Оюмен ой айтқан ісмер

1014

0

Бүгінде тігіншілікті кәсіп еткен қыз-келіншектердің саны артып келеді. «бастау бизнес» жобасы бойынша білім алып, ісмерліктің үш айлық курсын оқып, кәдесіне жаратып жатқандар жетерлік. Мемлекет тарапынан қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, құрал-жабдығын түгендеп, іске кірісуде. Көзін тауып, жолын іздесең   кез келген істі меңгеруге болады. Осындай мүмкіндікті тиімді пайдаланғандардың бірі – Айгүл Иманбекова.

Ол он жасынан бастап тігін тігуді, тоқыма тоқуды үйренді. Қолы қалт етсе, жақсы дүние жасауға әуес. Мектеп бітірген жылы, көлік саласы мамандығы бойынша оқуға түсті. Колледжде оқып жүріп, шеберлер үйірмесін ашты. Онда жастарға қол­өнерден шеберлік сағаттарын ұйымдастырды. Сонымен бірге кілем тоқуды же­тік меңгерді.  Жақында жас шебер кәсібін ашты. Мем­лекеттік бағдарламаның игілігін көрді. Бүгінде «Ай-гүлім» қолөнер тігін шеберханасы арқылы шаруасын дөңгелентіп отыр. Екі адамды тұрақты жұмыспен қамтыды. Шебер гобелен, тоқыма бұйымдар, қыз жасауы, құрақ көрпешелер, түрлі моншақтардан бұйымдар, қалыңдық гүлі мен өзге де дүниелерді жасайды.

– Бала күнімде өзіме ұнаған көйлекті тігіп болмаса тоқып киетінмін. Моншақтардан да түрлі әшекей жасайтынмын. Кілем тоқуды тез үйрендім. Қазір бұл кілемге тапсырыс көп.  Арнайы келіп жасататындар да бар. Балабақшаларға мультфильм кейіпкерлері бейнеленген кілемшелер тоқимыз. Бастысы, ынта болуы керек. Өзге саланы таңдасам да, менің жаным тігіншілікті қалады. Содан шындап іске кірістім. Көпшілік жасаған туын­дыларыма қызыға қа­рап, тіпті сатып ала бастады. Сол себепті, тігін цехын ашуды жөн санадым, – дейді ол.

Айгүлдің жеткен жетістігі аз емес. Ол түрлі аудандық, облыстық көрмелерге қа­тысты. «Алтын оймақ» жобасында жеңімпаз атанды. Түрлі байқаулардан жүлделі орындарды иеленді. Со­ны­мен қатар «Шиелі шебер­лері» ұйымының мү­шесі. Қолынан шыққан бұйымдары сұра­нысқа ие. Он саусағынан өнер тамған шебердің туындылары еліміздің түкпір-түкпіріне де жөнелтілді.

–  Жұмыс көп, уақыт жоқ. Шеберханаға күнделікті қаншама адам келеді. Бірі қыз жасауына тапсырыс берсе, енді бірі бесік жабдығын тіктіреді. Ұсақ-түйек шаруалар да жетерлік. Мен жұмыстан шаршамаймын. Қайта тігін машинасына отырған да дем аламын. Соңғы үлгідегі тігін машиналары  тігістің сан түрлі жолын салады әрі жұмысты жеңілдетеді, – дейді Айгүл.

Ісмердің тыңғылықты ісі көпке ұнайды. Сондықтан болар, тұтынушысы көп. Шебер­ханадан кісі аяғы арылмайды. Ол жаңаша дүниелерді жасауға құмар, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Ою-өрнектің ерекше үйлесіміне мән береді.

Қазіргі кезде стартап жобасына қатысып, финалға шықты. Сондай-ақ, аудан орталығынан қолөнер дү­кенін ашып, шәкірт тәрбие­леуді қолға алмақ. Бұл ба­ғыт­та жұмыстары жүзеге асуда.

Айгүл еңбегінің арқа­сында елге таныла бастады. Қазақы кілем тоқитын шеберлермен бос қосып тұрады. Онда қолынан шыққан туындыларын көрсетіп, өзара тәжірибе алмасып қайтады.

– Тоқыма тоқу, тігін тігу адам денсаулығы үшін де пайдасы зор. Саусақ жаттығуына әсері бар. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өзі осы өнер түрін арнайы курс ретінде қолданады. Бұдан бөлек, қазір өзім секілді жастардың қолөнерге деген қызығушылығы артып келеді. Мұны шеберханаға бас сұғатындардан аңғаруға болады. Қызығып, «үйретші» дейтіндері қаншама?! Сол себепті курс ашып, оларды қолөнерге баулу керек деп шештім, – дейді ол. 

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<