«Ерекше» балалар білім алудан шектелмесе…

1371

0

Тумысынан тағдырдың теперішіне ұшыраған балалар екі есе қолдауды қажет етеді. Оларға «ерекше» жандар деп көңіл бөлгенімізбен, бәрі бір қажетті деңгейде емес секілді. Айталық, мемлекеттік оқу гранты көпбалалы отбасынан шыққандар үшін 5 пайыз болса, мүмкіндігі шектеулі балаларға ол әлі 1 пайыз күйінде қалып отыр. Заңгер-журналист, 1-топ мүгедегі Зәуре Өксікбаеваның айтуынша, 11-сыныпты бітірген мүмкіндігі шектеулі түлектің аттестатында «химия, орыс тілі оқылмады, алгебра, геометриядан, денешынықтыру сабағынан босатылған» деген жазу болса, ол мемлекеттік грант конкурсына қатыстырылмайды.

«Ерекше» балалар білім алудан шектелмесе...

– Бұл мәселені көтеріп келгеніме біраз уақыт болды. Өткен жылы мен Арайлым деген қыздың И.Әбдікәрімов атындағы аграрлық-техникалық жоғары колледжіне түсуіне ықпал еттім. Жан-жаққа шығып, министрлікке дейін хабарласып, оқуға талпынып отырған сіңліме көмектескен едім. Арайлымның 11-сыныпты бітірген аттестатында кейбір пәндерден босатылған деген жазу болғандықтан, оның құжаттарын грантқа қабылдамады. Біз Серікхан Жүзеев екеуміз бірлесіп, әлеуметтік желіге посттар салып, тікелей эфирге шығып айттық. Нәтижесінде бұл қыз осы колледжде қазір екінші курста оқып жатыр. Тағы бір айтарым, үйден білім алатын баланың ата-анасына мектеп «химия, геометрия, алгебра, тағы басқа ауыр сабақтардан босатылған» деген жазуды жаздырмауы керек. Мейлі ол үшпен оқи ма,  тіпті түсінбесе де аттестатқа «босатылған» деген жазуды жаздыртпауы тиіс. Мектеп әкімшілігі немесе сынып жетекшісі оны баланың ата-анасына ескерткені жөн. Әйтпесе алдағы уақытта кедергілерге кездеседі. Мәселен, мен №217 мектепте үй жағдайында білім алдым. Менің сынып жетекшім кейбір ауыр пәндерден босатылған деп жаздырмауымды талап етті. Өйткені, алдағы уақытта мемлекеттік гранттан қағылатынымды айтып, ескертті. Соның арқасында мен облыс әкімінің грантын жеңіп алдым. Қазір заңгер-кеңесші және журналист деген екі мамандықты игердім. Алайда жұмысқа орналасайын десем, маған ең төменгі жалақыны ұсынады. Ол жүріп-тұруыма жетпейді. Сондықтан қазір үйдемін. Бірақ, қоғамдық мәселелерден шет қалмаймын, өз үнімді жеткізіп, пікір білдіріп жүремін,– дейді ол.

«Ерекше» балалар білім алудан шектелмесе...

Жыл сайын ерекше балалардың саны артып баратынына мамандар алаңдаулы. Былтырғы мәлімет бойынша, елімізде олардың саны 161 мыңнан асады. Өкінішке қарай, бұл санаттағы балалардың саны жыл сайын  өсуде.  Облыста ерекше жаратылған 5546 бала бар. Тақырыпты зерттеу барысында №5 мектеп-интернатына арнайы ат басын тіредік. Қала орталығында бұрынғы қазақ-түрік лицейінің жатақхана ғимаратына орналасқан оқу орнының ауласы мұнтаздай тап-таза. Жөндеу жұмыстары жүргізілгені көрініп тұр. Мектеп-интернат директоры Жамбыл Ахметов ғимарат ішін аралатып, сынып ішіндегі балалардың жағдайымен таныстырды. Мұнда биылғы оқу жылында 74 бала тіркелген. Жыл аяғына дейін тағы келетіндер бар. Өйткені баланың денсаулық жағдайына байланысты ПМПК кабинетінің қорытындысымен жолдама беріледі. Мәселен, былтыр оқу жылының  басында 66 болса, соңында 69-ға жеткен. Оқу орнының басшысы жыл сайын көз көру қабілеті бұзылған балалардың көбейіп келетінін айтады. Оған басты себеп, әрине – смартфон. Сонымен бірге тек бір ғана көз ауруы емес, оған қоса түрлі созылмалы аурулары бар, қосарланған диагноздағы балалар да көп. Ерекше балалармен жұмыс істеу үшін асқан шыдамдылық пен балаға деген ыстық махаббат керек.

