Мобильді ақша аударымына салық салына ма?

804

0

Парламент қабырғасында талқыланып жатқан жаңа Салық кодексінде мобильді аударымдарды тексеру, сәйкесінше егер мобильді аударымдардың кәсіпкерлік қызмет үшін аударылған белгілері болса, онда оған салық салу көзделген. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген әр тұлға тексеріліп, олардың есепшоттарындағы барлық аударымдар жайлы мәлімет салық органдарына ай сайын беріліп отырады.

Жалпы, кәсіпкерлерге мобильді банк қосымшалары арқылы жіберілетін ақша аударымдарына салық салынуы мүмкін екені жыл басында белгілі болған. Ақпан айында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов қаржы министрлігінің алқа отырысында кәсіпкерлерге банктік мобильді қосымшалар арқылы тұтынушылардан түсетін ақша аударымдарын фискализациялау мәселесін шешуге ерекше назар аудару керегін айтқан.

Содан бері мәселе қызу талқыланды. Бұл бөлшек саудада электронды төлемдерден бас тартып қолма-қол ақшаның банкноттарына оралуға мәжбүр ете ме деген күдік басым. Сондай-ақ, мұндай тәсіл қарапайым адамдар үшін әділетсіз деген пікірлер айтылды. Себебі салық пайдаға салынуы керек. Ал картадағы ақша азаматтардың салығы ұсталған жалақысы немесе банктерге қайтарылуы керек несиелер болуы мүмкін. Сонымен қатар, жаңа Салық кодексі кәсіпкерлердің тауарлар мен қызметтерінің бағасын қымбаттатуына алып келуі мүмкін.

Бұл ретте қазір көпшілікті алаңдатып отырған өзгеріс – жеке тұлғалардың онлайн аударымдары жайында банктердің салық орындарына тікелей ақпарат беріп отыратыны. Сондай-ақ, осы ақпараттар негізінде салық органдарының тексеру құзыреттілігінің артуы. Бұл мәселе әлі Парламент қабырғасында талқылануда. Дегенмен, егер осы өзгеріс қолданысқа енетін болса, бұл процесс қалай жүреді? Жеке тұлғалардың барлығы тексеріле ме? Жалпы бұл тексерулер қандай көрсеткіштерге сүйеніп жүргізіледі?

Көпшілікті толғандырған осы сауалдарға ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Әдіснама департаментінің директоры Әлия Жетібаева жауап берді.

– Парламентте қаралып жатқан заң жобасын бірнеше Сенат және Мәжіліс депутаттары әзірлеген. Соның ішінде мобильді аударымдар туралы ақпарат та көзделген. Өзіміз көргендей, пандемия жағдайында «p2p» аударымдарының қолданыс аясы кеңейді. Сол кезде байқағанымыздай, бизнес өкілі ретінде тіркелген такси, дүкен, шаштараз болсын, басқа да қызмет көрсетушілерге мобильді банкинг арқылы аударымдар жасадық. Осы аударымдардың барлығы салық заңнамасына қайшы келеді. Біріншіден, одан сізге түбіртек берілмейді. Бұл өз кезегінде тұтынушылар құқығының бұзылуына алып келеді. Екіншіден, бұл аударымдар декларацияда көрсетілмейді. Осылайша, бизнеске қатысы жоқ мақсаттағы аударымдарды бизнес қолдануда. Сәйкесінше салық төленбейді. Үшіншіден, бұның салдарынан көлеңкелі экономика көлемі өседі. Жаңа заң жобасында біз мобильді төлемдерді фискализациялауды ұсынып отырмыз, яғни, аударым сол күйінше қалады. Бірақ ол аударымға чек беру керек болады. Бұл жеке тұлғалар арасындағы аударымға қатысты емес. Біздің айтып отырғанымыз, жеке тұлға бизнес иесіне аударса, чек берілуі керек. Бұл фискализация жаңа салық емес, сіз өз салық режиміңізде қаласыз. Дегенмен, өткізілген аударымға чек беріп, декларацияда көрсетуіңіз керек болады, – дейді Әлия Жетібаева.

Бұл ретте заң жобасында барлық жеке тұлғаларды тексеру көзделмегенін айта кеткен жөн. ҚР ҰЭМ Салық және кеден саясаты департаментінің бас сарапшысы Жазира Мыңбаева барлық банктер мемлекеттік кірістер органдарына жеке кәсіпкерлердің аударымдары, төлемдеріне қатысты ақпарат беріп отыратынын айтады.

– Екінші деңгейлі банктерде шот ашқанда оны кәсіпкер немесе жеке тұлға ашып отырғаны туралы мәлімет бар. Ал, кірістер комитеті сол мәліметтерді алып, бұл шот жеке тұлғаға әлде кәсіпке арналған шот екенін анықтайды, – дейді ол.

Тағы бір айта кетерлігі, кәсіпкер ретінде тіркелмеген жеке тұлғалар шотына көптеген аударымдар болса, оларды тексеріп, жауапкершілікке тарту Салық кодексінде көзделмеген. Банктер жеке кәсіпкерлерде қандай төлемдер өткенін көрсетеді. Соның ішінде, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген азаматтың мобильді аударымдары туралы ақпарат кірістер органдарына келсе, оған хабарландыру жіберіледі. Содан кейін хабарландыру алған азамат 30 жұмыс күні ішінде түсініктеме беруге тиіс. Егер аударымдар кәсіпкерлік мақсатта жасалса, декларациясын өзгертіп, тиісті салығын төлейді. Болмаса, ол аударымдардың кәсібіне қатысы жоқ екенін дәлелдеуі керек.

Бір қызығы, әзірге аударымдарды тексеру механизмі қандай екені нақты айтылмай отыр. Мемлекеттік кірістер органдары тексеруді электронды түрде жүргізіп, азаматтарға хабарландыруды салық төлеушінің жеке кабинетіне жолдап, азаматтардың салық төлеуін немесе аударымдарға қатысты түсініктеме беруін де онлайн жүзеге асыруы мүмкін.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<