Расында, бүгінгі бала бұрынғыдай емес, бірінші сыныпқа әріптерді танып, сандарды қосып-алуды меңгеріп, дайын күйінде барады. Себебі, балабақша мен оқу орталықтарында қаламсапты ұстауды, жазу-сызуды үйретіп, алғашқы даярлықтан өткізеді. Сөйтіп, алдын ала дайындықтан өтіп, одан қалды мектепте 11 жыл бойы білім алады. Десе де, осынау жылдар ішінде жинаған білімін таразыға тартатын шешуші сәтке келгенде оқушы неге абыржиды? Ата-ана неліктен ақылы оқу орталықтарын жағалайды? 9-сыныптан кейін үлгерімі нашарларды кәсіптік білім беретін колледждерге баруға мұғалімдер не себепті үгіттейді? Сонда оқытушы өзі берген біліміне сенімсіз бе? Сұрақ көп…
Облыста 22 мыңнан астам ұстаз болса, соның 94,2 проценті – жоғары білімді педагог. Кейінгі жылдары мұғалім өз біліктілігін арттыруға көбірек күш жұмсайтын секілді. Мамандығына қарай білімін жетілдіруге арналған апталық, айлық курстардан өткен, санаты жоғарылағандарға қосымша ақы төленетіні белгілі. Екі жылдың шамасында педагог мәртебесі заңмен шегеленіп, қоғамдағы орны белгіленді. Оларға жүктелетін міндет пен жауапкершілік те еселенуде.
Бұл ретте қаладағы Ә.Мүсілімов атындағы №101 қазақ орта мектебінің директоры Айгүл Өткелбаеваның пікірін білген едік.
– Білім саласында жұмыс жасағаныма 22 жыл болыпты. Мектепті ұстап тұратын үш кит болса, олар олимпиада, ғылыми жоба, Ұлттық бірыңғай тестілеу дер едім. Жыл сайын 9-сыныпты аяқтап, 10-ға өткен балаға қандай бағытта мамандық таңдауына байланысты жұмыстар жүргізе бастаймыз. Біздің мектептен мемлекеттік грант иегерлері көп шығуда. Биыл 103 оқушы бітірсе, соның 61-і грант иеленді. Мектеп жаратылыстану-математикалық бағытта болғандықтан, балалар химия-биологияны таңдайды. Биылғы 11 сыныптардан ұдайы сынама тесттері алынуда. Оның нәтижесін оқушылар ұстаздарымен бірге талдайды. Жыл сайын қоғамдық бақылау өткіземіз. Бұнда оқушылар 2000-3000 сұраққа жауап беріп, өзінің қай пәннен үлгерімі қандай деңгейде екенін біледі. Қазір оқулықтар мен әдебиеттер бойынша дайындалуда. Қараша айында қоғамдық бақылау тапсырады. Кей ата-аналардың пікірінше, қосымша оқу орталығында ақы төлеп оқытса нәтиже керемет болады деген түсінік бар. Оқушы қосымша оқу орталығына барып, жыл аяғында жақсы нәтиже шығарса, сол орталық «біздің жұмысымыз» деп мақтанады. Егер оқушы төмен балл жинаса, онда «мектептің мұғалімі дайындамады» деген ой қалыптасады. Қазір 10-11 сыныптарды жыл сайын ҰБТ-ға дайындап жүрген білікті, тәжірибелі мамандар жетерлік. Қосымша ақы төлеп, ата-анасының қалтасына салмақ салғанша, түстен кейін бір мезгіл мектепке келіп, апайларымен дайындалып та жақсы нәтиже көрсетуге болады, – дейді А.Алтынбекқызы.
