Қазір әлеуметтік желіде бір-біріне пранк жасайтындар көбейді. Бұл сөздің өмірімізге етене енгені соншалық, оны қалыпты жағдай секілді қабылдайтын болдық. Қарап отырсаңыз, баласы ата-анасына, оқушылар мұғалімге, кейде мұғалімдердің өзі балаларға, ата-енесіне пранк жасап оны желіге жүктейтін келіндерді көзіміз шалып жүр. Жалпы пранк сөзінің мағынасы қандай? Оның астарында не бар ?
Сөздіктерде пранк (ағыл. рrank) ағылшын тілінен аударғанда телефон бұзақылығы, әзіл әрекет дегенді білдіреді екен. Пранк қолданушыны пранкер деп атайды. Пранкер өз «құрбандарына» телефонмен қоңырау (әдетте анонимдік) шалады және арандату не әзілдеу жолымен жедел жауап беруге мәжбүр етеді. Дегенмен әзілдеудің жөні осы екен деп шектен шығатындар да жоқ емес. Алайда оның салдары болатынын естен шығарып жатамыз.
Пранк жасаймын деп жақынынан айырылып қала жаздағандар да бар. Мәселен, бір жігіт ағасына пранк жасамақшы болып, екі литрлік банкаға журналдағы адамның басы бейнеленген суретті салып, үстіне су құйып оны тоңазытқышқа салып қояды. Сыртынан қанға боялғандай етіп томат пастасын жағады. Расында бір қараған адамға ыдыстың ішінде тұрған адамның басы сияқты. Бір уақытта ағасы тоңазытқыштан су алып ішпек болып ашқанда жаңағы ыдысты көріп есінен танады. Ал інісі телефонға түсіріп мәз. Пранк сөзінің түпкі мағынасын түсінбей, жақындарына әзілдеймін деп денсаулығына зиян келтіріп жатқандарын біле бермейді. Жүрегі ауыратын адам сол мезетте инфаркт алуы да мүмкін.
Мына жағдай тіпті сорақы. Пранк жасаймын деп келіні ата-енесінің көзінше боқтық сөздер айтады. Әр сөзіне қосып оны бірнеше рет қайталайды. Сондағысы – ата-енесінің реакциясын көру және оны желіге жариялау. Әр әзілдің астарында адамдардың эмоциясын, реакциясын шығару жатқандай көрінеді.
Кей жағдайда пранктің де қымбатқа түсетінін біле жүргеніңіз жөн. Өйткені, жақында болған мына оқиға көп адамға, әсіресе ата-аналарға сабақ болары анық. Павлодар облысында жасөспірім 13 жасар әпкесіне қоңырау шалып, «мені қара джип мінген біреулер алып кетіп ұрып жатыр» деп байланысты үзе салған. Әп-сәтте сасқалақтап қалған әпкесі дереу «102»-ге қоңырау шалып, мән-жайды баяндап береді. Сөйтіп, полиция жасағы «Атамекен» ауылына жетіп, жасөспірімді іздейді. Тума-туыс, көрші-көлем, ауыл жұрты түгел сұралады. Біршама уақыт өткен соң ойында ештеңе жоқ бала үйіне келеді. Сөйтсе, отбасына осылай пранк жасамақ болыпты. Ал тиісті жазаны баланың әке-шешесі алды. Жедел көмекке келуші арнайы қызметке жалған ақпарат айтқаны үшін 30 АЕК көлемінде айыппұл төлейтін болды. Ол – 117 960 теңге.
Террорлық акт туралы көрiнеу жалған хабар бергені үшін төленетін ақшалай айыппұлдың ең минимал сомасы 5 мың айлық есептiк көрсеткiштен басталады. Ол бүгінгі көрсеткішпен 19 660 000 теңге немесе сот ол адамды 5 жылға дейiн бас бостандығынан айырады.
Қазақстан заңы бойынша 14 жастан асқан бала бұндай жағдайда қылмыстық жауапқа тартылады. Егер бұдан жасы төмен болса «мектепте мина бар» деп өтірік ақпарат берсе, дұрыс тәрбие бермегені үшін оның ата-анасы жауапқа тартылады. Іске жұмылдырылған арнайы қызметтің шығынын да ата-ана көтереді. Бала бұның бәрін білмеуі мүмкін. Оларға пранк жасаудың соңы қандай өкінішке әкелетінін түсіндіру – ата-ананың міндеті.
Негізінен әзіл жат нәрсе емес, қазақта жеңгемен, жездемен ойнаудың озық үлгілері болған. Қазақы қалжыңның орны да, мән-мағынасы да бөлек, өз танымы мен тамырына сай-тұғын. Жолы мен жөні болатын. Дегенмен оның орнын қазір жалпыға ортақ пранк басқандай көрінеді. Пранк сөзі шеттен енуімен бірге, қалжыңның өзге мазмұнын да жасаған сыңайлы. Десек те, адамдардың көрсеткен реакцияларының риясыз болуы оның дүниетанымы мен тамырынан қылаң байқатады. Неге біз ойын-сауық құралы саналатын дүние астарынан ой немесе таным іздеп отырмыз? Психологтардың айтуынша, оқыстан шыққан эмоция мен әрекет адамның шын келбетін көрсетеді. Осыған сенсек, пранк біздің қоғамның бейнесін ашық көрсете алуға тиіс. Осы миссияны қазақы пранк қаншалықты орындап жатыр? Оның астарына үңіліп көрдіңіз бе? Жақындарыңыздың пранкіне алданған кезіңіз болса, ой бөлісе отырыңыз, құрметті оқырман!
Айсәуле ҚАРАПАЕВА
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<