Адал малды алдырмаудың амалы қайсы?

320

0

Бұрынғылардың барымтасынан білетін едік. Ал бүгін бір-жар малды қағып түсетін суық қолдының әрекеті тиылмай тұр. Қазір қорадағы малға қауіп болмағанымен, жаз айларында ен далада иесіз жайылатын ірі қараңды қақшып түсетіндер жетерлік. Тіпті, семіз малдың асау келетінін ескерсек, бұғалық не шалма тастамай-ақ, бүгінгі ұрың «қос ауызбен» көздеген малын қылжита салады. Ары қарай белгілі емес пе? Түн жамыла терісін іреп, етін бұзып, тиісті жеріне жеткізеді. Ар жағындағы сыбайласы да оңай адам емес. Өзара байланыс арқылы етті өткізіп, ақшасын санап отырғаны…

Ішкі істер министрлігінің мүлікті қорғау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламасы бар. Осыған сәйкес, республика аумағындағы мал ұрлығының алдын алу бағытында түрлі іс-шаралар атқарылып жүр.

Бағдарлама нәтижесін соңынан айта жатармыз. Алдымен облыстық полиция департаменті ұсынған мәліметке сүйенсек. Жыл басынан бері аймақта 28 мал ұрлығы тіркеліпті. Төрт ай ішіндегі оқиғалар бұл. Департаменттегілер мұны өткен жылмен салыстырғанда төмен деп отыр. Сонда ұрлық азайды ма?!

– Биыл ұрлықтың осы түрін кәсіп еткен 13 қылмыскер құрықталды. Олардың 16 мал ұрлығына қатысы бары дәлелденіп отыр. Екіншіден, мал ұрлау дерегімен тіркеліп, кейін полиция қызметкерлерімен бірге жедел іздестірудің арқасында жоғалған малы табылып, осы бойынша 23 қылмыстық іс тоқтатылды. Ашып айтатын жайт, мал ұрлығының көбісі, яғни, 61 пайызы өрісте қараусыз жүргендіктен болған. Сондай-ақ мал иелері де жоғалған соң полицияға кеш хабарлайды, өз бетінше іздеймін деп тағы уақыт өткізеді. Бұл кезде біздің іздестіру жұмыстарына жеңіл болатындай айғақтар да қалмайды. Тағы бір ескерер дүние, мал иелері қорасындағы төрт түлігін құжаттандыру, таңбалау, сырғалау жұмыстарына немқұрайды қарамаса екен, – дейді Қызылорда ОПД криминалды полиция басқармасы бастығының аға жедел уәкілі Ербол Рүстембеков.

Момынның малына көз сүзген…

Жоғарыда айтқандай, ұрылардың көбі қараусыз малды көздейді. Қазір ен далада бақташысыз жүрген жылқы мен сиыр. Ал ұсақ малдың жөні басқа. «Қой кезектің» арқасында бұл түлікке әзір «жау» жоқ. Бар қиындық жылқы мен сиырда. Әсіресе, мүйізді ірі қараның жоғалуы көп. Оған себеп те жоқ емес. «Пада» немесе кезекпен бағу үрдісі көп ауылда болмай тұр. Өрісте қараусыз жайылады. Оның үстіне бақташысыз сиырды біртіндеп «барымталайтындар» мал иесінің жуастығын да пайдаланатын көрінеді.

– Жақында ғана болған жағдай бұл, – дейді Қазалы ауданының тұрғыны Шерхан Қуаныш. – Елдегі таныс жігіт басқа қалаға вахталық жұмысқа кетті. Өзінің екі-ақ бас бұзаулы сиыры бар. Қалай кетті, күнде өріске барып келіп жүрген сиыры жоғалды. Үйіндегі келіншегі әрі-бері сұрау салғанмен, ештеңе өнбеді. Әлгі жігітіміз де вахтадан келген соң сиырына қанша іздегенмен нәтиже жоқ. Ауылдағы учаскелік инспектор да көмек көрсете алмады. Қызығы сол, келесі вахтаға кеткенінде ұрылар екінші сиырын жоқ қылды. Ауыл болып іздегенмен пайда жоқ. Демек, ұры да өз арамызда деген сөз. Болмаса сырттан келетін сұғанақтың сыбайласы. Әлгі жігіттің тым момындығын әрі елде көп болмайтынын біліп тұрып, ұрлап отыр ғой…

Оның айтуынша, әр ауылға кіреберіс жолдарға бейнебақылау камералары орнатылғаны дұрыс. Мысалы, ауылдағылар түн жамылып ел ішіне қандай жүк көлігі кіріп, қандай техниканың шығып жатқанын білмейді.

