Атау ауыстыру күйіп тұрған мәселе ме?

395

0

Қазіргідей ақпарат дәуірінде өңірдің күнделікті тыныс-тіршілігіндегі жаңалықтар ешкімнің назарынан тыс қалып жатқан жоқ. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықпен кездесулер, есеп беру жиындары өтті.

Бүгінгідей қымбатшылық қос бүйірден қысқан уақытта өз-өзімізді қажетті өнімдермен қамтамасыз етудің, су тапшылығының зардаптарын жеңілдетудің, тағы басқа ондаған кезек күттірмейтін проблемалардың шешілу жолдары әр басқосуда талқыланды. Жиындарда жұртшылықтың ұсынысы тыңдалады, мұқият зерделеніп, жауап беріледі. Бірақ, ұсыныстың да ұсынысы бар. Мәселен, дәл қазір ауылдың атауын ауыстыру, көше мен мектепке ат беру мәселесі бірінші кезекте күйіп тұрған жоқ. Дегенмен жер-жердегі кездесулерде бұл тақырып қозғалмай қалмайды. Құдды басқа проблема жоқтай, атау өзгерсе болды, барлығы жақсы жағына қарай ойысатындай. Ал, мына жақта мың сан түйткіл тұр – қымбатшылықтың зардабы, кенезесі кепкен дария, мұнай өндірісіндегі құлдырау, қайта бас көтерген жұқпалы кесел… 

Нысандарға атау беру, оларды қайта атаудың тиісті тәртібі бар.  Облыстық ономастика комиссиясында қаралып, қолдау тапқан жағдайда облыстық әкімдік пен облыстық мәслихаттың бірлескен шешімімен республикалық ономастика комиссиясына ұсынылады. Республикалық ономастика комиссиясының оң қорытындысы алынған жағдайда, әрі қарайғы процесс Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен жүзеге асырылады.

Кейінгі кезде тарихи-географиялық  атауларды сақтау және қалпына келтіру, сондай-ақ азаматтардың байырғы халықтық және тарихи қалыптасқан атауларға құрметпен қарауын қалыптастыру үшін әкімшілік-аумақтық бірліктерді жаппай кісі есімімен атауға шектеу қойылған.

Адамға құрмет, жақсының өнегесін ұмытпау, есімін есте қалдыру сияқты ізгі істердің деңгейін даңғаза-дүрмекке айналдырғанымыз ащы болса да шындық. Енді сәл аялдап, өткенге көз жүгіртіп, ойланатын кез келді. Бір анығы, атау ауыстыру, көше мен мектепке ат беру мәселесі шаруа жайы, аймақтың ахуалы талқыланатын кездесулерде шешілмейді. Оны кезек күттірмейтін мәселе етіп, жиын сайын жалаулатудың еш реті жоқ. Мұны түсінетін уақыт туды.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<