Нәрлі өнердің маңызына үңілген арлылар бар

614

0

Нәрлі өнердің маңызына үңілген арлылар бар Әр дәуірдің өзіндік ерекшеліктері болады. Соның бірі сұраныс дер едім. Қай нәрсеге сұраныс көп болса, сол көбейген заман. Қазір не көп? Монша көп, базар көп, нотариус көп. Сосын әнші, жыршы көп. Қайсысы мықты, қайсысы жақсы, қайсысы абзал? Жаман, әлсіз деген анықтамаларды тілге тиек етудің керегі жоқ. 

Бұл «қауіпті», себебі бәрі «мықты». Бір мойындар шындығымыз бар, тым көбейген соң жез бен алтынды айыру қиынға соғып барады. Төрт-бес әнді үйреніп алып, атағын аспандатқан «мықтылар» да бар, өмір бойы нәрлі өнердің маңызына үңіліп, мәніне жетпей, еліне жеткізбейтін арлылар бар. Бірақ бүгінгі заманның тегеуріні тым қатты, арыны асау. «Үңілуге уақыт жоқ» дейді де, қолына іліккенін сүйрей ала жөнеледі. Әлгіндегі сүйреткені біраздан соң зорығып «өліп қалып» жатады. Оған қыңыраюдың да қажеті шамалы. Неге десеңіз, ондайлар көп, келесісін ала жөнелеміз.

«Ақырын жүріп, анық басуды» қош көрген екен дана атамыз. Себебі «заманға адам күйлемек» дейді. Асыл өнер нендей дәуір келсе де еленбей қалмайды. Өйткені тектілік дегеніміз – тамырдың тереңдігі, бастау алар көздің сафтығы. Айтқалы отырған Берік жыршының игерген Сыр бойының жыраулық-жыршылық өнері – тамырын тым тереңнен тартқан текті өнер. Аспаннан «мың бір бәле жауса-дағы» қылшығын қисайтпайтын қасиет иесі, бұл – өнер.

Ал, Берік болса, сол өнердің тұнығынан жүзіп ішкен жүйрік. Уызына жарып өскен өнер ордасының перзенті, саралап барып, санасына сіңірген, жоғын жоқтап тауып, жұртына шашқан жоқшысы, мақамын саздатқан бақшысы, қысқасы – жақсысы. Жақсының тапшы болатыны белгілі. Тапшыны кейде бірегей дейміз. Берікті бірегей десек орынды болар. Ендеше, оны демеу керек!

Бекболат ТІЛЕУХАН,

ҚР еңбек сіңірген артисі,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<