Кейіпкеріміз айтқандай, қазір ұрылардың өзі бір-бірімен сыбайлас. Жалғыз жортпайды. Ұрлықты бірлесіп атқарады. Пәлен ауылдан семіз қара көрсе, сол ауылдағы сыбайласы арқылы бағыт алып немесе өзара сөз байласып, түн жамыла іске кіріседі. Бастысы, сол ауылдағы «ұры жолдасы» көрсеткен қоңды малдың өрісінен адаспаса болғаны. Болмаса әлгіндей үйінде азаматы жоқ немесе «артының сұрауы аздау» үйдің қара-құрасын пышаққа жығады. 

Сонымен қатар, ұрлықтың барлық фактісі түннің екінші жартысында болады екен. Демек, ұрылар көбіне қараңғылықты пайдаланып жортады деген сөз. Тағы бір дерек, ұсталған ұрыл-ардың көбі 30 жасқа жетпеген жас жігіттер. Арасында қырықтан асып, елуді еңсерген азаматтар да болады.

Ұқыпты болсаң, ұры алмас

Төрт түлік иелері ескерер дүние – ол малын қараусыз қалдырмау. Кейінгі жылдары полиция қызметкерлері ветеринар мамандармен бірлесіп, тиісті рейдті жүргізген соң мал иелерінде де жауапкершілік артқан. Құжаттандыру, сырғалау мен таңбалау жұмыстарында жеделдік бар. Бір ғана мысал, биылдың өзінде рейд шараларының арқасында құжатсыз мал тасымалдаған 24 азамат жауапкершілікке тартылыпты. Ал қараусыз жүрген мал иелеріне қатысты 287 шара көрілген.

– 2018 жылдан бері қарай мал ұрлығы тіркелмеді, – дейді Арал ауданы Қаратерең ауылының әкімі Серікбай Жұбаниязов. – Өйткені, қазір адамдар да қолындағы ірілі-ұсақты малына жақсы қарайды. Тек батпаққа батқан немесе ауырып өлген мал басын ғана есептен шығарып отырмыз. Екіншіден, көрші Жаңақұрылыс ауылы мен біздің елді мекенге бірдей бекітілген учаскелік полиция да жұмысын тұрақты атқаруда. Түсіндірме жұмыстарын, рейдті жиі жүргізеді. Содан болар, ұрлыққа қатысты орын алған жайт әзір жоқ.

Расымен, біздегі мәлімет бойынша, Арал ауданында жыл басынан бері мұндай жағдай болмаған. Былтырғы бір қылмыс биыл ашылғаны болмаса, аудан көлемінде орын алған мал ұрлығы жоқ. Жалпы ауданда криминалдық полиция мен жергілікті полиция қызметі рейдтік іс-шаралар ұйымдастырып, блок бекеттерінде автокөліктердің кіріс-шығысы тексеріліп тұрады. Қармақшыда да бұл жұмыстар жүйелі атқарылуда.

– Ауылда мал қорымы, қолдан ұрықтандыру пункті жасақталған. Мал басын бірдейлендіру, паспорттау жүйелі түрде жүргізіліп, компьютерлік дерек қорына уақытылы енгізіледі. Барлық ауруларға қарсы екпе уақытылы салынуда. Ал сіз сұрап отырған мал ұрлығы мен уақ және ірі қараларды көшеде бей-берекетсіз жүргізбеу үшін арнайы үш бағытта пада ұйымдастырылған. Бақташыларға ауылдағы үлкен шаруашылық – «Достық Жер» ЖШС тарапынан мініс ат беріліп, айлық жалақысы да төленіп отыр. Соның арқасында 2020 жылдан бері елде мал ұрлығы тіркелмеді, – дейді Қармақшы ауданы ІІІ Интернационал ауылының әкімі Нұрлыбек Сайымов.

Полиция қызметкерлерінің де айтары осы. Әр ауыл не аудан орталығындағы жиындарда малдың қараусыз кетуі ұрылардың оң жамбасына келетіні жасырын емес қой.

– Тұрғындармен әр кездесуде осы ұсыныстарды қайта-қайта айтамыз. Біріншіден, малдың қараусыз жайылуына жол бермеу. Иелері бақташы жалдап немесе кезекпен бақса дейміз. Мүмкін болса, тұрғындар бақташымен келісім-шарт жасасқаны дұрыс, сонда осы құжат арқылы ол да жоғалған мал үшін жауапкершілікті сезінетін болады. Екіншіден, малды құжаттандырған дұрыс. Себебі, паспорттау, сырғалау-таңбалау және GPS құрылғыларын орнату іздестіру жұмыстарын жеңілдетеді. Үшіншіден, мал жоғалса, ертерек полицияға хабар беру керек. Хабар кеш тисе, іздеу жұмыстарына қиындық тудырады. Мысалы, ұрланған малдың түр-түсі туралы айтылғанмен, ол кезде ұрылар ізін суытып үлгіреді, яғни, күдіктілер артындағы айғақтарын жойып кетеді. Ескертіп өтейін, ұрлық жасаған адамға қылмыстың істелуіне қарай 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады, – дейді Қызылорда ОПД криминалды полиция басқармасы бастығының аға жедел уәкілі.

