Аты дардай, қадірі қандай марапат?

697

0

Мен тарихшы да, мәдени қызметкер де емеспін. Жай ғана жасым 80-нен асқан қарапайым бір жанкүйер адаммын. Көптен бері ойландырып жүрген бір жайды орталарыңызға салғым келіп жазып отырмын.

Ол қазіргі кездері көпшілікке, оның ішінде көбіне үлкен кісілерге туған күндерде, тойларда, құдалықтарда, отау құрып жатқан жастарға бата бергенде иығына шапан жауып жатады. Ол да бір дұрыс дәстүр шығар. Дегенмен де, сол шапандарды қадірлеп, осы уақытқа дейін киіп жүрген бірде-бір адамды көрген емеспін.

Ертеректе ұзын шапандарды, ішік, тондарды киіп жүру дұрыс болған шығар. Өйткені біздің ата-бабаларымыз қысы-жазы ат үстінде көп жүретін болғандықтан суық күндері тоңбас үшін түлкінің, қасқырдың терісінен астарланған ішік, тон, басына тымақ, аяғына былғары ұйық етік ішкі жағынан тізеге дейін жауып тұратын киізден тігілген астары болатын. Осы киімдерді менің әкем де киген еді. Адамның жас кезінде көргендері өмір бойы ұмытылмайды екен. Сондықтан ол кездердің уақытына қарай лайықты болған шығар.

Ал қазір ше? Мен де біраз тойларда, туған күндерде болып, бата беріп дегендей бірталай шапан жинадым. Иығымызға құрметтеп жапқасын ішіміз қаламаса да қабылдап жатамыз. Әсіресе, ұлттық киімдер алғаш наурыз мерекесін тойлаған сексенінші жылдардың аяғында жаппай дәстүрге енді. Әр мекеме, мектептерге ұлттық киім киіну, басқа да салт-дәстүрлер болсын деген тапсырмалар берілетін. Тек сол күндері ғана киілетін еді. Халқымыздың салт-дәстүрлерін сақтау, насихаттау керек. Ол жағын құптаймын, тек шапанның қадірі кеткені ойландырады.

Мен көргенімді ғана айтайын. Оңтүстік облыстардың бір ауылында марқұм болған бір үлкен кісінің жаназасына туысқаны марқұмның біраз шапандарын жаназаға жиналған үлкен кісілерге, әр руларға деп таратып жатты. Көбісінің сол шапандарды алғысы келіп құлшыныс танытқанын байқамадым.

Тағы бір үйде марқұм болған кісінің қырқына құран оқыған молдаға үй егесі пакет қалтаға салып шапан берген еді. Әлгі молда кетерінде сырттағы біреулерге сол шапанның орнына 2 мың теңгесі дұрыс еді ғой деп ренішін білдіріпті. Сонда деймін-ау шапанның қадірі құнсызданып бара жатқаны ма?

Осы кездері әншілердің көбісі сахнаға қазақы нақышта оюланған әдемі көз тартатын костюмдермен шығып жүр, қандай жарасымды. Егер сол ұзын шапандарды көбіміз көпшілік жерлерде, тіпті көшелерде де неге киіп жүрмеске деген ойдамын. Сауда орындарында қазақы оюланған костюмдер, қамзолдар қолжетімді бағамен сатылатын болса…

Бұл – түптеп келгенде, ұлттың болмысын ерекшелейтін көрініс. Менің осы ойымды көпшілік оқырмандар қалай қабылдар екен?

Роман САХИҰЛЫ,

қарт-ұстаз, еңбек ардагері.

Көкшетау қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<