«Төбекөздегі» рөлім – театрдағы төлқұжатым»

1549

1

Бауыржан Ошақбаев – Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының артисі. Әулиеатаның перзенті болғанымен, елге қызмет ету бақыты Қызылордадан бұйырды.

Актердің өнерге де, Сыр еліне келу тарихы да қызық. Мектепте конкурстардан қалмайтын Бауыржанды ата-анасы бала кезде қолдап-қолпаштағанымен, дәл оқу бітірер шақта әкесі дәрігер, анасы теміржол саласының маманы бол деп қолқа салыпты. Бірақ, сәтін салғанда өзі құжат тапсырған Тараз мемлекеттік университетінің актерлік мамандығы бо­йынша оқуға қабылданады. Ал университетті бітіргесін әнші не асаба боламын деп жүргенде оқытушылары Қы­зыл­орданың театры кас­тинг ұйымдастырып, өнерлі жастарды іздеп жатқанын хабарлайды. Сол кезге дейін Сыр еліне келіп көрмеген ол күтпеген жерден жолға шықты. Сапары сәтті болды. Бауыржан кастингтен жоғары баға алып, Қызылордада еңбек жолын бастады. Бұл 2009 жыл болатын. Өзі айтпақшы, содан кейін наны да, өмірлік жары да Қызылордадан бұйырды.

Театрдағы алғашқы рөлі Сартай Жүсіповтің «Жауға шапқан мың бала» спектакліндегі қал­мақтың об­разы болды. Сахнада қал­мақ­тың кейпіне ене салу оңай емес.

– Бірден бейімделіп кеттім дей алмаймын. Тәжірибем бірте-бірте толысты. Себебі, мені нағыз майталман мамандар тәрбиеледі, –  деді ол.

Ал, түрік драматургі Тургай Нардың «Төбе­көз» спектакліндегі басты рөлі театрдағы төлқұжаты секілді.

– Төбекөз – адам тектес болғанымен, жалғыз көзді, болмыс-бітімі, жүрісі бөлек жаратылыс. Жан-жағын жалмап жүргенімен, бойында ана мен балаларға деген мейірімділік те бар. Сондықтан образға ену үшін үнемі ой үстінде жүрдім, – деді актер.

Режиссер Хұсейін Әмір-Темір басты рөлді Бауыржанға бергенде, таңдаудан қателес­пепті. Елде де, Түркияға сапармен барғанда да сыншылар «Төбекөздің дауыс мәнерін, жүрісін дәл тапқан, образды аша алды» деп оң баға берді.

Сахнадағы ­импровизация, сценарийден тыс бола қал­ған жағдайды көрерменге біл­діртпеу – актердің шеберлігі. Бірде сахнада «Ең сұлуым – Меңсұлу» спектаклі жүріп жатты. Бауыржанға Доңғалдың рөлі бекітілген. Ауылдың қызын бір бай ұнатып қалып, қызды үйінен алып шығу үшін Доңғалмен бірге Аңғал, Саңғал деген дос­тарын жұмсайды. Сол сәтте «Қара қыз қайда?» деген сөз есіне түспей қиналғаны-ай.

– Сахнаны айналып жүр­мін. Әлгі сөз аузыма түспейді. Тұрып қалуға болмайды, әрі-бері жүрген болып, қолымды сермеймін. Әлден уақытта барып жанымдағы актер «Сұрағалы тұрғаның қара қыз ба еді?» демесі бар ма? Қуанып кетіп, «бағанадан бері айтпайсың ба, дәл өзі» деп сол сәттен шығып кеттім, – деді ­Бауыржан.

Он жылдан астам уақыт ішінде ол көптеген кейіпкерді сахнаға шығарды. Рақымжан Отарбаевтың «Мұстафа Шо­қай» спектаклінде Дзер­жинскийдің образын дәл беру үшін күні-түні ізденді. Ел білетін, портреттік образды сомдау оңай емес. Ал, Ерсайын Төлеубайдың «Абай» пьесасы Мұхтар Әуезовтің туындысына қарағанда бөлектеу. Оспанның азаматтығын, әділ де шыншыл тұлғасын, елге жанашыр ер екенін көрсетуге барын салды.

Сөзге шешен, ойы жүйрік актерге сөз соңында «Болашақта да Қызылордада қаласыз ба?» деген сұрақ қойдық.

– Өнер адамдарының көп шоғырланған ортасы Алматыға қоныс аударсам ба деген ой келетіні рас. Бірақ, Сыр елі – мен үшін қасиетті өңір әрі актер – өзін емес, жанын жеп, өнерді қалыптастыратын тұлға. Сахнаның бір-бірінен өзгешелігі жоқ деген ой тоқтау салады, – деді актер.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

Пікірлер:

Пікір жазыңыз