Тамылжыған тәтті әуен

1673

0

Ол бала күнінде көгілдір жәшіктен Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова сынды әншілердің өнерін тамашалап және оларға еліктеп өсті. Әндерін жаттап, достарына айтып беретін. Кішкентай көрермендердің шапалағы оған шабыт сыйлап, даланың шоқ-шоқ гүлдерін құшаққа толтыратын. Талдырмаш қыздың тамаша әнін көршілері де тамсана тыңдайтын. Оны көпшілік «әнші балапан» деп атады. Бұл – есімі елге жақсы таныс, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің солисі Эльмира Қалхожаеваның балалық шағы. Әнші болуды бала күнінен армандаған ол бүгінде жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленген.

Отыз жылға жуық мәдениет саласында еңбек етіп келе жатқан өнер иесінің жеткен жетістігі мен еткен еңбегі зор.  Мектеп қабырғасында белсенді оқушы болды. Талай ән байқауларына қатысып, жүлдегер атанды. Ол 1991 жылы М.Мәметова атындағы педогикалық институтының ән-әуез бөліміне оқуға түсті. Оны үздік бітіріп, алғашқы еңбек жолын ауыл мектебінен бастады. Ән сабағынан дәріс беріп, қаншама баланың дарынын ашты. Ұстаздықты жанына серік еткенмен, оның жүрегінің түкпірінде сахнаға деген сағыныш болатын. Ақыры Эльмира өнерін сахнада сынап көруге бекінді. Өзін дамыту үшін көп ізденді.

Алғашқы баспалдағы 2003 жылы Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрының «Сыр әзілі» ойын-сауық отауына әнші болып қабылданудан ­бас­талды. Үлкен өнер сахнасына қадам басқан әнші  халықтан оң бағасын алды. 2005 жылы «Күлкістан» әзіл-ысқақ театырының солисі қызметіне орналас­ты. Ұжыммен бірге еңбек етті.

Ол – дәстүрлі әнші. Қазақтың ұлттық музыкасын дәріптеуге елеулі үлес қосып келеді. Орындаушылық шеберлігімен талайды таңдай қақтырған майталман сахнада ән салғанда көрермені еріксіз қол соғатын. Үкілі бөркі мен ұлттық киім үлгілері де ерекше. Ол сахналық киім үлгілерін өзі таңдайды. Талғамына сай тіктіреді.

Өңірде 2009 жылы облыстық филармонияның жанынан «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі құ­рылды. Ансамбль  Сыр бойының төлтума өнерін, ұлттық фольклорын насихаттауды мақсат тұтты. Өнер ұжымына алғашқыларды бірі болып Эльмира да қабылданды. Бүгінгі таңда әншінің қоржынында 60-қа жуық халық және қазақ композиторларының әні бар. Әнші ұжыммен бірге облыс көлеміндегі өткізілетін облыстық, республикалық, халықаралық мәдени шараларға қатысып, белсене атсалысып келеді. Түрлі байқау, конкурстарға қатысып, кәсіби деңгейін, шеберлігін шыңдап, шығармашылық ізденісте жүреді. Еліміздің барлық өңірлеріне ­гас­­­т­рольдік сапарлармен шығып, қазақ даласының ашық аспанын әнге бөлеп, елдің алғысын алуда. Қала күнінде, жәрмеңкелерде, мәдениет, өнер күндері шараларына қатысады.

Өнерпаздың еңбегі ақталды. Ол Мәдениет министрлігінің, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталған. Түрлі дәрежедегі жүлделерді енші­леді. Сонымен қатар «Ақмешіт» фольк­лор­лық ұжымымен бірге «ТҮРІКСОЙ» халық­аралық ұйым­ның ұйымдастыруымен Түркия­ның көптеген қалаларында болып, өнер фести­вальдарына қа­тысты. Қазақ әнін әлем сахнала­рында қалықтатты.

Жақында әншінің «Ән самалы» атты шығар­ма­шылық концерті өтті. Өнер иесі есепті кешінде халық әндерімен қатар, өзге ұлт әндерін орындап, көрерменін қуантты. Әншінің репертуары жаңа әндермен де толығуда. Мәселен, Адырбек Сопы­беков­тің сөзіне жазылған Жансейіт Түкібаевтің «Ағаларым» атты әнін орындап  жүр.

Таңдайынан тамылжыған тәтті ән төгетін кешегі  өнерпаздардың ізін жалғаған әншінің әлі талай жетістігі болары сөзсіз. Ол – кешегі мен бүгінгінің арасын жалғаған, ұлттық музыканы биікке көтерген жан.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<