселелер қоғамда, білім беретін оқу орындарында ұлттық тәрбиенің кешеуілдеп қалған проблемаларын туындатып отыр, ол бір жағынан ұлттық дүниетаным негіздерінің маңызды тұсы, мәдени тәжірибенің көзі болып табылатын қазақ музыкасының мақамы туралы түсініктің кешеуілдеп қалғанының әсері деп топшылаймыз.

Дүниежүзілік музыка әлемінде қазақтың төл мақамының өзіндік колоритін сақтап, өнерсүйер ұрпақтың елімізде және шетелдерде өтетін мәдени тәжірбие алмасу концерттеріне, байқауларына қатысу мүмкіндіктерін ашу жолдарын маңызды компонент ретінде қарастыру қажет. Мұның ұлтаралық татулықты нығайтуға қосар үлесі мол. Рухани жаңғыруға жетелейді. Әр халықтың өз өлшемі, өз талғамына сай дамитынын ескерсек, біздің заманауи талғамымыз ұлттық көзқарасымыздан алшақтап кеткендей.

Біздің жасап жатқан еңбегіміз осы алшақтықтың арасын жақындату.

– Алда қандай мақсаттар тұр?

– Бүгінгі мәдениеттер тоғысы екпіндеп тұрған кезеңде, жан дүниемізді рухани сусындататын мәдени тәжірибе байланысының маңызы үлкен рөл атқарады.

Мен осы халықтар арасындағы мәдени байланыстың іс-шараларында, ұлттық мақамды насихаттап, жеткіншек ұрпаққа тағылымды бабалардың теңдессіз мұрасын жеткізуге атсалысып келемін. Менде мұнан үлкен мақсат жоқ. Қалауым бар, ол – қоғам ұрпағымызды ұлттық мақам әуенімен әлдилесе екен деймін.

– Мақсатыңа жет, өзіңді де мақам саздың әуені әлдилей берсін.

Сұхбаттасқан 

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<