Білім мекемесіне тағайындалғанына бір жылдай уақыт болған Жамбыл Ахметов бірнеше істі қолға алғанын айтты. Барлық кабинеттер соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылған. Сыныпта әр оқушыға инклюзивті сабақ беріледі. Мектеп-интернат жанынан балалардың бос уақытын тиімді пайдалану әрі еңбекке баулу үшін жылыжай жұмысын бастап, жемісін беріпті. «Балалар жылы» аясында «Мажкен» спорттық-шығармашылық орталығы да ашылған. Әр бала жұлдыз демекші, бітіруші түлек Нұртілеу Пірназаров «ЖасStar music festival Art Kazakhstan» XII  ашық республикалық шоу фестивалына қатысып, «Актерлік шеберлік» номинациясы бойынша бас жүлдені иеленіп, Нұр-Сұлтан қаласындағы өтілетін телевизиялық байқауға жолдама алыпты. Сонымен бірге мұндағы балалардың біразы жергілікті оқу орнында кәсіптік білім алуда екен. Мәселен, Исмоил Абдуғани «Орда» жоғары колледжіне «Әлеуметтік жұмыс», Ботагөз Абдраманова  осы жоғары колледждің «Кітапхана ісі» мамандығында оқуда. Айя Асқар Шымкент қаласында «Аудармашы»,  Назарбек Жәлел Қызылорда қаласы медициналық колледжінде «Фельдшер», Лаура Мақсұт С.Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжіне «Сандық техника» мамандығына түсті. Ал, Ерасыл Сұлтанұлы Қызылорда қаласы медициналық колледжінде «Фельдшер» және Женаев Рысдәулет Қызылорда қаласы «Орда» жоғары колледжіне «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығына грантқа түскен. Сондай-ақ, Жалғас Бағдәулет Ы.Алтынсарин №10 мектеп-лицейінде 10-сыныпты жалғастыруда. Оқу орны үшін қуанышты жаңалық – Нұртілеу Пірназаровтың М.Мәметова атындағы Қызылорда жоғары педагогикалық колледжінің «Қазақ тілі мен әдебиет» мамандығына Е.Тәтішев қорының грантына ие болуы.  Ал Олжас Сақтапбергенов Қызылорда қаласы медициналық колледжіне «Фельдшер» мамандығын игеруде. Диас Бубешов Қызылорда қаласы №261 мектепте 10-сыныпты жалғастыруда. Біз мектеп-интернат директорынан мұндағы балалардың неліктен  11-сыныпты  әрі қарай оқымайтынын сұраған едік. Оның айтуынша, мұндай интернаттар 9 жылдыққа арналған. Оқу бағдарламасы да 10-сыныпқа дейін қарастырылмаған. Бірақ алдағы уақытта 10-11-сыныпта оқытылуы жайлы мәселе қаралып жатқанынан хабардар болдық. 

