Еңбек ерінің есімі берілсе

932

0

Еңбек ерлерінің есімін, үлгісін насихаттау – бүгінгі ұрпақтың азаматтық  парызы. Арал ауданынан КСРО кезінде 16 Социалистік Еңбек Ері шыққан. Олар ел болашағы, қоғам үшін пайдалы еңбек етті. Солардың бірі Мұқыш (Мұқанбетқали) Нұржаубаев «Қарақұм» елді мекенінде туып-өсіп, осында еңбек етті. Қазіргі Қарақұм Одақ  кезінде іргелі кеңшар еді. Аудандағы бірнеше шаруашылық осы ауылдан бөлініп шыққан.

Еңбекке ерте араласқан Мұқыш атамыздың жетістігі, шыққан биігі, қажырлы еңбегі туралы айтайын. Ол кісі жылқышы болған.  Қыстың үскірік аязында оның қарамағындағы үйірлі жылқының бағым-күтімі ерекше еді. Атам жылқыға күнібұрын өріс әзірлеп, жем-суын дайындайтын. Мал түнейтін жердің айналасына шөптен ықтасын жасап қоятын. Осындай күтімнен кейін болар, оның қарауындағы колхоз жылқысы боранды қыстан  қысылмай, шығынсыз шығатын және  қоңы  төмендемейтін. Кең-байтақ жайылымы бар Қарақұмның даласында  жылқы шаруашылығымен айналысудың тиімділігі тағы бар.     

М.Нұржаубаев 1947 жылы қажырлы да жемісті еңбегі үшін «Ленин» орденімен марапатталды. Соғыстан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңінде мал басын өсіру, оның ішінде жылқы малын өсіруге зор үлесін қосып, өзіне бекітілген 56 биеден 56 құлын алып отырған. Оны аман өсіргені үшін СССР Жоғарғы Советі Президиумының 1948 жылғы 23 шілдедегі указымен екінші рет «Ленин» ордені және Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

Ол жылдар бойы колхоздың жылқысын бақты, іріленген Абай атындағы колхозда  жылқы фермасының меңгерушісі, «Қарақұм» совхозында жылқышы болып істеді. 1958 жылы  дербес зейнеткерлікке шықты. Жасы ұлғайғанмен, үйде қол қусырып отыра алмады. Үнемі жылқышылар арасынан табылып, көмек қолын созып, кеңесін аямай, көпжылдық тәжірибесін бөлісетін. Ғұмырының соңына дейін ел өміріне араласып, Қарақұмның гүлденіп, көркеюіне үлес қосты. Оның даңқы Одақ көлеміне  белгілі болып, біздің мақтанышымызға айналды. Осыны ескерген басшылар аудан орталығы Арал қаласының басты көшелерінің біріне оның есімін берді.

Ауылда №59 онжылдық орта мектеп бар. Осы мектептен қазіргі ғалымдар, жазушылар, мемлекет қайраткерлері оқып білім алған. Бірақ әлі күнге дейін атауы жоқ. Мектепке Еңбек Ері, 2 мәрте «Ленин» орденінің иегері және Мәскеуде өткен Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысушы Мұқыш Нұржаубаевтың атын беретін уақыт жеткен сияқты.

Қазір атамыздан тараған ұрпақтар осы елде тұрып жатыр. Өзінің бел баласы Жұмабек Нұржаубаев зейнеткерлікке шыққанға дейін зоотехник, ферма меңгерушісі болып қызмет жасады. Қызы Фатима Нұржаубаева осы мектепте мұғалім болып, зейнетке шықты. Немере келіні Рысқал Таңатарова да ұстаздық етті. Қазір Рысқал анамыздың атынан бастауыш  сыныптардың үздік оқушыларына арналған арнайы жүлде жыл сайын беріліп тұрады.

Ұрпақтары  атынан айтылған ұсынысты халық қолдайды деп үміттенемін.

Темірбек МҰҚАНЖАНҰЛЫ,

немересі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<