Ұрлыққа қатысты қылмыс ашылмай, көпшіліктің полицияға деген сенімсіздігін арттыратын осындай жайт жиі орын алып келеді. Десек те, әр өңірдегі елді мекендерде өз жұмысының жауапкершілігін сезініп, тұрғындармен бірлесе жұмыс істеп жүрген учаскелік полиция қызметкерлері жетерлік.

– Бұл жалғыз полицияның жұмысы емес, – дейді Жаңақорғандағы Қыраш ауылының әкімі Бақытжан Әжібеков. – Осындай қиындыққа тұрғындардың өзі де қарсы тұрып, амалын жасау керек. Мысалы, біздің Қырашта екі жылдан бері ұрлық тіркелмеді. Неге? Өйткені, Қыраш ауылы бойынша үш бағытта кезек ұйымдастырылған. Соның арқасында мұндай жаманат бола қоймады. Сондай-ақ малды құжаттандыру, сырғалау сияқты жұмыстар аса жауапкершілікпен атқарылып жатыр. Жалпы ұрланған малдың көбі бағусыз жүргендер. Қазір ешкім қорадан мал ұрламайды. Ұрылар сырттағы малды көздемелейді…

Айтпақшы, өңірде «Мал ұрысы» жедел профилактикалық іс-шарасы тұрақты өтіп келеді. Қала мен әр ауданда мал соятын, ет сататын орындарда тексеріліп отыр. Базарға кеткен, келген малдың құжаттары ветеринарлармен бірлесе отырып қатаң бақылауға алынады. Ұрлық тіркеліп, күдіктілер анықталса, дереу сотқа жолданады.

Алдыңғы сапта қай аудан?

Жақсы істердің көрсеткішін айтып жүрміз ғой. Ал мұнда ұрлығы тиылмай тұрған қай аудан деген сұраққа жауап іздедік. Әрине, бұл сауалға Ербол Рүстембеков былай деп жауап берген еді.

– Ұрлық әрекеттері де, оған байланысты қылмыстың ашылуы да өткен жылмен салыстырғанда жақсарды. Өйткені, полиция қызметкерлерінен бөлек, облыс тұрғындары да қорадағы малына жауапкершілікті күшейткен. Әрине, мұның бәрі түсіндірме жұмыстардың арқасы деп білеміз. Қазір аудандарда да көрсеткіш төмендеді. Сонда да айтып өтейін, бізде ең көп мал ұрлығы тіркелетін аудан – Сырдария. Бірақ болған қылмыстың ашылу көрсеткіші де мұнда жақсы орындалып отыр, – дейді ол. Қызық екен…

Расымен, жыл басынан бері осы ауданда 18 мал ұрлығы тіркеліпті. Оның 16-сы дер кезінде ашылған. Ұйымдасқан үш қылмыстық топ құрықталып, 9 адам қамауға алынған, 1 тұрғын қолхатпен босатылыпты. Сондай-ақ ұрлықтың алдын алу үшін 14 елді мекенде пада ұйымдастырылған.

Қараусыз мал демекші, қазір кейбір өңірде иелері қорадан шыққан малына жауапсыздықпен қарайтын болса, ол түлікті қамайтын орын да дайындалған. Мысалы, Қазалы ауданының орталығында осындай екі қамау орны бар. Бірі Қ.Пірімов көшесі бойында орналасқан «Сәт» қамау орны болса, екіншісі Т.Бөріқұлақов көшесіндегі «Баубек» қамау орны. Орталықта бей-берекет жүрген мал осында қамалып, иелері айыппұл арқалап жатады. Жыл басынан бері осындай дерекпен 33 жағдай тіркелген.

Мамандардың айтуынша, қоғамнан осындай жағдаймен сотты болғандар қайтадан сол «кәсібіне» оралып жатады. Мал ұрлағанның көбісі бұрын сотты болып келгендер. Расымен, жұмыс істеп, нәпақа табам, адалынан күн көрем деген жазасын өтеп келушіден көп мекеме сырт айналады. Осы жағымсыздықтан соң ол да амалсыз сұғанақтыққа барады не тура жолдан тайып, солақай жүріске көшеді. Біз мұнымен ұрыны ақтап алғалы отырғанымыз жоқ. Мән-жайдың арты сіз бен бізге түсінікті шығар,  бұл – қапас бөлменің «кезекті қонағы» болу деген сөз. Осындай «түсінбестікпен» өз ортасынан орын таппай, үйренген «орманына» қайта оралып жүргендер аз емес.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<