«Орамалы тұрады бес жүз жорға»

3449

0

Жақында қыз ұзату кешінде болдық. Байқағаным, жас келіндердің барлығы қазақы ою-өрнектермен безендірілген орамал мен камзол киіпті, әшекейлер тағыпты. Қандай жарасымды! Арулардың  сұлулығын толықтырып тұратын осы – ұлттық киімдеріміз бен әшекейлеріміз.  Ұзатылып бара жатқан қыз да  қосетек көйлек пен сәукеле  киіпті. Шашы өрілген, шолпысы төгіліп тұр. Сыңғырлап шыққанда көпшіліктің назарын аударды. Қызды қолтықтаған екі жеңгесі де етек-жеңі төгілген, кестеленіп тігілген ұлттық киімдерімізбен ажарланып тұр. Тіпті, үлкен апаларымыз да сәні келіскен, өрнегі көздің жауын алатын камзол киіп жүр. Бір-бірінің көйлектеріне қызығып, қандай дүкеннен алғанын, қай тігінші тіккенін сұрастырып жатыр.

Бұрындары мерейтойы болып жатқан ел ағалары мен ақ жаулықты аналарымызды құттықтағанда шапан жауып, камзол кигізетін едік. Сондай шараларда ғана ұлт­тық киімдерімізді еске түсіретінбіз. Сосын Наурыз мерекесінде киіп шығатынбыз. Қазір тойларға, жұмысқа күнделікті киюге ыңғайлы  қазақша киімдер саудаға шыққан. Жарасымды әрі сәнді қазақша көйлектер қыз-келіншектердің ажарын аша түскендей.

Отандық тігіншілер жеңіл жейделер, қамзолдар мен көйлектерді күнделікті киіп жүруге ыңғайлы етіп тігіп жатыр.  Бұл киімдермен кез келген ортаға бара аласыз. Демек, сұраныс бар. Қала орталығындағы қолөнер дүкендері қазақша оюлармен өрнектелген киімдерді сатылымға шығарған. Онда ұлттық нақыштағы қыз жасауы, бұйымдар, әшекейлер, киімдердің сан түрі бар. Тігіншілер қалауыңызға сай етіп, түрлі тастармен оюлап, өрнектеп тігіп береді. Әшекейлерді талғамға сай жасайды.

Айта кетерлігі, отандық ди­зайнерлердің көпшілігі ұлт­­тық нақыштағы киім үлгі­ле­рін әлемдік сән сахналарында көрсетіп, жоғары баға иеленіп жүр. Көрмеде  қызығушылық танытатындар да аз болмайды екен. Дизайнерлер бұл киімдерге  бағалы маталарды қолданады. Ою-өрнектер, түрлі әшекей тас­тар ұлттық киімнің сәнін аша түскендей. Бұл – адамның уақыты мен көз майын тауысатын еңбек. Сондықтан ба­­ғасы қым­бат. Оны кез кел­ген­нің қал­­тасы кө­тере бер­­­мейтіні осы ең­бегінде.

Бала күнінен бас­тап ісмер­лікпен айналысып келе жатқан Бағжан Шайхислам қазақ­тың ұлттық киімдерін тігуге маманданған. Оның айтуынша, соңғы жылдары қызылордалық тұтыну­шылардан ұлттық нақыштағы киімдерге тапсырыс артқан. Қазір әдемі сән үлгісі қазақы нақышта тігілуде. Әсіресе, мерейтойларға зерлеп тіккен қамзол, шапан сыйлау сәнге айналған. Тігін цехында жұмыс істейтін жұмысшылар – өз істерінің маманы. Олар ұлттық киім тігу, өрнегін салу, оюы мен тастарды пайдалану оңай шаруа еместігін алға тартты. Шеберхана тек киім тігіумен ғана шектелмейді. Ұлттық нақыштағы кәде­сыйлар, қыз жасауын  да жасайды. Сонымен қатар киізден байпақ, кәжекей жасап, тұтынушының талғамынан шыққан. Шебердің  өнімі өзге де өңірлерге тапсырыспен жөнелтілуде. 

Әрбір ұлтты айшықтайтын құндылықтар бар. Солардың бірі – киім. Кәжекей мен бүрмелі көйлек – қазақ қызының сәні. Аналарымыз ақ жаулығын тақса, келін оюлы кәжекейін ілсе, қыздарымыз кестелі көйлегін киіп жүрсе, жарасымды емес пе?! Бастысы, ұлттық киім сандықта жатпаса болғаны…

Қазақ қызының ұлттық киіміне қатысты небір сөз маржандары мен әндердің бүгінгі ұрпаққа жетуінде терең сыр бар. Мәселен, «Қыз Жібек» жырында «Орамалы  тұрады бес жүз жорға» демей ме?

– Боз үйден бір қыз көрдім

көзі күлген,

Шаштарын он күн тарап,

бес күн өрген.

Сол қыздың сұлулығын

мен айтайын

Үстінде дүрия бешпент,

шайдан көйлек, –

деп толғайды «Ой көк» деген халық әнінде.

  – Ақ көйлек, қызыл

бешпент, әдемі қыз,

Тиген жоқ әлі ешкімге

әдемі-ау әлегіміз, –

дейді «Әдемі қызда».

Мұндай мысалдар көп, тек ұлттық киімдерімізді күнделікті қолданысқа ен­гізуде әлі де кедергілер бар. Бас­ты кедергі, әрине, бағасында. Расында, қыз-келіншектер арасында заман талабына сай тігілген ұлттық киімдер мен орамалдар сұранысқа ие бола бастады. Алайда, ұлттық  стильде киіну әлі де қолжетімсіз болып тұр.

Киіну – адамның талғам-тәрбиесінің көрінісі. Көп­шілігіміз сәнді киінуді білсек те, мәнді киінуден тысқары қалып барамыз. Қазір киімнің бренд таңбасына қарап, әркімнің шама-шарқын білуге болады, бірақ ұлттық болмыс-бітімін ажырату қиын.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<