Қаламызда жыл сайын ақылы оқу орталықтары көбейіп келеді. Осыдан біршама жыл бұрын тек бастауыш сыныптарды оқытатын орталықтар жұмыс істесе, қазір барлығы дерлік ҰБТ-ға дайындайды. Есесіне, жарнамасы жер жарады. Жасыратыны жоқ, өз шәкіртін осындай орталықтарға жолдайтын педагогтарды көріп те жүрміз. Мұндайда, мұғалім 45 минутта 30 оқушымен бірдей жұмыс жасаудың қиындығын айтып ақталады. Алайда, сол оқу орталығында ақылы түрде сабақ беретін де орта мектептің мұғалімі екені белгілі. Бала үшін бар жиған-тергенін беретін ата-ана айналып келгенде қалтасынан қағылады. Оқушы өзіне, ұстазының біліктілігіне сенімін жоғалтады. Шындап келгенде, ҰБТ-дан жоғары ұпай жинаған оқушы сол мектеп пен ұстаздардың абыройын асырмай ма?
Ақылы оқу орындарының бәрі бірдей балалардың 100 процент жоғары балл жинауына кепілдік бермейді. Олардың да таңдаулысы, оқыту методикасы, өзіндік дайындау тәсілдері бар. Соған қарай оқу бағасы да қомақты. Кемі 25 мың теңгеден басталатын мұндай орталықтар айына 50 мың теңгеге дейін әр ата-анадан ақы алады. Бұл қаржыны екінің бірі төлей алмайтыны анық. Баласының жоғары оқу орнына грантпен түскеніне мүдделі болғандықтан, амалдап ақшасын тауып беруге тәуекел еткендер жетерлік.
– Биыл балам 11 сыныпта оқып жатыр. Мектепте мұғалімдері «қосымша оқу орталықтарына қатыстырыңыздар. Өздеріңіз үшін керек. Ертеңгі күні грантпен оқуға түссе, сіздерге де, бізге де абырой» деп отыр. Қаладағы «ҰБТ-ға дайындаймыз» деген орталықтардың біразын жағалап көрдім. Барлығының оқыту әдісі бірдей секілді. Бір оқу орталығы өзінің оқулығын сатып алуымызды сұрады. Оқуынан бөлек, ондай қосымша кітапты алуға қаржым болмады. Одан кейін басқа да орталықтардың жұмысымен таныстым. Көңілден шықпады. Оған барып-келу үшін тағы жолақысын төлеуім керек. Әлеуметтік желі арқылы онлайн дайындайтын орталықтар бар екен. Бағасы да қолжетімді, әрі бала қалаған уақытында сабақтарын қайталап көре алады. Келер оқу жылында тестті компьютермен тапсырады екен. Ол үшін алдын ала тест орталықтарына барып, дайындықтан өтеміз, – дейді Гүлмира Бердешова.
Қарап отырсаңыз, ата-ана үшін перзентінің ҰБТ-дан мүдірмей өтіп, жоғары оқу орнына грантпен түсуі өмірдегі басты мақсат секілді. Оның арғы жағында не тұр? Таңдаған мамандығын игере ала ма? Қабілет-қарымы қандай? Сұранысқа ие ме? Ол екінші мәселе тәрізді.
Түптеп келгенде, әр баланың бойында ерекше қабілет бар. Психолог мамандар оны үш жасында-ақ анықтауға болатынын айтады. Мәселен, кей бала өнерге жақын болса, енді бірі есепке жүйрік. Қазір тіпті ер балалардың аспаздыққа бейімі байқалуда. Көп ата-ананың жіберетін қателігі осында. «Егер баласының қабілет-қарымы бір кәсіпті үйренуге жақын болса, оны жоғары оқу орнына түсуге итермелеп, ҰБТ тапсыруға міндеттемеу керек», –дейді «IQ» оқу орталығының директоры Назым Сәрсенқызы.
Ашылғанына 5 жыл уақыт болған бұл орталықта 100-ден астам оқушы қосымша білім алуда. Қаланың шет аймақтарындағы мектептерден де арнайы келетіндер бар. Әсіресе, бітіруші сыныптың оқушылары көп. Жыл басынан бері 60 оқушы ҰБТ-ға дайындалуды бастап кетіпті.
