Қайталанбас Қалдаяқов

1743

0

Алты Алашқа әйгілі, қазақ халқының ұлы сазгері Шәмші Қалдаяқовтың туғанына биыл 90 жыл. Ән әлемінің падишасы болған Шәмшінің әндерін білмейтін, әуеніне ермейтін қазақ жоқ шығар?! Қазақ даласын әнімен тербеген Ән-Аға халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, көзі тірісінде-ақ аңызға айналды. Қазақтың ортасынан шыққан тума талант, үлкен дарын иесі атанды.

Шәмшінің шығармашылығы мен ғибратты ғұмыры осы уақытқа дейін талай зерттеліп, том-том кітаптарға арқау болды. Әлі де талай зерттелері хақ.

Ән-Аға

Шәмші Отырар ауданы, «Сары­көл» елді мекенінде дүниеге келген.  Әкесі Қалдыаяқ ұста, ескіше сауаты бар, өнерпаз болған көрінеді. Ал ана­сы Сақыпжамалдың әніне елі елітіп жүреді. Шәмші дү­ниеге келгенде өзге балалар секілді жыламай, біртүрлі әуезді ырғаққа ұқсайтын үн шығарып жыласа керек. Сонда қолына алып тұрған әкесі:

– Мен сені қиссадағы Жамшид патшаның атымен атағалы жүр едім. Бірақ мына дауысың патшаныкі емес, әншілікке көбірек ұқсайды екен, – депті.  Сонда қасында тұрған құрдасы Құдайберген:

– Оу, Қалдаяқ, балаң адамдардың емес, әннің патшасы болса да тақияңа тар келмес, – депті.

– Айтқаның келсін. Есімі Жамшид болсын, – дейді әкесі.

Сол Жамшид отыз жыл өткен соң Шәмші Қалдаяқов болып, халқының сүйікті ұлына айналады.

Шәмші бала кезінен қағылез, та­лантты болып өседі. Оның табиғатпен үндестігінің өзі бір әлем. Өз қатар­ластарының арасында сондай да­рын­ды, қарапайымдылығымен ерек­­­ше­ленген. Бұл туралы бала кез­дегі досы Келдібек Жабатаевтың естелігінен оқуға болады.

«Бір күні Шәмші «мен сендердің кім болатындарыңды болжай аламын, қатар тұрыңдар» деп бізді қаз-қатар тұрғызып, «сен анау, сен мынау бо­ласың» дейді. Шофер боласың дегенде түнімен қуанып шығатынбыз. Себебі, ауданда екі-ақ жеңіл машина бар. Біз өзің не боласың дегенде «музыкант» боламын дейтін. Сол ниетіне жетті. Шәкеңнің дүниесіндегі тағы басты байлығы табиғатқа тағ­зым етуі, жан-жануарлардың, өсім­діктердің көк­тем мен жаз айла­рындағы, әсіресе, құстардың ты­­ныс-тіршілігіне қатты қайран қа­лып, да­уыстарын тыңдаған­да бір ға­жайыпқа кенелетін». Осыдан-ақ, сазгер­дің өне­рінің табиғатпен бірге өріл­гендігі аң­ғарылады. 

Сазгер жайлы деректерді ақтар­ғанда «Шәмші орысшаны жақсы білген» деген ақпарды көзіміз шалды. Негізінде Шәмші мектепті орысша бітірген. Өмір дерегіне сүйенсек, ал­ғашында Қапланбек мал дәрігерлік-зоотехникалық техникумына, одан кейін Сахалиндегі әскери училищеге түсіп, кіші офицер дәрежесінде аяқ­тайды. Өнерге деген құштарлығы одан әрі оны Ташкенттегі Хамза Хакімзада атындағы мемлекеттік учи­­лищеге әкеледі. Ол жерде әнші Жамал Омаровамен кездесіп, Шәм­шіні елге шақырады. 1956 жы­лы сазгер Құрманғазы атындағы кон­­сер­ваторияның композиторлық фа­­культетіне түседі. Бірақ кон­сер­­ваторияны бітіру Шәмшіге бұ­йыр­­­майды. Музыкалық білімінің бол­мауы оның өнеріне кедергі келтіра алмады, керісінше, тосын ырғақ, соны саз іздеумен болды. Өнер додасында өзін қамшылаумен жүрді. Осылайша, оның өнерге деген махаббаты ән ғұмырына айналды.