№5 мектеп-интернатының тыныс-тіршілігін көрген соң, №7 арнайы түзету мектеп-интернатына бардық. Бұл жерде ауыр диагноздағы балалар болғандықтан, мекеме ішін аралауға жүрек дауаламады. Директоры Перизат Алмашқызымен сөйлесіп, пікірлестік. Ол мұндай ерекше балалардың көбейіп келетінін жасырмады. Айталық, 2020 жылы 119, 2021 жылы 125 бала, 2022 оқу жылында 130 оқушы қабылданған. Мүмкіндіктерінің шектеулі екеніне қарамастан жетістіктерге жетіп, биіктерді бағындырып жүрген оқушылар жетерлік. Халықаралық «Алаш оқулары» орталығының ұйымдастыруымен өнерпаз оқушылар арасында қашықтан өткізілген «Көркем сөз» байқауынан Дамир Қошанов және Жангелді Жұматай бас жүлдені жеңіп алса, l-орынды Күнсұлу Бақытбекқызы иеленген. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың арасында өткізілген «Шексіз шығармашылық» Республикалық байқаудың «Алтын қолдар» номинациясының І дәрежелі, Нұрлан Жарқынбек, Рамазан  Сабанқұлов  ІІ  дәрежелі дипломмен марапатталыпты. Тізе берсек, бірінен-бірі өнерлі балалар көп екен. Біз бастыларына тоқталдық. Мүмкіндігім шектеулі деп әрекетсіз отырған жоқ, оқушылардың барлығы белсенді.

Жалпы ерекше балалардың ата-анасы олардың басқа қалаға барып білім алуын қаламайды. Себебі айтпаса да түсінікті. Дені сау баланың өзін сыртқа жіберуге қорқасоқтайтындарға қарағанда, мұндай балалардың ата-аналары екі есе алаңдайтыны белгілі. Мәселен,  №7 арнайы түзету мектеп-интернатын бітірген 17 түлектің барлығы жергілікті кәсіптік-техникалық колледждерге түсіп, білім алуда. Айталық, С.Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжінде 35 мүмкіндігі шектеулі студент бар. Олардың ішінде қимыл-қозғалыс аппараты бұзылған, көру, есту қабілеттері нашар, ақыл-ой дамуы тежелгендер бар. Колледж директоры Әлия Досмаханованың айтуынша, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қашықтан оқуға мүмкіндік қарастырылған. Бұл бірақ ата-анасының өтініші негізінде жүзеге асады. Білім алушылар ішінде оқу бағдарламасын алып кетуге қиналатындар да кездеседі. Сондықтан бөлек бағдарламамен оқытылады.

– Жан басына шаққанда қаржыландыру ерекше білім беру қажеттілігі бар бала үшін екі есе берілуі тиіс. Өйткені, мұндай оқушылар үшін материалдық базаның сәйкес болуы маңызды. Бұл бүгінгі күннің өзекті мәселесі күйінде қалуда. Жалпы баланы қашықтан оқыту оның құқын шектегенмен тең. Кейбір ата-ана қашықтан оқытқысы келмей, баласына тьютор маман сұрайды. Ал ондай маманды ұстап тұруға қаржы қолбайлау болуда. Биыл қаржыландыруға байланысты мәселелер шешіледі деген үміт бар, – дейді колледж директоры.

Осы ретте мынадай деректерге тоқтала кетуді жөн көрдік. Жуырда өткен облыстық тамыз кеңесінде білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет баяндамасында облыста инклюзивті білім беруді дамыту мақсатындағы 2020-2022 жылдарға арналған арнайы Жол картасы сәтті іске асырылуда екенін, оған 4 млрд теңге қаржы қаралғанын айтқан болатын. Биыл қосымша мектептерден 28 инклюзивтік кабинет, 2 ресурстық орталық, 47 балабақшада логопункт ашылатынын да мәлімдеді. Осылай аймақта 77 білім беру ұйымында инклюзивтік білім алуға қолайлы жағдай жасалмақ. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 405 млн теңге қаржы бөлінгенін тілге тиек етті. Ерекше балалар үшін қажетті шаралар қолға алынып, қаржыландыру мәселесі оң шешімін табады деген ойдамыз. Себебі соңғы 5 жылда 15-тен астам нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер енгізіліпті. Оның ішінде мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына жеке оқыту нормалары ескерілген. Арнайы мектептер мен колледждерге оқу бағдарламалары әзірленген. Балаларға уақытты созу, тапсырмаларды жеңілдету де қарастырылған. Сонымен қатар жан басына шаққандағы қаржыландыруда ерекше білім беруді қажет ететін балаларға білім беру процесі шығысының нормасы екі еселенген.