– Өзім 2013 жылдан бері осы салада жұмыс жасап келемін. Тәжірибем мол. Араға үш жыл салып оқу орталығын ашуға тәуекел еттім. 2017 жылдан бастап сұранысқа сай ҰБТ-ға дайындай бастадық. Өйткені, көп ата-ана мектептегі мұғалімдердің білім беру ісіне көңілі толмай балаларын тестке дайындап беруін өтінген еді. Жетістіктер көп. Бізде оқыған оқушылар 100 процент грантқа түсті. Алды еліміздің белді оқу орындарының төртінші курсын тәмамдап жатыр. Бітіруші оқушылар жарнамасыз-ақ алдыңғы жылы оқуға түскендердің берген кеңесі негізінде келеді. Біздің оқу орталығының артықшылығы – тек мектеп бағдарламасын қайталап оқытамыз. Өткен сыныптардағы тақырыптарды бала ұмытып қалады. Келген баланың миына салмақ салмаймыз. Тест алып та жүйкесіне тимейміз. Мектепте қандай бағдарламамен оқиды, соны оқытамыз. ҰБТ-да да берілетін сұрақтар өтпеген бағдарламадан келмейді. Осыны көп ата-ана түсінсе деймін. Тағы бір айтарым, баласымен тығыз байланысты жасайтын ата-ана. Сондықтан бізге қарағанда олар баласының деңгейін жақсы білуі керек. Қай салада грант барын көп ата-ана сұрайды. Баланың таңдауы мен қабілетін ескермейді. Біз алдымен қай оқу орнында қай мамандыққа грант бөлінгенін түсіндіріп айтамыз. Мұндай бағыт-бағдарды кей орталықтар 5 мың теңгеге ақылы түрде орындап береді. Ал бізде кеңес беру тегін жүргізіледі. Биыл медицина саласына 500 грант аз бөлінсе, керісінше ақпараттық технологияға 1500 грант берілді. Бұрын Қорқыт ата университетінде мұнай-газ саласына грант аз бөлінетін еді, өткен жылы көбірек беріліпті. Соның нәтижесінде оқушыларымыз тегін білім алуда. Жоғары оқу орындарына 56-55 балмен де ілігіп кеткендер бар. Биылғы жылдың ерекшелігі жаңа бағдарламамен, жаңа кітаптармен дайындалуды қолға алдық. Қазіргі сегізінші сыныптар сол жаңартылған бағдарламамен білім алуда. Тестке өзгерістер енгізіліп жатыр. Болашақта мектепте өткен тақырыптар негізінде тест кітапшаларын шығаруды мақсат етіп отырмыз. Бұл балаға жеңіл әрі тиімді. Қалай дайындалуға болатынын да біледі, – дейді орталық директоры.
Иә, мектепте алған білімі оқушыға өмірлік азық болуы тиіс. Мұғалімнің мәртебесі артып, оларға мемлекет тарапынан едәуір қамқорлық жасалуда. Биылдың өзінде облыстағы 10 үздік педагогке 875 мың теңгеден сыйақы берілді. Жыл сайын жалақысы артқан ұстаздардың ұрпақ алдындағы жауапкершілігі аласармаса дейміз. Себебі, болашақтың баспалдағы балабақшадан бастап, одан әрі мектеп қабырғасында қаланады. Бала бойына ілім мен ғылымды сіңіретін ұстаздың парасаттылығы мен біліктілік деңгейі әрдайым жоғары болуға тиіс.
Түйінін айтқанда, ҰБТ-дағы оқушының білім көрсеткішіне және оны дайындауға қатысты екіұдай пікір бар. Шын мәнінде, мұндағы абырой 11 жыл білім мен тәрбие берген мектептікі ме, әлде шешуші сәттегі ақылы оқу орталықтарыныкі ме? Қалай ойлайсыз?
Айсәуле Қарапаева,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<