Адам өмірінің құны қайда?

419

0

Ашынғаннан айтасың, қасақана адам өлтіру бүгінде тауық сойғаннан оңай болып қалғандай көрінеді. Неге десеңіз, жуырда ғана оралдық кәсіпкерді өз мейрамханасында өлтірген қылмыскерлердің ісін қалай айтсақ та, ақтап ала алмаймыз. Адам өлтіру, оның ішінде қасақана қол жұмсау – кешірілмес күнә, заң алдында аса ауыр қылмыс. Оның алдында алматылық келіншектің пәтерінде екі баласымен бірге кісі қолынан ажал құшқаны елді дүрліктірсе, өткен жылдың көктемінде 19 жасар Аяжан Еділованың аяусыз өлтірілгенін  әлі ешкім ұмытпаған болар. Тізе берсек, айтуға ауыз бармайтын мұндай оқиға көп. 

Заңгерлер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері әсіресе қыз-келіншектерге желі арқылы танысқан адаммен жақын араласпауға кеңес береді. Қылмыскерлердің көбі әлеуметтік желіде өзінің шын бет-бейнесі мен арам пиғылын жасыра алады. Әдемі сөзге еліте білетін олар, жас қыздардың сеніміне тез кіріп, кейін «діттеген» мақсаттарына жетеді.

Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, небәрі бес айдың ішінде криминогендік ахуал күрделеніп, 38 процентке өскен. Облыста 14 адам өлтіру дерегі тіркелсе, қасақана адам денсаулығына зиян келтіретін қылмыс 18-ге жеткен.

Қылмыстық қудалау басқармасының берген ақпараттарына зер салсақ, ауыр қылмыстар көбіне жақын адамдардың арасында орын алады. Жанұядағы бітпес дау, кикілжің, түсініспеушілік, жұмыссыздық, ішімдікке салыну, бір-бірін балағаттап, ауыр сөз айту сияқты жайттар әсер етеді екен. Мұндайда «Ашу – дұшпан, ақыл – дос…» деген халық даналығы еске түседі. Расында, ашуланған адамның көзі ештеңені көрмей кетеді. Жүйкесі жұқарған жандар осындай ашу үстінде бір-бірін аяусыз соққыға жығып, соңы өкінішпен аяқталады. Бұл – енді заң алдында да, өзіңнің ар-ұжданыңның алдында да ақтап алуға келмейтін іс.

Тағы сандарды сөйлетсек, бірінші жартыжылдықта кісі қолынан 11 адам қайтыс болған. Осы іске күдікті деп танылған 26 адамның жартысы жұмыссыз, бұрын сотты болғандар мен масаң күйде өз әрекетіне жауап бере алмағандар. Ең сорақысы, қылмыстардың көбі қоғамдық орындарда жүзеге асқан. Мәселен, К есімді қала тұрғыны 10 күн бұрын спирттік ішімдікке салынып кеткен әкесін іздеп, полицияға хабарлаған. Тергеп-тексеру барысында әкесінің зорлық-зомбылық белгілері бар мәйіті табылған. Бұл оқиғаға әкесінің бөтелкелес таныстары себепкер болған. Олар қылмысын жасыру үшін мүрдені қала шетіне апарып, көміп тастаған.

Қылмыскерлер арасында бұрын сотты болып, мерзімінен бұрын босатылғандардың қайтадан қасақана адам өлтіруге дейін баратын оқиғалар жиі орын алуда. Айталық,  Ж есімді азамат бостандықтың қадірін білмей тағы да темір торға тоғытылған. Ол қаладағы кафелердің бірінде сыра ішіп, қасындағылармен сөзге келіп, соққыға жығып, оқиға орнынан бой тасалаған. Қылмыстық әрекеті үшін енді жазасын алуына тура келеді.

Қоғамда жаза басып, түзу жолдан жаңылғандарды қайта бейімдеу жұмыстары жүргізіледі. Оларды кәсіптік білімге баулып, жұмысқа орналастыру да қарастырылған. Әйткенмен, қылмысқа қарсы профилактикалық жұмыстар жасалғанына қарамастан, азаймай отыр. Бұған құқық қорғау қызметкерлерінің өзі алаңдауда. Жұмыспен қамту, білім беру, психо-наркологиялық орталықтарда тиісті шаралардың өз деңгейінде атқарылмауы ауыр санаттағы қылмыстардың өсуіне себеп болуда.

Кейінгі кезде кісі қолынан ажал құшатындар көбейді. Соған қарағанда адамдар арасында бір-біріне деген мейірімділік, жанашырлық сияқты қасиеттер жоғалып бара ма дерсің. Мың өліп, мың тірілген қазақтың бейбіт заманда бірін-бірі аяусыз өлтіруі, тонап, ұрып-соғуы адамгершілік пен имандылықтан, ар ожданнан аттап басқаны емес пе? Ата заңда да адам өмірі баға жетпес байлыққа теңестірілген. Алланың аманаттап берген жанын одан басқа ешкімнің алуына құқы жоқ екенін қалайша ұмыттық?

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<