Елімізде мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытатын жалғыз арнаулы кәсіптік колледж барын да білдік. Білім ордасы Түркістан облысындағы Кентау қаласында орналасқан. Республиканың түкпір-түкпірінен келіп білім алатын ерекше күтімді қажет ететін жандар үшін бұл үлкен мүмкіндік. Мұнда оқу үшін бір ғана талап қойылады. Бала өз-өзіне қызмет көрсетіп, қоғамдық орында ұстамды болуы керек. Колледждің құжаттарды қабылдау бөлімінің маманы Айгүл Нұргелдиевамен телефон арқылы хабарласып, бір-екі ауыз тілдескен едік. Білгеніміздей, кәсіптік колледжде еліміздің түрлі облыстарынан 3 мамандықта 80 бала білім алуда. Мәселен, оқу орнын бітірген түлекке «Компьютерлік аппараттық қамтамасыз ету операторы», «Бухгалтер-кассир», «Арнайы тігінші» квалификациясы беріліп, мемлекеттік үлгідегі диплом табысталады.

– Бізге 9-11 сыныптан кейін 2, 3-топтағы мүгедектігі бар  балалар  оқуға қабылданады. Сонымен бірге, бөгде адамның көмегінсіз жүріп-тұра алатын 1-топтағы балалар да оқи алады. Олар 5 мезгіл құнарлы тамақпен, медициналық қызмет көрсетумен, екі маусымды киім-кешекпен және оқу құралдарымен, жатақханамен қамтамасыз етіледі. Мүгедектік зейнетақылары толығымен сақталып отырады, оған қоса шәкіртақы беріледі. Үздік студенттерге жоғары шәкіртақы тағайындалады. Бұл үшін емтихан немесе тест тапсырудың қажеті жоқ. Тек арнайы құжаттар тізімін жасақтап, әңгімелесуден өтсе болғаны. Оқу мерзімі 2 жыл 10 айды құрайды. Бір ескеретін жайт, өздігінен жүріп-тұра алмайтын 1 топтағы, онкологиялық, эпилепсия, туберкулез, психикалық жүйке ауруларымен сырқат балалар оқуға қабылданбайды. Оқу сапасын көтеру үшін жыл сайын жаңа оқулықтар, техникалық әдебиеттер және оқу құралдары алынады. Кітапханамызда 10 мыңға жуық кітап қоры бар. Сабаққа дайындалуға арналған оқу залы да қарастырылған, – дейді ол.

Түркістан облысы, Кентау қаласындағы арнаулы кәсіптік колледж секілді әр өңірден бір-бір оқу орны ашылса, ата-аналар мен ерекше балаларға көп көмек болар еді. Тағдырдың теперішіне ұшыраған осал топтағы балғындар үшін кәсіптік білім беретін оқу орындары мен жоғары оқу орындарына гранттар көбірек бөлінсе деген үміт бар. Құлағы естімейтін, ыммен сөйлейтіндер үшін де арнаулы оқу орындары қарастырылмаған. Бар болған күннің өзінде ол – Елордадағы «Тұран» университетінде ғана.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдыңғы Жолдауларында Үкімет ДЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдау керектігін айтқан болатын. «Балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет. Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз» делінген.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы инклюзивтілікке қатысты тұрақты дамуды, инклюзивтілікті және білімдегі теңдікті қамтамасыз ету үшін 15 базалық аймақтық университеттерді түбегейлі жаңартуға байланысты тапсырма да берген еді. Енді сол тапсырма сөз жүзінде қалмай, іске асырылса…

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

 «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<