Ән-ғұмыр

Шәмшінің әндері – өмірдің өзіндей әсем, адамның жанындай сұлу. Қай әнін алсақ та ғажайып саздылығымен, сылдырап аққан бұлақ суындай тап-таза мөлдірлігімен ерекшеленеді. Оның шығармаларының ұлттық на­қыш­пен құнарлануы, халықтың ты­ныс-тіршілігімен қабысуы, өткен мен бүгінді ұштастыруы сазгер жа­нының қазақы дәстүрмен терең сусын­да­ғанын көрсетеді. Бұл – Ш.Қалдаяқов туындыларының даңқын тасытып, дүйім далаға кең жайылуына сеп болды. 

Шәмші әндерінің қазақы бояуы жылдар өткен сайын қаныға түсуде. Адам жүрегінің қылын шертіп, өмір­ге деген, өнер ­мен елге деген сүйіс­пен­шілігін арт­ты­руда. Оның ән­­дері­нен ізгілік­ті, зор сүйіспен­ші­лік­ті, үл­кен сағы­нышты, мейірім мен ма­ха­бат­ты сезесің. Сон­дықтан да болар, қазақ мәдение­тінің өшпес мұра­сына ай­налған сазгер туын­дылары адам жанын тебірентпей қоймайды.

Шәмшінің әндерін, оның жүріп өткен жолдарын айтқанда журналист Қали Сәрсенбайдың мына бір естелігі еріксіз ойға оралады.

«Қазақ музыкасының Мұқаға­лиын­дай болған Шәмшіні біз неге айта береміз, неге ұмытпаймыз, неге жақсы көреміз?

Қаншама қылкөпірден өтсе де адамды арын биік ұстап, хал­қын ру­хани жетілдіруді, рухын көк­ке кө­теруді ғана мақсат тұтып, пара­са­тын пендешілікке айырбас­тамаған, «өйтіп едім, бүйтіп едім» деп  міндет­сінбеген, ішсе де атына сөз кел­тірмей әдемі ішкен, есесіне есеппен ішпеген, өнерден басқа өмір жоқ деп білген, соншама талантты, жер жарар атағы бола тұра қарапайым өмір кешудің классикалық үлгісін көр­сеткен Шәмші жалғыз еді. Шәм­шінің әндері болмаса, дүниенің ди­да­рына дақ түсіп, аяулы сезімдер әлде­қашан жоғалып кететіндей еді». Расымен, қарапайымдылықтың үлгі­сін көрсетіп, сезімдер пернесін оята білген, әнімен елін тербетіп, әрбір жанды өнерге, әнге іңкәр еткен Шәм­шіні ұмыту, оны жақсы көрмеу, ән­дерін айтпау мүмкін емес.

«Шәмшіге айт,

Тағы да бір таңдандырсын,

Жындандырсын жүректі,

жандандырсын!

Мәңгі өлмес Махаббатым

айта жүрер,

Мәңгілік өлмейтұғын

ән қалдыр­сын!» –

деп жырлаған ақын Мұқағали Мақатаевтың бір шумақ өлеңінен-ақ Шәмші әндерінің құдіретін сезінуге болады.

Сонау ХХ ғасырдың ғұлама жазу­шысы Мұхтар Әуезовтің өзі Шәмші саздарын «Ақан, Біржан өнер­паз­дығынан кейінгі бір «жыл кел­ген­дей жаңалық» сезіндіретін үздік құ­былыс деп жоғары бағалаған еді. Жұрт аузында «бүкіл қазақ еліне ән салдырған Шәмші» атануының сыры да сонда.

«Сыр сұлуы»

Шәмші әндерінің қай-қайсысы да айтқан сайын жаңара, жаңғыра түседі. Оның әрбір әні тұла бойдың толқынын, сол бір кездің сағынышын жеткізеді. Сазгердің жазған әр әні – жеке бір тарих. Өзіндік мазмұнымен ерекшеленетін саздарының шығуы­ның өзі бір бөлек. Сондай шығу тарихы өзгеше, Шәмшінің шоқтығы биік әндерінің бірі – «Сыр сұлуы» әні.

Өз дәуірінде қазақ қызының әнұранына айналған бұл ән әлі күнге дейін тұмардай сақталып, сабақтастығын тауып келеді. Шығу тарихына көз жүгіртсек, 1964 жылы Баян Құтыбаева бастаған Сырдың белсенді қыздары бірігіп, күріш егуді қолға алып, комсомол жастар бригадасын құрады. Қолына қалам алып, студент болуға ұмтылатын кезде қаламды кетпенге айырбастаған сұлулардың бұл еңбегі далаға кет­пейді. Алғашында бригада құрамына 7 қыз кіреді. Еңбектері жанып, олар әр гектардан 52 центнерден өнім алады. Бригаданың еңбегі жайлы га­зет беттерінде жарыса түрлі мақала жазыла бастайды. Тіпті, облыстық конференциялардың бірінде ғарыш­кер Г.Титовтың қолынан марапат алу бақыты бұйырады. Бүкілодақтық Ха­лық шаруашылығы жетістіктері көр­ме­сінің күміс медалін, ақшалай сый­лықтарға қол жеткізеді. Осыдан кейін еңбек бригадасына кіруге тілек білдірушілер көбейіп, қыздардың қа­тары толысып, он алтыға жетеді.

