Депутаттық сауал

549

0

Құрметті Әлихан Асханұлы!

Еліміздегі егін судың 90 пайызын Оңтүстік өңірлер пайдаланады.  Соңғы жылдары Сырдария өзені бассейнінің кепілді сумен қамтамасыз етуінің бұзылуына байланысты Қызылорда облысында күрделі су тапшылығы жағдайы қалыптасты. Арал-Сырдария бассейні мемлекеттер тарапынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына суды жіберу бойынша қабылдаған халықаралық келісім- шарттар мен міндеттемелер орындалмайды. Мысалы, былтыр «Шардара» су қоймасына келісілген су көлемінің 57%-ы ғана түскен. Биылғы жылы ахуал бұдан да күрделі болатындығын мына цифрлардан көруге болады. Ақпан айының басындағы мәлімет бойынша «Шардара» су қоймасында былтыр 3 млрд 840 млн текше метр су болса, биыл 430 млн текше метрге кем, «Көксарай» су реттегішінде былтыр 651 млн текше метр су жиналса, биыл 24 млн текше метр, яғни 630 млн текше метр су кем жиналған.

Сырдария өзенінің тартылуы кезінде «Ғасыр жобасы» атанған Кіші Арал теңізіне де үлкен әсер етуде. Мысалы, қазіргі кезде Кіші Аралдың су көлемі 2015 жылға қарағанда  бес милллиард текше метрге азайып, жағалаудан 20 метрге дейін тартылып кетті. Облыс көлеміндегі 200-ден астам көлдердің 14-і толығымен кеуіп, қалғандарының суы 50%-ға дейін азайды. Керісінше, биыл былтырғы жылмен салыстырғанда сағадағы мүмкіндігін пайдаланып, көрші Өзбекстандағы «Әндіжан», «Бахри-Точик», «Шарбак», т.б. су қоймалары мол су қорын жинап алғандығы туралы мәліметтер бар. Халық, әсіресе ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер тиісті су үлесін алуға не кедергі, неге егіс көлемін азайттыңдар деумен ғана билік шектеліп отыр деген сұрақтар, хаттар біздің де атымызға көптеп түсіп жатады.

Облыс жұртшылығының негізгі бөлігі  Сырдария өзенінің бойында тұрып, олардың табысы өзен суымен тікелей байланысты болғандықтан және аймақтағы экологиялық жағдайдың ушығуына байланысты облыс халқы өңір болашағына қатысты үлкен алаңдаушылық білдіруде. Өңірде жаппай құрғақшылық етек алуда. Өткен жылы құрғақшылықтан 2 мыңға жуық мал қырылса, 10 мыңнан астам ірі қара мен жылқы малы жем-шөптің жетіспеуімен және қымбат болуына байланысты көрші облыстарға арзан бағаға сатылуда. Біздер бір ұрпақтың көз алдында үлкен Арал теңізінен айырылып қалдық. Енді жағдай осылай болып кететін болса қарт Сырдария өзенін жоғалтып аламыз. Сырдариядан айырылу адам көз алдында елестете алмас өңірлік ғана емес, әлемдік деңгейдегі апат болады. Түркістаннан бастап Ақтөбеге дейінгі алқап екінші қу мекен бетпақдалаға айналатыны сөзсіз.

Құрметті Әлихан Асханұлы!

Өңірдің экологиялық, әлеуметтік-экономикалық ахуалына байланысты бірнеше ұсынысты назарыңызға салуды жөн көріп отырмыз. Біріншіден, Үкімет басшысы ретінде су саясатын мықтап қолға алмасаңыз ертең кеш болады. Тиісті министрлік деңгейінде бұл мәселе шешілмейді. Ол үшін трансшекаралық су мәселелерінде Қазақстанның мүддесін бермеуіміз керек. Сондықтан су сағасында орналасқан елдерден судың мемлекетаралық келісімге сәйкес мөлшерін мемлекеттік деңгейде шешудің жолдарын тез арада қарастыру қажет. Ортақ су пайдалану мәселесін тиімді шешу үшін ол елдерге қатысты экономикалық тетіктерді де пайдаланған дұрыс деп есептейміз.

Екіншіден, Қызылорда облысының 200-ге жуық ауылдық елді мекендері «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының бойына жақын орналасқан. Өкінішке орай осы кезге дейін ауылдық елді мекендердің бірде-біреуі газдандырылмаған және ілеспе газға қатысты тариф соңғы жылдары негізсіз көтеріліп кеткен. Бұл әлеуметтік мәселе қарапайым халық тарапынан үнемі наразылық туындатып келеді.

Үшіншіден, өңірде мұнай өндіру саласы күрт қысқаруда. 2013 жылы облыста 10,5 млн тонна мұнай өндірілсе 2021 жылы мұнай өндіру 4,1 млн тонна, яғни 2,5 есе төмен түсіп кетті. Облыс өнеркәсіп өнімінің 90 пайызы мұнай мен уран өнеркәсібіне тиесілі болғандықтан өңірлік жалпы ішкі өнім, халықтың орташа жалпы табысы, шағын және орта кәсіпкерлердің өндірген өнімдері сияқты  негізгі көрсеткіштері көңіл көншітпейді. 2022 жылға бекітілген 390 млрд облыстық бюджеттің 71 млрд 495 млн, яғни 18,8%-ы ғана өңірден жиналған өз табыстары. Облыс бюджеті тек республикалық трансфертке байланып қалды.

Сондықтан да, құрметті Әлихан Асханұлы, Үкіметтің қаулысымен 2019 жылы төрт жылға арнап қабылданған «Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын» қайтадан жаңартып, өңірдегі қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық, экологиялық жағдайларға баса назар аударатындай нақты өңірлік іс-шаралар жасалуы қажет. Оның ішінде облыс үшін өте тиімді мал шаруашылығын дамытуға барынша назар аударып, суды аз қажет ететін жемдік, бау-бақшалық дақылдарды өндіруге басымдық беріп, олардың көлемін ұлғайту үшін дихандарға жеңілдетілген, ұзақ мерзімге несие беру, мал өнімдерінің өзіндік құнының 45% мал азығы құрайтынын ескере отырып, оның көлемін арттыру мақсатында жем-шөп дақылдары өндірісін дамытуға бағытталған өңірлік ынталандыру шараларын қарастыру, өңірдегі мал басын және өнімділігін арттыру үшін мал жайылымдарын, әсіресе Қарақұм, Қызылқұм, Қаратау баурайындағы жерлерді суландыруды қаржыландыру, ауылдық елді мекендерді газдандыру сияқты бірінші кезектегі жобаларды тез арада іске асыру керек деп есептейміз.

                                          Құрметпен, М.БАҚТИЯРҰЛЫ,

А.ӘЛНАЗАРОВА, Б.ҚАНИЕВ,

Ә.ҚҰРТАЕВ,

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<