Қос ішектен күй ұшырған

1454

0

Сыр сүлейі, дәулескер күйші Әлшекей Бектібайұлының мұрасы қазақ өнерінің айналымына кешеуілдеп қосылды. Мұның бірінші себебі – күйшінің кеңес өкіметінен қуғын көргені, екіншісі елден жырақта жүріп, сүйегінің де сырт жерде қалғаны.

Әлшекей күйші 1847 жылы бүгінгі Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Он екі жасынан ел ішінде домбырашы бала атанған ол өсе келе Сыр өңіріне есімі әйгілі күйшіге айналады.

Әлшекей жасында әрі сері, әрі батыр жігіт еді. Кеңес өкіметі орнағанда оның жасы жетпісте болатын. Алайда, байдың малынан, молданың сәлдесінен үрке келген өкімет еркіндікті сүйген Әлшекейдің жан дүниесімен қабыспады. Осыдан соң бай-құлақтың тұқымы деген желеумен қуғынға түсіп, туған жерін күймен тербеткен өнер иесі Өзбекстанның Жызақ жеріне қарай көш түзейді. Домбырасын түйенің бұйдасына айырбастап, кіре тартып күнелтеді. Мұнда да аңдушылар алдынан шығады. Одан әрі Тәжікстанның Шәрбәт ауданындағы Жауан қыстағына келіп тұрақтайды. Бірақ, қудалаушылар қыр соңынан қалмайды. Балаларын жаяулатып, немерелерін жазыға салып, тағы да бет ауған жаққа кетеді. Жол азабы мен аштықтан балалары қайтыс болып, немерелері бірінің артынан бірі шетінейді. 

Көкірегін шер құрсап, көңілін қаяу мұң сыздатқан күйші 1932 жылы бақи дүниеге аттанып, Жауан қышлағының қасына жерленеді. Өзі көз жұмған соң қос ішектен құс болып ұшқан өлмес күйлері дала кезіп кетеді. 

Әлшекейдің күйлері тағдырлы және өзі өмір сүрген ауыр кезеңнің ақиқатына суарылған дүниелер. Сонымен бірге, өнер мамандары оның күйлерінің ешкімге ұқсамайтын, тереңнен тартылған пәлсапалық толғаныстарға толы, музыкалық ырғақтарға бай екенін айтады.

Оның осындай сырлы сипатына әйгілі жазушы Ақселеу Сейдімбек: «Әлшекей – күйші-композитор ретінде Сыр бойындағы музыкалық мектептің көшбасында тұрған көрнекті тұлға. Қазақтың ән өнерінде Сыр бойының жыршы-жыраулық дәстүрі қандай дара болса, күйшілік өнерде де Әлшекейдің қолтаңбасы сондай дара», – деп ерекше баға берген екен.

Ертеректе, анығырақ айтқанда 1902 жылы «Орынбор-Ташкент» темір жолы тартылып, Жаңақорған жеріндегі Төменарық вокзалы салынғанда  оның ашылу салтанатында Сыр мен қырдың күйші-жыршылары жиналып, өнер көрсетеді. Сол салтанатқа Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы Николай Иванов арнайы келеді. Орыс шендісі өнерге жақын адам екен. Ол әсіресе күйшілер өнеріне ерекше тамсанады. Күй шеберлері арасынан домбыра қағысына көз ілеспейтін Әлшекейдің күйшілігіне тәнті болады.  Осы сезімінің разылығын білдіру есебінде күйшінің суретін салдырып, вокзал төріне ілгізіп қояды. Көзкөргендер өзінен кейінгілерге сол суреттің кеңес өкіметі келгенше тұрғанын айтыпты дейді. 

Бүгінде күйшінің – «Шерлі», «Бұқтым-бұқтым», «Сауда бұзар», «Жаяу кербез», «Аққу кеткен», «Қыз тоқтаған», «Отарба», «Желдірме», «Терісқақпай» секілді ондаған туындысын Нұр-Сұлтандағы мемлекеттік академиялық филармонияның Қазақ оркестрі, Қызылордадағы Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар оркестрі орындап жүр.

Сонымен қатар, күйші мұралары көптеген ғалымның зерттеу нысанына айналып кетті.

Жаңақорғанда Әлшекей атындағы өнер мектебі және дәстүрлі өнерді дамыту қоры мен күйші мұражайы жұмыс істеп келеді.

Алдағы күндері Жаңақорған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі күйші-композитор Әлшекей Бектібайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында «Әлшекей әлемі» атты аймақтық өнер фестивалін өткізгелі отыр.

Әйгілі күйші мұрасы қазақ руханиятында биік орын алып, халықпен бірге жасай береді деп айта аламыз.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<