Әннің шығу тарихы турасында Шәмшінің досы, ақын Мұхтар Шаха­нов өзінің еңбегінде:

«Бірде Қызылорда облыстық пар­тия комитетінің идеологиялық хат­шысы Қаржау Жарқынбеков біз­дің үйге телефон соғып, Шәмші екеу­мізді кездесуге шақырды. Шә­кең ма­ған: – Болашақта бүкіл Сыр елі ай­тып жүрерліктей бір ән жазып ала барайық, – деді. Мен қолда­дым. Шәкең бір түннің ішінде даяр етті. Бірнеше рет мандолинге салып та, ыңылдап та әннің әуенін санама сіңірді. Және «рыбасы» деп аталатын болашақ өлеңнің буын санын көрсетіп те берді… Бірақ маған тосын ой келді. Шәкеңе: – Сыр өлкесіне бара жатырмыз. Сол елде Зейнолла Шүкіров деген ақын бар. Осы әннің сөзін соған жаздырайық. Шәкең көнді. Қызылордаға бара са­лысымен Зейнолла ағаның үйіне те­лефон соқтым. Шәмшіге жаса­ған ұсы­нысымды өзіне айтып, түсін­дір­дім. «Әннің өлеңін жазуға бар кү­шіңізді салыңыз» деп қайрадым. Әнге Зейнолла аға «Он алты қыз» деп ат қойған екен. Шәкең «Сыр сұлуы» деп атады, – дейді ақын.

Осылайша, күрішші қыздарға ар­налған ән туады. Бір қызығы, әннің атауын ақын З.Шүкіров «Он алты қыз» деп атаса, сазгер «Сыр сұлуы» деп атайды. Ал, сол уақыттарда жа­рық көрген «Ленин жолы» газе­тінде қазіргі «Сыр бойында» ән «Кү­рішші қыз» деп аталған. Тіпті, ән нотасымен қоса көрсетілген. Мұны ән орындаушысы Данагүл Ержанова да мақұлдайды.

– Өзің көріп отырғандай, ән ал­ғашында «Күрішші қыз» деп аталды. Мен солай орындадым. Кейіннен барып «Сыр сұлуы» атауына ие бол­ды, – дейді.

Қалай десек те, ән жүректен жүрекке жетіп, Сырдың ғана емес, бүкіл қазақ елінің көгінде қалықтады.

Әнді орындау

кімге бұйырды?

Ән өмірге келді, оған сай өлеңі жазылды. Ән әлеміндегі үштіктің бірі орындаушы болса, сазгердің алдында нақышына келтіріп орын­дайтын әншіні табу тұрды. Сөйтіп, М.Мәметова атындағы қыздар педа­гогикалық училищесі өнерпаз­дары­ның  арасында таңдау жүреді. Қолда бар деректерге сүйенсек, әнді айтқан орындаушылар арасында екі әнші қыздың есімі аталады. Бірі – Данагүл Ержанова, екіншісі – Зияш Жалиева. Мақаланы жазу барысында екеуімен де тілдестік.

Мен барамын дегеннен-ақ, Дана­гүл апа қолында бар деректерді жиыс­тырып отыр екен. Қарсы алған бойдан: «Талай рет жазылды, сонда да іздеушілер көп. Іздеп келген сайын қысыламын. Өнердің ізіне  түспеген соң қысылады екенсің», – деп өзінің жайма-шуақ жайдарлы мінезімен қарсы алды.

– Апа, бұл – тарих. Шәмшінің жаңа туындысын өзімен бірге алғаш болып айту, кез келген адамға бұйырмаған, – деп Данагүл апаның көңілін көтергендей болдым.

Сарғайған газеттерді парақтай отырып, ақын, журналист Әскербек Рақым­бек­ұлының «Данагүл», журна­лист Сәр­сенкүл Жаудатбек­қызының «Қай­ран сол, Сыр сұлуы қайдасың?», ақын Талайы Досымованың «Сар­ғайған газетте сақталған сыр» және «Ле­нин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетіне басылған «Композитордың жаңа ән­дері» деген мақалаларды бір сүзіп өттім. Соңғы мақа­лада «Жас композитор біздің облыста бол­ған уақытында «Күрішші қыз», «Ал­ғашқы кездесу» атты ән шығарды. Бұл әндерді тыңдаушылары жылы қабылдады. Сұлу Сыр табиғаты, күріш басының сыбдыры, оны өсір­ген еңбеккер қыздардың ұшқыр қиялы әннің өн бойынан байқалады. Қаладағы қыздар педучилищесінің І курс студенті Данагүл Ержанова «Күрішші қыз» әнін жақсы орындады. Шырқалған ән композитор тарабынан қолдау тапты. Осы Данагүлмен құр­былас педучилищенің ІV курс сту­денті Зияш Жалиева да жұртты риза етті. «Алғашқы кездесу» атты жаңа әннің табиғатына Зияш дауысын құйып қойғандай екен» делінген. Мақаланың қақ ортасында Данагүл Ержанованың «Күрішші қыз» әнін Шәмшінің үй­ретіп тұрған суреті бейнеленген. Суретке көзім түскен сәтте ұлы сазгерді көрген кездегі әсеріңіз қандай болды? – дедім.

– 1964 жыл. Орта мектептің сегі­зінші сыныбын бітіріп, мұғалімдер даярлайтын училищеге оқуға түскен кезім. Жасым небәрі  он төртте. Бірінші курста оқимын. Күзгі нау­қанның уақыты. Осы кездерде учи­лищеге Зейнолла Шүкіров пен Шәм­ші Қалдаяқов келіп, студент­термен кездесті. «Сыр сұлуы» әніне орын­даушы іздеп жүргендерін айтты. Сонда бірнеше қызды тыңдап, менің дауысыма тоқталды. Шәмші Қал­даяқовты бірінші рет көруім. Шағын ғана келген ақсары кісі екен. Саусағы пиониноның пернесін басқанда көз ілестірмейді. Қатар-қатар қойған орын­дықта сырғып жүріп ойнағанда тіпті, ерекше тамсаныста болдым. Беріліп ойнайды. Бір қызығы, әнді түсте бір-екі айтқызып көрді де, кешке қаладағы А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінің сахнасына бірден әнді орындауға шығарып жіберді. Сөзін жаттап үлгіре алмадым. Суретте көріп тұрғаныңдай газетке қарап тұрып айттым. Осылайша, «Сыр сұлуын» ең бірінші мен сахнаға алып шықтым. Мына сары газеттегі материал, ондағы сурет маған өте ыстық. Себебі, әннің бірінші орын­даушысы екенімді танытатын бір ғана естелік, – деді Д.Ержанова.

Данагүл Ержанова мұнан кейін оқу бітіргенше сахна төрінен «Сыр сұлуын» түсірмей, 1967 жылы үшінші курста «Сыр сұлуы» ансамблінің құрамына қабылданады. Үлкен сах­наларда әсіресе, Мәскеуде Қазақ­станның он күндігі шарасына қаты­сып, сахна саңлақтарымен бірге өнер көрсетті. Бірақ өнер жолына түспеді.

– Педагогикалық училищені біті­рерде Ұлттық консерваториядан бел­гілі вокалист Бекен Жылысбаев келді. Дауысымды тыңдап, «бізге қа­был­дандың» деп қуантып кетті. Бірақ әкеден ерте айырылған соң анам бұл ойымды құптамады. Жақын-жуықтармен ойласып көрсе, «қой әртіс деген не ол?!» деп бетін қайырыпты. Осылайша, «әнші боламын» деген арманым алыстай берді, – деді енді бір сөзінде.

Дегенмен, оқу бітірсе де, 1968 жылы Қармақшыда «Сыр ұшқыны» атты ансамбль құрылып, сонда қыз­мет ете бастайды. Оған Серік Елеу­сізов, Әсет Бейсеуов сынды өнер тарландары жетекшілік еткен екен.

– Онда екі бөпелі болғанша кон­цертпен іссапарға шықтық. Әрі мек­тепте ұстаздық еттім, – дейді кейіп­керіміз.

Жоғарыда айтып өткендей, ән орындаушылары жөнінде екіұдай пікір қалыптасқан. Осыған орай Зияш Жалиеваға да хабарласып, қандай ән орындағанын сұраған болатынбыз.

– Училищеге бір топ адам келіп іріктеу жүргізді. Күз айы болатын. Сол кезде мені таңдап, «Сыр сұлуы» әнін орындап шықтым. Бәрі өз уақы­тысында екен, – деп қайырды әңгімесін. Зияш апа – бүгінде зейнетке шыққан ана.

Әнді кім қалай жеткізсе де, әлі күн­ге дейін қазақ қыздарының әнұранын­дай болған ән, ұрпақтан-ұрпаққа жалға­сып, өзінің өміршеңдігін дәлел­деуде. Иә, бұл да бір тарих. Ал тарихты тара­зылау – уақыт еншісіндегі дүние.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<